Реформалар туралы байыпты туынды

26.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Сурет: kaz.zakon.kz

Осы орайда, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Реформалар мәні. Қазақ­станның болашақ тарихының жеті тарауы» атты кітабы – кейінгі жылдардағы өзгерістерді үзік-үзік оқиға деп емес, өзара ұштасқан біртұтас құбылыс ретін­де көрсеткен еңбек. Оқырманға сол ауқымды суретті ұсынып, ірі шешім­дердің түпкі себептерін дәл түсіндіреді. Сондықтан бұл туынды реформалардың жай ғана тізімі емес. Бұл – еліміздің жаңа дәуірдегі шежіресі, мемлекетіміздің заманауи генезисі десек те болады. Мұнда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді өркендетуге бағыт­талған стратегиялық даму курсы жан-жақты талданған. Автор елде болып жат­қан терең өзгерістердің ішкі логи­касын жеткізеді. Бұл еңбектің басты құн­дылығы, менің ойымша, осында сияқты.

Кітаптың тағы бір қыры. Бүгінде әлем жылдам өзгеріп келеді. Технология дамып, экономика өзгеріп жатыр. Адам­дардың да талабы өсуде. Кеше дұрыс деген нәрсе бүгін жарамай қалып жатыр. Осындай аласапыран заманда әр ел өз даму моделін табуға тиіс. Бұл – жай таңдау емес. Бұл – ұлт келешегіне қатысты мәселе.

Осы еңбекте Қазақстан сыртқы жағ­дайға жалтақтап, тек бейімделіп отыр­ған ел емес, керісінше, өз жолын, өз бағытын өз еркімен тауып жатқан дербес мемлекет ретінде көрсетілген.

Туынды дәл осы ізденістің мәнін түсіндіреді. Әр стратегиялық таңдаудың астарын ашып, неге дәл қазір, неге дәл осындай қадамдар жасалып жатқанына жауап береді.

Жалпы, бұл кітапта көтерілген маңыз­ды мәселелер аз емес. Соның ішін­де әділдік тақырыбын бөлек айтсам. Өмірімнің көп бөлігі құқық қорғау мен сотта өтті. Қоғамның әділдікке деген шөлін жақсы түсінемін.

Кітапта Мемлекет басшысының осы бағыттағы реформаларына көп мән берілген. Өйткені мұндай өзгеріс­тер көбінесе қарсылыққа тап болады. Адамдар да, жүйелер де үйренген, өзіне «ыңғайлы» жолмен жүргенді жөн көреді. Өзгеріске қарсы тұрады. Мәулен Сағатханұлының осы ойлары бойынша бір-екі мысал келтірсем.

Жеті жыл бұрын соттағы ақтау үкім­дері тек ауыр қылмыстар бойын­ша бірден 12 есе өсіп, жылына 20-дан 250 адамға жетті. Кейбір құқық қорғау органдарының басшыларына бұл ұна­мады. Сонда не істеді? Мемлекет басшысына барып, бізді қызметтен алуды сұрады. Ештеңе шықпаған соң амалсыз басқа қадамға көшті. Сапасыз істер соттан өтпейтініне көздері жеткен соң, негізсіз айыптарды тергеу кезінде өздері қысқартуға мәжбүр болды.

Бұрын сотқа жылына 65 мың адамға қатысты қылмыстық іс жіберілетін болса, қысқа уақытта сол 2 есе азайып, 30 мыңға түсіп кетті. Ең қызығы, қылмыс деңгейі сон­шама азаймаса да. Бұл – кітапта айтылған трансформацияның бір-ақ мысалы.

Тап сол сияқты жақында ғана 5 жыл­дығы жоғары деңгейде атап өтілген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс­ке де қарсылық зор болды. Өйтке­ні ол азаматтардың құқығын күшей­тіп, мемлекеттік органдардың билігін шектеуді көздеді. Мемлекеттік органдар­ға бұл жақпады. Бірақ Мемлекет басшысы ӘРПК қабылдансын деп шешім қабылдады. Соның арқасында азаматтар әділдікті сезіне бастады. Кітапта дәл айтылғандай, халықтың сенімі болған жерде қоғам да, мемлекет те күшейеді. Қоғам «антиосал» болып, кез келген дағдарысқа қарсы тұра алатын берік жүйеге айналады. Бұл – кітап авторының осы еңбектегі негізгі тезистерінің бірі.

Бұл туынды тағы үш маңызды ой қозғайды.

Біріншіден, біз кез келген реформа­ның нәтижесін тез көргіміз келеді. Бірақ оған уақыт керек. Кітап осы ақиқатты еске салады.

Екіншіден, реформа тек биліктің ісі емес. Ол әр адамның ықыласы мен санасына байланысты. Себебі күшті мемлекет тек қана қуатты қоғаммен бірге қаланады.

Үшіншіден, бұл туынды жастарға, мемлекеттік қызметшілерге, бизнеске пайдалы құрал. Ол билік туралы ғана емес. Ол еліміз туралы, адамдар мен болашағымыз туралы өте терең кітап.

Оқырман олжасына айналар жаңа еңбек ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз.

Жақып АСАНОВ,

Сенат төрағасының орынбасары

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью