Рэпер De Lacure қатысқан шоу төңірегіндегі жанжал заңгерлер жаза қолдану ықтималдығын бағалады

05.05.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

De Lacure лақап атымен танымал қазақстандық рэпер Әнуар Баймұхаев әлеуметтік желілерде жаппай сынға ұшырап жатыр. Интернетте оның "Мне стыдно" YouTube-шоуының түсірілімі кезінде айтқан оқиғасының үзінділері тарап кетті. Жағдайды Tengri Life тілшілері анықтап көрді.

De Lacure лақап атымен танымал қазақстандық рэпер Әнуар Баймұхаев әлеуметтік желілерде жаппай сынға ұшырап жатыр. Интернетте оның "Мне стыдно" YouTube-шоуының түсірілімі кезінде айтқан оқиғасының үзінділері тарап кетті. Жағдайды Tengri Life тілшілері анықтап көрді.

Не болды?

Белгілі комик, шоу жүргізушілерінің бірі Зарина Байболова подкасттардың бірінде жарыққа шықпай қалған жобаның шығарылымы туралы айтып, команданың оны неге жариялаудан бас тартқанын түсіндірді.

Анықтама: "Мне стыдно" - бұл ойын-сауық бағытындағы YouTube-шоу. Оған комиктер, блогерлер және арнайы қонақтар қатысады. Олар өз өміріндегі жеке, ыңғайсыз немесе ұят оқиғаларын бөліседі.

"Бір рэпер келді. Бұл шығарылым жарыққа шықпады. Өйткені ол зорлық-зомбылық туралы жиіркенішті оқиға айтты", - деді ол егжей-тегжейін ашпай.

Бағдарламаның бұл үзіндісі әлеуметтік желілерде тез тарап, көрермендер сөз болып отырған рэпердің кім екенін анықтай бастады.

Мән-жайын түсірілімге қатысқан көрермендер тарата бастады. Олардың айтуынша, әңгіме De Lacure айтқан бір оқиға жайында болған.

Куәгерлердің сөзінше, рэпер достарымен көшеде келе жатып, көмек сұраған айқайды естігенін айтқан.

"Олар жарақат алып, жерде көмекке шақырып жатқан әйелді тауып алған. Ол (достарының - ред.еск.) есімдерін де атады. Олар көмекке келіп, оны киіндіре бастаған. Алайда бір сәтте достарының бірі өзгелерінен шыға тұруды өтініп, "әрі қарай өзі көмектесетінін" айтқан. Олар шығып кеткеннен кейін, әйел зорланған. De Lacure-дың айтуынша, олар сыртта тұрып, іште не болып жатқанын түсінген", - деп жазды шоудың куәгерлерінің бірі болуы мүмкін көрермен.

Бұл видео мен куәгерлердің әңгімесі жарияланғаннан кейін қазақстандықтар құқық қорғау органдарынан тексеру жүргізуді талап ете бастады.

Анықтама: Зарина Байболова - қазақстандық комик, стендап-әртіс және сценарист.

Шоу жүргізушісінің реакциясы

Кейінірек Зарина Байболова әлеуметтік желілерде түсірілім кезінде не болғанын егжей-тегжейлі түсіндіріп, толық түсініктеме берді. Оның айтуынша, бағдарлама 2025 жылдың 20 сәуірінде Алматыда жазылған, ал қонақтың өзі бастапқыда "қарапайым" болған.

Алайда Байболованың айтуынша, түсірілім барысында қонақтың мінез-құлқы оғаш бола бастаған.

"Түсірілімнің 1,5–2 сағаттық процесінде оның тарапынан маған түсініксіз реакциялар жиі болды. Жүргізуші ретінде жағдайды сақтап отыру үшін оны әзілге бұруыма тура келді", - деді ол.

Оның сөзінше, сол күні бірнеше шығарылым қатарынан түсірілген, ал рэпер қатысқан шоу ең соңғысы болған. Ол өз оқиғасын айтқан кезде команда мүшелері әбден шаршаған еді, деп нақтылады жүргізуші. Ол бірден тиісті реакция бере алмағандарын мойындады. Сол сәтте бұл "шынайы оқиға ма, әлде ойдан шығарылған ба, не болмаса жай ғана алдау ма" түсініксіз болғанын айтты.

"Бірден бағдар таба алмай, тиісті реакция танытпағанымыз үшін кешірім сұраймын", - деп жазды ол.

Оның пікірінше, кем дегенде түсірілімді тоқтатып, сахнадан шығып кету керек болған. Алайда залда 100-ден аса көрермен болғандықтан, команда түсірілімді жалғастыруға тырысқан.

"Залда уақыты мен қаражатын бөліп келген адамдар отырды. Менеджерлер мен түсірілім тобы да бұл іске күш-жігерін жұмсады. Сондықтан біз мұның бәрін әзілмен жеңілдетуге тырыстық", - деді жүргізуші.

Ол бұл жағдайдың сырт көзге орынсыз көрінгенін және қазақстандықтардың наразылығын түсінетінін жеткізді.

Түсірілімнен кейін неге бірден полицияға хабарласпағандары туралы сұраққа Байболова команданың қолында жеткілікті мәлімет болмағанын түсіндірді.

