Референдум өткізу жоспары бекітілді

13.02.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

15 наурызда ел азаматтары жаңа Конституция жобасына дауыс береді. Осыған байланысты Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті. Оған сәйкес, кешеден бастап 14 наурыз сағат 00.00-ге дейін үгіт жүргізуге рұқсат етілді.

Жиында референдумды ұйымдастырудың негізгі кезеңдері, дауыс беру учаскелерінің дайындығы және азаматтардың қатысуына қолайлы жағдай жасау мәселелері қаралды. Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, «Республикалық референдум туралы» заңның 20 және 21-баптарына сәйкес, референдум тағайындалған сәттен бастап тиісті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функциясын жүзеге асырады. Яғни барлық деңгейдегі комиссиялар референдумды ұйымдастыру, дайындау және өткізу жұмыстарын қамтамасыз етеді.

– Республикалық рефе­рен­дум – халықтың ел дамуы­на қатысты страте­гия­­лық шешімдерді қабыл­дау үдерісіне тікелей қаты­суын қамтамасыз етеді. Оны ұйым­дастыру мен өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен регламенттелген. Аталған заңда азаматтардың референдумға жалпыға бірдей, тең және тікелей қатысу қағидаттары, дауыс берудің жасырын нысаны, сондай-ақ еркін ерік білдіру кепілдіктері нақты бекітілген. Ата заң әрбір азамат үшін айрықша маңызға ие, өйткені осы құжат бүкіл заң­намалық жүйенің, мемле­кеттік институттардың және қоғамдық қатынастардың құқықтық негізін айқындайды. Сондай-ақ мемлекеттің және қоғам­ның орнықты дамуын, құ­қықтық тәртіп пен тұрақ­­тылықты қамтамасыз етеді. Жаңа Конституция жоба­­сы бойынша түпкілік­ті ше­шім қабылдау республи­ка­лық референдум аясын­да аза­мат­тардың ерік біл­діруі­не ұсы­нылып отыр. Рефе­рен­­думда «Жобасы БАҚ-та 2026 жыл­дың 12 ақпа­нын­да жа­рия­ланған Қазақ­стан Респуб­ликасының жаңа Конс­титуциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылады, – деді Н.Әбдіров. 

Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман 21 ақпанда аумақтық және учаскелік комиссиялар құрамы, референдум учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтер жарияланатынын айтты. Ал 27 ақпан мен 4 наурыз аралығында азаматтар дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар етіледі. 12, 13, 14 наурыз күндері учаскелік референдум комиссияларына бюллетеньдер жет­кізіледі. Сонымен қатар 14 нау­­рыз күні тыныштық күні бо­лып белгіленді. Бұл күні үгіт жүр­гізуге тыйым салынады.

«Дауыс берушілердің қолайлылығы үшін аумақтық референдум комиссиялары өзгеше уақыт белгілемесе, дауыс беру 15 наурыз күні сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін өтеді. Орталық референдум комиссия­сының референдум қорытын­дылары туралы ресми хабар­лама­лары да­­уыс беру өткізіл­ген күннен бастап 7 күннен кешіктірілмей, яғни 21 наурызға дейін бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланады. Жалпы, референдумды дайындау нау­қанының ұзақтығы тағайын­далған күннен бастап дауыс беру күніне дейін 32 күнге созылады. Әкімдіктер дауыс беру күні белгіленгеннен кейін бірден дауыс берушілердің тізімдерін жасай бастайды», деді М.Ерман.

Сайлаушылар тізіміне 12 416 759 отандасымыз енгі­зілген, референдум учаскелері­нің саны – 10 413. Бұл туралы Орталық референдум ко­мис­сия­­сы­ның отырысында ко­мис­сия мүшесі Азамат Айманақұлов айтты.

«Оның ішінде азаматтар­дың тұрғылықты жері бойын­ша құрылғандары – 9 779, уақытша болу орындарында құрылғандары – 634. Олардың ішінде 64 шет мемлекетте ор­наласқан учаскелердің саны – 82. Референдум комис­сиялары мүшелерінің саны 71 044 адам. «Қазақстан Рес­публикасын­дағы сайлау туралы» конституция­лық заңның 24-бабының 5-тарма­ғына сәйкес республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтар ті­зімінің дұрыс­тығы үшін жер­гілікті атқарушы орган­дарының лауазымды адам­дары жауап беретінін ерекше атап өткен жөн. Республика­лық рефе­рен­думға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізі­мін қа­лыптастыру жөніндегі жұмыстар «Республикалық референдум туралы» консти­туциялық заңға және «Сайлау тура­лы» конс­титуция­лық заңға, сондай-ақ Орталық сайлау ко­миссиясының 2018 жылғы 23 тамыздағы «Дауыс беру үшін сайлаушылар тізімін қалып­тастыру, оларды сайлау комиссияларына ұсыну қағидаларын бекіту туралы» қаулысымен реттеледі», деді А.Айманақұлов.

Сонымен қатар жиында азаматтардың референдумға белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін ақпараттық-түсін­діру жұмыстарын күшейту мәсе­лесі сөз болды. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтың айтуынша, бұл жұмыстар үгіт-насихат белгілеріне ие болмауға тиіс.

«Нақты айтқанда, референдум мәселесіне қатысты оң немесе теріс көзқарасты қалыптастыру, қандай да бір ұстанымды үлгімен жақтап не қарсы дауыс беруге шақыру, сондай-ақ референдумға шығарылған мәселенің артық­шылықтары мен кемшілік­теріне басымдық бере отырып бағалау көзқарастармен қатар жүрмеуі қажет. Референдумның дайындық және өткізу кезең­дерінде үгіт-насихат жүргізу бағыттарындағы БАҚ, онлайн платформалар пайда­ланушыларының заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз ету керек», деді Қ.Ысқақов.

Жиын қорытындысында жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлік комиссияларға нақты тапсырмалар беріліп, референдумды жоғары деңгейде өткізу міндеті жүктелді. Орталық ре­фе­рендум комиссиясы респуб­­ли­калық референдумға қатысу тәртібі бойынша үндеу жария­лап, азаматтарды 2026 жылғы 15 наурызда өтетін дауыс беруге белсенді қатысуға шақырды.

Отырыстан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг ұйымдастырылды. Тілшілердің «Референдумға қанша қаржы жұмсалады?» деген сұрағына Орталық референдум комиссиясының мүшесі Михаил Бортник жауап қатты.

«Қазіргі уақытта смета Қаржы министрлігінің талқы­лауы мен сараптамасы­нан өтіп жатыр. Жақында алдағы рефе­рендумның нақты шығыс­тарын айқындайтын цифр­ді білеміз деп ойлаймын. Ре­ферендум өткізуге арнал­ған шығыстардың алдын ала есептеуі 20,8 млрд теңге болған еді. Атап өтерлігі, мұн­дай қаражат 2026 жылдың респуб­ликалық бюджетінде қарас­тырылмаған. Сондықтан қаражат Үкімет резервінен бөлінеді. Аталған соманың 75 пайызы учаскелік референдум комис­сия­ларының мүшелері­не жалақы төлеуге жұмсалады», деді ол.

Референдумда халықара­лық және жергілікті байқау­шы­лардың жұмысын ұйымдас­тыруға да ерекше назар аударылды. Біздің тарапымыздан қойылған «Қанша халықаралық байқаушы келуі мүмкін және шамамен қай мемлекеттерден шақырылады?» деген сұраққа Нұрлан Әбдіров 30-дан аса мемлекеттегі журналистерге, одан бөлек Орталық сайлау ко­миссияларының басшыларына, мүшелеріне шақыру жіберілетінін айтты. Қалыптасқан практикаға сәйкес халықаралық ұйымдар­дың тізімін Сыртқы істер министрлігі пысықтайтынын жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар

Көктайғақ, тұман, жел: Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

Ауа райы • Бүгін, 09:47

Қаңтардағы ҰБТ: Тестілеу ережесін бұзған 120 адамның нәтижесі жойылды

Білім • Бүгін, 09:39

Ақша айырбастау орындарында доллар қаншадан саудаланып жатыр?

Қаржы • Бүгін, 09:20

Қысқы Олимпиада: Бүгін Михаил Шайдоров еркін бағдарламада өнер көрсетеді

Қысқы спорт • Бүгін, 09:06

Рухани дипломатияның маңызы арта түсті

Саясат • Бүгін, 09:00

Қызылша науқасына қатысты мәселе талқыланды

Саясат • Бүгін, 08:58

Халық пен салықтың есебін түгендеген жоба

Қоғам • Бүгін, 08:55

Жалпыұлттық коалиция құрылды

Саясат • Бүгін, 08:53

Жетісудың бал қымызы

Өндіріс • Бүгін, 08:50

Сенат халықаралық келісімдерді мақұлдады

Саясат • Бүгін, 08:48

Дрон жасаған инженерлер

Технология • Бүгін, 08:45

Орталық референдум комиссиясының ҮНДЕУІ

Референдум • Бүгін, 08:43

Экологиялық түйткілдің түйіні қашан тарқайды?

Экология • Бүгін, 08:40

Референдум өткізу жоспары бекітілді

Референдум • Бүгін, 08:38

Цифрлық емхананың онлайн кеңесі

Digital • Бүгін, 08:35

Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью