Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
— Барлық сайлауда мүгедектігі бар адамдарға ерекше мүмкіндік жасауды назарымыздан шығармаймыз. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне мынаны айтқым келеді. Орталық референдум комиссиясы бекіткен қаулыдағы тапсырмаларды және біздің комиссияның жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы әзірлеген ұсыныстардың орындалуын бақылауымызда ұстаймыз және бұл — Орталық референдум комиссиясы мүшелерінің өңірлерге инспекциялық сапарлары кезіндегі негізгі анықтайтын мәселелердің бірі, — деді комиссия төрағасы.
Оның айтуынша, барлық дауыс беру учаскесінде Конституция жобасының мәтінін аудио сүйемелдеумен орналастыру мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тәсіл саналады.
— Бұл бастаманы Орталық референдум комиссиясының ұсынысы ретінде жұмыс тобының мүшелері қолдады. Аталған тәсіл азаматтарды ақпараттандырудың тиімді құралы бола отырып, олардың конституциялық құқықтарын іске асыруға және дауыс беруге қолжетімділігін қамтамасыз етудің қосымша тетігі болатыны атап өтілді, — деді ол.
Комиссия төрағасының атап өтуінше, көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған Брайль әрпімен әзірленген трафарет үлгісі жұмыс тобы отырысында қаралып, талқылау нәтижесінде ұсыныстар ескерілді. Түзетулер енгізіліп, сараптаманың оң қорытындысы алынды.
— Қазіргі таңда трафареттерді дайындау және басып шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар барлық референдум учаскесіне жеткізіледі. Сондай-ақ әр учаскеде бюллетеньдерді толтыру туралы арнайы аудио нұсқаулық қарастырылған. Осылайша, көру қабілеті бұзылған азаматтардың дербес әрі кедергісіз дауыс беруіне қажетті жағдай толық қамтамасыз етіліп отыр. Осы жұмыстың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында барлық әріптесті аталған мәселені жеке бақылауға алуды тапсырамын, — деді Нұрлан Әбдіров.
Айта кетейік, «Қоғамдық пікір» зерттеу институты жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыхалықтық референдум қарсаңында қоғамда оң көңіл-күй қалыптасқан.