Референдум күні үгіт пен сауалнама жүргізуге тыйым салынады Бас прокуратура

13.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 15 наурызда «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал бойынша республикалық референдум өтеді.

Қазіргі уақытта азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан референдумға байланысты үгіт жұмыстары жүргізіліп жатыр (Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 7-бабының 1-тармағы).

Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағына және Референдумды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сай үгіт жүргізу 2026 жылғы 14 наурыз сағат 00:00–де аяқталады.

Бұл ретте референдум қарсаңындағы күні мен референдум өткізілетін күні, яғни 2026 жылғы 14 және 15 наурызда үгіт жүргізуге тыйым салынады.

Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн, референдум нәтижелеріне болжамдарды, референдумға байланысты өзге де зерттеулерді жариялауға жол берілмейді.

— Референдум күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады (Конституциялық заңның 7-1-бабы және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 9-тармағы).

Аталған құқықтық талаптарды бұзған кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Нақты айтқанда, 2026 жылғы 14 және 15 наурызда үгiтті жүргізгені үшін, яғни оған тыйым салынған кезеңде, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабы бойынша жауаптылық туындайды.

Қоғамдық пікірге сауал салудың нәтижелерін жариялағаны немесе референдум күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте оны жүргізгені үшін ӘҚБтК-нің 120-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілік көзделген, — делінген хабарламада.

Мазмұндалғанды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы заңдылықты қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында референдумға қатысатын барлық азаматтарды аталған заңнама талаптарын қатаң сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырады.

Айта кетелік ІІМ 15 наурызда өтетін референдум қарсаңында азаматтарға үндеу жасаған еді.

Сонымен қатар бүгін үгіт аяқталады. Сондай-ақ 15 наурызда «Референдум – 2026» онлайн марафоны өтеді.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью