Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Respublica партиясының Республикалық сайлауалды штаб мүшелері 80 жылдан астам тарихы бар, Қазақстандағы ең көне кәсіпорындардың бірі - «Шымкентмай» АҚ-да болды, – деп хабарлайды Aykin.kz сайты Respublica партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде зауыт отандық шикізаттан 130-ға жуық өнім түрін шығарып, оны әлемнің ондаған еліне экспорттап келеді.
Құрылтай депутаттығына кандидат Нұргүл Тау Respublica партиясының заң шығару бағытындағы нәтижелеріне тоқталды.
– Өткен шақырылымда небәрі алты депутатымыз болса да, қазақстандықтардың өміріне оң әсер еткен көптеген бастаманы жүзеге асырдық. Соның бірі – соңғы үш жылда 75 жаңа студенттік жатақхана салынып, тағы 100 жатақханаға күрделі жөндеу жүргізілді, – деді ол.
Кандидаттар Әдия Әлімбаева мен Анар Төлеубаева цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналуы тиіс екенін атап өтті.
Олардың айтуынша, бүгінгі таңда экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен азаматтардың өмір сапасын айқындайтын негізгі факторлардың бірі – заманауи технологиялар.
Respublica өкілдері отандық тауар өндірушілерді қолдау партияның басты басымдықтарының бірі екенін жеткізді. Заңнамалық бастамалар өндірістің дамуына, экспорт көлемінің артуына, кәсіпорындарды жаңғыртуға және бизнеске қойылатын әкімшілік кедергілерді азайтуға қолайлы жағдай жасауы қажет.
Партияның ұстанымынша, қуатты өндіріс секторы – тұрақты экономикалық өсімнің де, жаңа жұмыс орындарын ашудың да берік негізі.