Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
- Түркия дүниесінің алтын бесігі - Ұлы дала кеңістігі ортақ тарих пен рухани құндылықтардың тоғысқан мекені. Қазақстанға жасалған әр сапар тек ресми кездесу ғана емес, тарихи сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сіздерді Астанада Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 14-отырысында қарсы алғаныма қуаныштымын, - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр 2024 жылы Анкарада өткен Үкіметаралық комиссия отырысы елдеріміздің қарым-қатынасына елеулі үлес қосқанына назар аудартты.
- Экономиканың барлық саласы бойынша әлеуетіміз зор. Бүгінгі бас қосуымыз бұл мүмкіндікті қолдану бағытында жаңа белестер ашатынына сенімдімін. Елдеріміздің бауырластығы жылдар бойы табысты түрде дамып келеді. Біз Түркиямен арадағы байланыстарды кеңейтілген стратегиялық әріптестік рухында одан ары дамытуға айрықша мән береміз, - деді ол.
Олжас Бектенов мемлекеттеріміздің көшбасшылары арасында игі дәстүрге айналған шынайы достық екіжақты қатынастарды тереңдетуге берік негіз қалағанын баса айтты.
- Біздің Президенттеріміз - құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған өзара сапарлар мен халықаралық іс-шаралар аясында үнемі кездесіп тұрады. Бұл ретте Түркия Президентінің мамыр айында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуін ерекше күтудеміз. Бүгінгі үкіметаралық комиссияның отырысы Түрік мемлекеті басшысының алдағы сапарының мазмұндық бөлігіне сүбелі үлес қосып, жаңа бастамаларды айқындауға ықпал етеді деп сенемін, - деді Премьер-министр.
Осыған дейін Түркия президенті Ердоған Тоқаевты cәуірде өтетін Дипломатиялық форумға шақырған болатын.