Референдум және мерекелік көңіл күй: Қарағанды облысында дауыс беру күні қалай өтіп жатыр

15.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Бүгін Қарағанды облысында жаңа Конституция жобасын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум аясында дауыс беру өтіп жатыр. Дауыс беру учаскелері таңғы сағат 7:00–де ашылып, алғашқы сағаттардан бастап өңір тұрғындары азаматтық ұстанымдарын білдіру үшін белсенді түрде келіп жатыр.

Нақтыланған мәліметтерге сәйкес, дауыс беруге қатысу құқығына облыстың 757 671 тұрғыны ие. Референдумды ұйымдастыру үшін 651 комиссия құрылған: оның ішінде 14 аумақтық және 637 учаскелік комиссия бар. Олардың құрамында 4415 комиссия мүшесі жұмыс істейді.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Өңір аумағында 637 дауыс беру учаскесі ашылған. Олардың барлығы қажетті жабдықтармен — жасырын дауыс беруге арналған кабиналар, бюллетень жәшіктері және ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілген.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, 562 учаске пандустармен, 589 учаске тактильді көрсеткіштермен жабдықталған. Дауыс беру күні 140 инватакси көлігі, 74 онлайн сурдоаудармашы, сондай-ақ 1700-ге жуық жеке көмекші қызмет көрсетіп жатыр.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Процестің ашықтығын қамтамасыз ету үшін учаскелерде қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың бақылаушылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және халықаралық бақылаушылар жұмыс істеп жатыр. Әрбір учаскеде жаңа Конституция жобасының мәтіндері мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырылған, сондай-ақ оның аудио-нұсқасы да дайындалған.

Дауыс беру күні азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін қосымша сервистер іске қосылған. 346 ірі учаскеде азаматтардың тіркелуін онлайн тексеру мүмкіндігі бар. Қарағанды қаласында уақытша тіркеуден өтуге болатын алты учаске анықталған. Сонымен қатар өңірде тұрғындарға қажетті ақпарат беретін 15 call-орталық жұмыс істейді.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Кейбір учаскелерде дауыс беру уақыты стандартты кестеден өзгеше. Атап айтқанда, әскери бөлімдерде және вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорындарда орналасқан 11 учаскеде дауыс беру таңғы 06:00–де басталды. Сондай-ақ азаматтардың уақытша болатын 33 учаскесінде тізімдегі барлық сайлаушы дауыс беріп үлгерсе, дауыс беру мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін. Осындай тәртіп қолжетімділігі қиын аумақта орналасқан Шет ауданы Ақжартас бөлімшесінде де қолданылады.

Өңірде референдум күні тек саяси оқиға ретінде ғана емес, қоғамдық шара ретінде де өтуде. Бүгін облыстың қала және аудандарындағы 286 сайлау учаскесінің жанында «Наурыз сейл» жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Тұрғындар мен қонақтар жергілікті өндірушілердің өнімдеріне белсенді қызығушылық танытуда. Бастама отандық өндірушілерді қолдауға, ішкі сауданы дамытуға және өңір тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлауға бағытталған. Акция аясында азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға арнайы жеңілдіктер ұсынылып, акциялық өнімдер «Nauryz» мерекелік навигациясымен белгіленген.

Акцияға кәсіпкерлер мен ірі сауда желілері — «Корзина», Magnum, «Аян», «Южный», «Реал», «Норма», «Оптима», сондай-ақ «Абзал», «12 месяцев», Global City, «Умай», «Таир», City Mall, Grand Store, «БУМ», «Каскад», «Проспект», «Строймарт» сауда үйлері мен сауда-ойын-сауық орталықтары қатысып жатыр.

Теміртауда мерекелік атмосфера концерттік бағдарламалармен толықты. Атап айтқанда, № 294 және № 295 учаскелік комиссияларында тұрғындар үшін шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Концерттік бағдарламалар дауыс беруге келгендер үшін жағымды сый болды.

Өңір тұрғындары референдумға отбасыларымен келіп, азаматтық жауапкершіліктерін бірге көрсетіп, маңызды қоғамдық мәселелерді талқылауда.

Мәселен, Қарқаралы қаласының тұрғыны Мардан Әлжан № 466 учаскеге жұбайы Бибінұр Саятқызы және төрт баласымен бірге келді. Отбасы алғашқылардың бірі болып дауыс беріп, естелік сыйлық алды.

— Біз референдумға бүкіл отбасымызбен келдік. Жұбайыммен бірге өз таңдауымызды жасадық. Әр адам дауыс беру арқылы елдің дамуына үлес қосады. Бұл — мемлекеттің әрбір тұрғынының азаматтық борышы, — деді Мардан Әлжан.

Алғашқылардың қатарында дауыс бергендердің бірі — Бұқар жырау ауданының Новоузенка ауылынан келген 90 жастағы ақсақал Мереке Сыздықов болды. Бұрын ол бірнеше жыл бойы жергілікті совхозды басқарған. Құрметті жасына қарамастан, ол азаматтық ұстанымын алғашқылардың бірі болып білдіруді жөн санаған.

Қарағанды қаласындағы № 10 орта мектепте орналасқан № 65 учаскеде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының облыстық филиалының жетекшісі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, облыстық мәслихат депутаты әрі әнші Меруеш Башай дауыс берді.

Оның айтуынша, референдумға қатысу — әрбір азаматтың саналы таңдауы.

— Бұл жай ғана бюллетеньдегі белгі емес, бұл — ел тағдырына бейжай қарамайтын адамның таңдауы. Референдум — халық өз болашағын өзі айқындайтын ерекше сәт. Бүгін қабылданған әрбір шешім балаларымыз бен немерелеріміздің өміріне әсер етеді, — деді ол.

Теміртауда дауыс беруге Қарағанды индустриялық университетінің ректоры Бақыт Жәутіков қатысты. Ол қаланың бір сайлау учаскесінде дауыс беріп, азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдауға қатысуының маңызын атап өтті.

Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов те референдумда дауыс берді. Бұл туралы ол өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазды.

— Бүгін республикалық референдумға қатысып, өз дауысымды бердім. Қарағанды индустриялық университетінің ғимаратында орналасқан № 265 учаскеде дауыс бердім. Әрбір дауыс маңызды, — деп жазды металлургтер қаласының әкімі.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Референдум күні Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та азаматтық ұстанымын білдірді. Ол № 17 учаскеде дауыс берді.

— Бүгін Қазақстан азаматы ретінде еліміздің, балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін өз таңдауымды жасауға келдім. Жаңа Конституция — жаңа мүмкіндіктер мен бастамалардың негізі, — деді өңір басшысы.

Бұл учаскеде 2222 сайлаушы тіркелген. Олардың ішінде 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс беріп отырған 59 жас бар.

Облыс әкімінің айтуынша, референдум тек мемлекеттік маңызға ие шара ғана емес, әрбір қазақстандық отбасы үшін де маңызды. Ол сондай-ақ өңірдегі сайлау учаскелерінің техникалық және ұйымдастырушылық дайындығының жоғары деңгейде екенін атап өтті.

Күн бойы азаматтардың дауыс беру белсенділігін Қазақстан Республикасы Референдум жөніндегі орталық комиссиясының ресми ресурстарынан бақылауға болады.

Айта кету керек, өңірлер арасында ең жоғары қатысу көрсеткіші Қарағанды облысында тіркелді — 26,64%. Бұл қазіргі уақытта республика бойынша ең жоғары көрсеткіш болып отыр.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью