Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Жақын айларда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері интернеттегі авторлық құқықты қорғау туралы келісімді бекітуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, бұл құжат «контрафактілік контенті бар» онлайн-ресурстарға қолжетімділікті шектеудің ортақ тәртібін қарастырады. Сарапшылар мұны Ресейдің Қазақстандық ақпараттық кеңістікке ықпал ету құралы деп қауіптенуде.
Бұл мәлімдеме «ҚазТАГ» агенттігі мен Ресейдің «Роскомнадзор» мекемесі арасындағы даудан кейін шықты десе болады. Ресейлік ведомство ҚазТАГ-тан Freedom Finance ісіне қатысты материалдарды өшіруді немесе сайтты бұғаттауды талап еткен.
Ресей соты бұл мақалаларды «авторлық құқықты бұзу» (пресс-конференция материалдарын заңсыз пайдалану) деп таныған. Алайда ҚазТАГ бұл ақпараттардың авторы өздері екенін, ал Ресей тарапының әрекеті негізсіз және заңсыз екенін алға тартады.
Мақалада агенттік басшылары Әсет Матаев пен Әмір Қасеновке қатысты қозғалған қылмыстық істің жай-жапсары айтылады. Журналистерге «көрінеу жалған ақпарат тарату» айыбы тағылып, Әмір Қасенов үйқамаққа алынған.
Іс Freedom Finance компаниясының төңірегіндегі алаяқтық пен санкцияларды айналып өту схемалары туралы зерттеулерден кейін басталған.
Бұл іске байланысты БҰҰ, «Әділ сөз», CPJ сияқты ұйымдар, сондай-ақ АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақ елшіліктері алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан билігін баспасөз бостандығын сақтауға шақырған.