Рекорд: футболдан ӘЧ финалының билеттері 11 мың долларға дейін қымбаттады

03.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Мұндай баға бұған дейінгі әлем чемпионаттарының финалдық ойындарына сатылған билеттер құнынан шамамен жеті есе жоғары. Осыған байланысты жанкүйерлер арасында қызу талқылау туындап, әлеуметтік желілерде сыни пікірлер көбейген.

2026 жылғы әлем чемпионатының финалына арналған алғашқы ашық сатылымда билет құны 10 990 долларға дейін жетіп, футбол матчтары тарихындағы ең қымбат билет ретінде тіркелді.

Бұған дейін турнирді қабылдаушы елдер — АҚШ, Канада және Мексика ұсынған бастапқы өтінімдерде финал билеттерінің бағасы 1550 доллардан аспайды деп көрсетілген еді. Алайда өткен желтоқсанда ресми фан-клуб мүшелеріне билеттер 8680 долларға дейінгі бағамен ұсынылса, ашық сатылым басталғаннан кейін баға одан әрі өскен.

Салыстыру үшін, 2022 жылы Қатарда өткен әлем чемпионатының финалындағы ең қымбат билет құны 1604 доллар болған. Осылайша, 2026 жылғы турнирдегі баға бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді.

Мамандар мұндай күрт қымбаттауды динамикалық баға белгілеу жүйесімен түсіндіреді. Бұл тәсіл бойынша ФИФА сұраныс деңгейіне қарай билет бағасын өзгертіп отырады. Сондай-ақ финалдық матчқа қолжетімді орын санының шектеулі болуы да бағаның өсуіне әсер еткен.

Ашық сатылым кезеңінде билет бағасы желтоқсандағы алғашқы топтамамен салыстырғанда 38 пайызға өскені айтылады. Атап айтқанда:

бірінші санаттағы билет — 10 990 долларға дейін;

екінші санаттағы билет — 7380 долларға дейін;

үшінші санаттағы билет — 5785 долларға дейін.

ФИФА сатылымға шығарылған билеттердің толық тізімін және нақты санын жарияламағандықтан, жалпы сатылым көлемін бағалау қиын болып отыр.

Соған қарамастан, бақылаушылар ең танымал матчтарға, әсіресе жетекші құрамалардың ойындары мен плей-офф кезеңіндегі басты кездесулерге сұраныс күрт артқанын айтып жатыр. Бұл жағдай жанкүйерлердің наразылығын туғызды. Желтоқсанда алғашқы билеттер легінің бағасы кейбір сарапшылар тарапынан «жанкүйерлерге жасалған орасан зор сатқындық» деп бағаланған. Дегенмен ФИФА құны 60 доллардан басталатын шектеулі көлемдегі қолжетімді билеттер партиясын да ұсынған.

Еске салсақ, футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусымда АҚШ, Канада және Мексика елінде басталады.

Сонымен қатар АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің басшылығы турнир барысында қауіпсіздікке байланысты қауіп-қатерлер болуы мүмкін екенін ескерткен.

Бұған дейін ФИФА президенті Джанни Инфантино Иран құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатынын және жеребе қорытындысына сәйкес өз матчтарын АҚШ аумағында өткізетінін мәлімдеген еді.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью