Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
- Референдум кезінде 54 елде орналасқан 71 референдум учаскесі жұмыс атқаратын болады. Әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне орай және азаматтарымыз санының төмен болуына байланысты 10 елдегі 11 учаске ашылмайды. Шетелдегі дауыс беретін қазақстандықтардың жалпы саны 14 380 адамды құрады. Референдум учаскелерінде дауыс беру Астана уақытымен таңғы сағат 03:00-де Токио және Сеул қалаларында басталды. 08:00-ге дейін жалпы 23 референдум учаскесі ашылып, оларға келіп дауыс бергендер саны - 198 адам, - деді министр орынбасары.
Оның дерегінше, ең соңғы ашылып, жабылатын референдум учаскесі АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында орналасқан.
- Бұл учаске Астана уақытымен бүгін сағат 19:00-де ашылады және 16 наурызда сағат 08:00-де жабылатын болады. Дауыс бергендердің саны бойынша ақпарат түске дейін әр 2 сағат сайын, ал түстен кейін әр сағат сайын жаңартылып тұрады, - деді Арман Исетов.
Айта кетейік, Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты Иран, Израиль, Иордания, Қатар, БАӘ (2 учаске), Оман, Ливан, Кувейт, Украина және Эфиопиядағы учаскелер ашылмады.
Орталық референдум комиссияның мәліметінше, елімізде 12 461 796 дауыс беруші тіркелген. Заң бойынша, осы саннан 1% артық бюллетень әзірленеді. Демек, 12 586 414 бюллетень болмақ. Алайда жыртып не бүлдіріп алса, азаматтарға жаңа бюллетень берілмейді.
Егер азамат ешқайда тіркелмеген болса, мұның да шешімі қарастырылған. Ел бойынша 220 учаскеге 1 тәулікке тіркелуге болады. Мұндай жағдайда азамат тізімге енгізіліп, дауыс беру үшін оған бюллетень ұсынылады.