"Бұл тек сөз ғана, бәлкім, ойдан шығарылған оқиға шығар. Бізде жәбірленуші туралы да, оқиға орны туралы да ешқандай дерек болған жоқ. Сондай-ақ жала жабу және дәлелденбеген айыптарға қатысты құқықтық тәуекелдер бар. Бұл өте күрделі мәселе", - деп жазды ол.

Сонымен қатар жүргізуші жауапкершіліктен қашпайтынын баса айтты.

"Мен өзімді құрбан етіп көрсеткім келмейді. Жауапкершілікті үнсіз қалғандарға ысыра салудан аулақпын. Бұл істе менің де кінәм бар және оны жоққа шығармаймын", - деді Байболова.

Сондай-ақ ол құқық қорғау органдары жағдайдан хабардар екенін және оған құқықтық баға берілетінін қосып өтті.

Біздің тілшімізбен сөйлесу барысында ол полицияға арыз түсірілгенін растады.

De Lacure не дейді?

Рэпердің өзі де мәлімдеме жасады. Ол Instagram парақшасында бірқатар сторис жариялады.

Анықтама: De Lacure есімімен танымал Әнуар Баймұхаев - қазақстандық рэп орындаушы, әндер авторы және продюсер. Музыкамен 2009 жылдан бері айналысады, нью-скул стилінде жұмыс істейді. Көпшілікке "Esindi Jina", "Kul", "Quma" тректерімен танымал.

"Мен кез келген зорлық-зомбылық әрекеттерін қатаң айыптаймын және оларды ешқашан қолдаған емеспін. Ешкім мені зорлық-зомбылық жасады немесе соған қатысты деп айыптай алмайды", - деп мәлімдеді ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, ол шоуда 16–17 жастағы мектеп кезінде болған оқиғаны айтып берген. Қазір әртіс 33 жаста.

"Атап өткім келеді, бұл оқиғада біздің тарапымыздан да, сол кездегі досымның тарапынан да ешқандай зорлық-зомбылық әрекеттері болған жоқ.

Мен бізге беймәлім біреудің зорлық-зомбылығына ұшыраған болуы мүмкін әйелге көмектесуге барғанымыз туралы оқиғаны айттым. Ол бізден көмек сұрамады, онымен досым оңаша қалды. Олардың арасында бәрі өзара келісім бойынша болды", - деп түсіндірді De Lacure.

Сондай-ақ ол "сәтсіз оқиға таңдағаны және сол сәтте бұның еш күлкілі емес екенін түсінбегені" үшін кешірім сұрады. Оның айтуынша, ол тиісті қорытынды шығарған және БАҚ-тан "болмаған оқиғаларды құрастырмауды" өтінді.

Заңгерлердің пікірі

Біз жағдайға байланысты сарапшылардан пікір алдық. Адвокат Абзал Қасымжанов қылмысқа қатыстылығы немесе қылмыс болған жерде болу туралы кез келген жария мәлімдеме құқықтық баға беруді талап ететінін атап өтті.

Оның айтуынша, БАҚ-тағы немесе әлеуметтік желілердегі хабарлама - сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау үшін заңды негіз болып табылады.

"Жария сұхбатта жасалған мәлімдеме құқық қорғау органдарының қылмыстық істі тіркеуіне және тексеруді бастауына жеткілікті негіз бола алады. Егер рэпер аса ауыр қылмыстың куәгері болып, ол туралы әдейі хабарламағаны анықталса, ол Қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша "Қылмыс туралы хабарламау" үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Аталған бап бойынша 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін", - деп түсіндірді Қасымжанов.

Адвокат зорлау істің мән-жайына байланысты орташа ауырлықтағы, ауыр немесе аса ауыр қылмыстарға жатуы мүмкін екенін түсіндірді.

Ескіру мерзімі де осыған байланысты: орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін ол 5 жыл, ауыр қылмыстар үшін - 10 жыл, аса ауыр қылмыстар үшін - 15 жыл болады.

Анықтама: Ескіру мерзімі - бұл уақыт өткеннен кейін адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайтын кезең.

Өз кезегінде заңгер Данияр Байғабатов толыққанды құқықтық баға беру үшін тек сұхбаттағы сөздер жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның пікірінше, заттай дәлелдемелер мен екінші тараптың ұстанымы шешуші мәнге ие.

"Зорлау дерегі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болуы үшін, біріншіден, жәбірленушінің арызы немесе қылмыс дерегі туралы мән-жайлар - күні, орны және басқа да егжей-тегжейлер көрсетілген нақты хабарлама қажет. Екіншіден, зорлық-зомбылық әрекеттерінің болғанын растайтын сот-медициналық сараптама жүргізілуі тиіс", - деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, құқықтық және сараптамалық бағалау шешуші рөл атқарады. Ол мұндай жағдайларда ресми тергеуді күту маңызды екенін айтты.

"Өзара келісім бойынша" деген ұғым бар, бұл да тергеу мен сараптама аясында анықталады. Ескіру мерзімі іс-әрекеттің саралануына - бұл ауыр немесе аса ауыр қылмыс екеніне байланысты. Бірақ кез келген жағдайда соңғы бағаны тергеу органы береді", - деді заңгер.

Tengrinews.kz редакциясы жағдайға байланысты Алматы Полиция департаментіне, сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады. Материал жарияланған сәтте құқық қорғау органдарынан жауап келген жоқ.

Оқиғаны әрі қарай бақылаймыз.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью