Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Ресей Қазақстаннан жолаушылар жұмыс бабымен, туыстарына немесе туристік мақсатта жиі ұшатын негізгі бағыттардың бірі. Дегенмен кейінгі апталарда ұшу қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар туындады. Рейстерде қандай өзгерістер бар және жолаушылар не нәрсеге дайын болуы керек - Tengri Travel материалында.
Ресейдің әуе кеңістігінде не болып жатыр?
DW мәліметінше, 1 қыркүйекте Украина президенті Владимир Зеленский ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдарына байланысты Ресейдің әуе кеңістігі халықаралық азаматтық авиация үшін қауіпті болып бара жатқанын мәлімдеді.
"Ресей аспаны толықтай қауіпті аймаққа айналып барады", - деді Зеленский.
Оның айтуынша, әуекомпаниялар мен сақтандырушылар Ресейдің әуе кеңістігі арқылы ұшу кезіндегі тәуекелдерді ескеруі қажет. Сондай-ақ Зеленский Ресей аспаны "де-факто жабылатынын" айтып, тасымалдаушыларды Мәскеу, Санкт-Петербург және Ресейдің өзге де қалаларына жасалатын рейстердің жағдайына назар аударуға шақырды.
Азаматтық авиация комитеті не дейді?Тәуекел туралы мәлімдемелерге қарамастан, Қазақстан мен Ресей арасындағы әуе қатынасы жұмысын жалғасып жатыр.
Азаматтық авиация комитеті біздің сауалға берген жауабында бүгінде екі ел арасында аптасына шамамен 156 рейс орындалатынын хабарлады. Оның 47-ге жуығын отандық SCAT және Vietjet Qazaqstan (бұрынғы Qazaq Air) әуекомпаниялары, қалғанын шетелдік тасымалдаушылар жүзеге асырады.
Ведомство Ресейге рейстер тұрақты негізде орындалып жатқанын және әуекомпаниялар ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет барлық шараны қабылдап жатқанын атап өтті.
"Рейстерді орындау кезінде жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі басты басымдық", - деп хабарлады ААК.
Авиациялық реттеушінің ақпараты бойынша, жағдай әуекомпаниялармен бірлесе тұрақты бақылауда.
Кестеде қандай бағыттар қалды?SCAT Airlines бағыттар желісінде Красноярск, Мәскеу және Санкт-Петербургке рейстер бар.
Vietjet Qazaqstan бағыттар желісіне Омбы мен Новосибирск сияқты Ресей қалалары кіреді. Дегенмен тасымалдаушы Астана мен Омбы арасындағы рейстерді уақытша тоқтатты.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Астана - Омбы - Астана бағытындағы рейстер 2026 жылдың 9 шілдесінен 1 қазанына дейін (қоса алғанда) тоқтатылды.
Әуекомпания рейстердің орындалуына қатысты алдағы ақпарат жағдайға қарай жаңартылып отыратынын хабарлады. Өзгерістерге тап болған жолаушыларға брондау кезінде көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы жеке хабарлама жіберілуі тиіс.
Әуе рейстеріне қатысты қазіргі жағдайВладимир Зеленскийдің мәлімдемесінен кейін Ресейге бағытталған халықаралық рейстер өзгере бастады: кейбір әуекомпаниялар жекелеген бағыттарды тоқтатса, кейбірі кестені түзетті. Дегенмен тасымалдаушылар Ресей қалаларына ұшудан толықтай бас тартқан жоқ.
Мәселен, Air Arabia бастапқыда рейстерді тоқтатқанымен, кейін БАӘ мен Ресей арасындағы әуе қатынасын ішінара қалпына келтірді. 2026 жылдың 8 қазанынан бастап әуекомпания Шарджа - Мәскеу (Домодедово) - Шарджа бағыты бойынша күн сайын ұшуды жоспарлап отыр, ал 12 желтоқсаннан бастап рейстер жиілігін күніне екі ретке дейін арттырмақ. Ал БАӘ мен Ресей арасындағы өзге рейстер 2027 жылдың 27 наурызына дейін (қоса алғанда) тоқтатылды.
Өзге тасымалдаушылар Ресей әуе кеңістігі арқылы ұшуды жалғастырып жатыр. The Independent мәліметінше, олардың қатарында Азия, Түркия және Парсы шығанағы елдерінің әуекомпаниялары: Uzbekistan Airways, Emirates Airlines, Turkish Airlines, Flyone Armenia, FlyDubai және тағы басқалары бар.
Мәселен, Мәскеуге рейстер орындайтын Qatar Airways компаниясы да Ресей бағытындағы жұмысын жалғастырып жатыр. Әуекомпания өкілдері жағдайды тұрақты түрде бағалап, қажет болған жағдайда жұмыс барысына түзетулер енгізетінін мәлімдеді.
"Біз қолжетімді ақпараттың барлығын үнемі саралап отырамыз және операцияларымызды соған сәйкес бейімдейміз", - деп хабарлады Qatar Airways.
Бұл ретте жолаушылар рейстердің тоқтатылуына ғана емес, олардың кешігуіне тап болып отыр. Бұған мысал ретінде 9 қыркүйекте Анталья әуежайындағы жағдайды айтуға болады. "Туропром" дерегі бойынша, Ресей қалалары мен Беларуське бағытталған 13 рейс кешіктірілген.
Кешігу уақыты 30 минуттан сегіз сағатқа дейін созылды. Ең ұзақ кідіріс "Аэрофлоттың" Нижний Новгородқа бағытталған рейсінде тіркелді: ұшақ 11:00-дің орнына 19:00-де ұшуы тиіс болған. Сондай-ақ Мәскеу, Сочи, Минеральные Воды, Могилёв, Новосибирск, Саранск, Екатеринбург және Қазанға қатынайтын рейстер де кешіктірілді.
Халықаралық авиация ұйымдары не дейді?Сондай-ақ Украина Халықаралық азаматтық авиация ұйымына (ICAO) Ресей әуе кеңістігіндегі азаматтық авиацияға қатысты туындаған тәуекелдер туралы ресми хабарлағанын мәлімдеді.
ICAO мемлекеттерді қақтығыс аймақтарына байланысты қауіп-қатерден азаматтық ұшақтарды қорғауға көбірек көңіл бөлуге шақырды.
Ұйым азаматтық әуе кемелеріне шабуыл жасалу немесе олардың абайсызда екіжақты оқ ату аймағында қалып қою қаупі жоғары екенін мәлімдеді.
Бұл ретте ICAO әкекомпаниялар қақтығыс кезінде бағыттарды өзгертіп, жұмысын жалғастыруға қауқарлы екенін, алайда қауіпті аймақтарды айналып өту мүмкіндігі қауіпсіздікке төнетін қатерді жоймайтынын атап өтті.
Бұл жолаушылар үшін нені білдіреді?Қазіргі уақытта Ресейге баруды жоспарлап отырған жолаушыларға өз рейстерінің кестесі мен әуекомпания хабарламаларын мұқият қадағалап отыру ұсынылады.
Құбылмалы жағдайды ескере отырып, ұшу уақыты, бағыты немесе рейс мәртебесі өзгеруі мүмкін. Сондықтан жолға шықпас бұрын тасымалдаушыдан және ұшу әуежайынан өзекті ақпаратты қосымша тексеру қажет.
Айта кетейік, 2022 жылы Air Astana әуекомпаниясы Қазақстаннан Ресейге және кері қарай ұшуды тоқтататынын хабарлаған. Ол кезде тасымалдаушы бұл шешімін Ресейден, Ресейге және оның аумағы арқылы өтетін коммерциялық ұшуларды сақтандырумен қамтудың тоқтатылуымен түсіндірген болатын.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу