РФММ де балалар жаппай уланғаннан кейін стафилококк пен ішек таяқшасы табылды

29.10.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің (СЭБД) мамандары Республикалық физика-математика мектебіндегі (РФММ) оқушылардың жаппай улануынан кейін асхананы тексеріп, көптеген заңбұзушылықты анықтады. Мектеп-интернат асханасының қызметі 60 күнге тоқтатылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Зерттеу нәтижесі нені көрсетті?

Департамент мәліметінше, 12-15 қазан аралығында зертханалық зерттеуге дайын тағамның 7 сынамасы, дайын өнімнің 2 сынамасы, шикі өнімнің 3 сынамасы, беткі қабат пен ыдыс-аяқтан 30 шайынды, судың 5 сынамасы және дезинфекциялау құралдарының 2 сынамасы алынды.

"Зерттеу нәтижесі бойынша жекелеген дайын тағамдардың микробпен ластанғаны, тағам сынамалары мен ыдыс-аяқ шайындыларынан ішек таяқшасы тобындағы бактериялар, сондай-ақ дезинфекциялау құралы жұмыс ерітіндісінің нормативтік талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды", - деп хабарлады департамент.

Сондай-ақ тергеу барысында асхананың 38 қызметкері стафилококк пен ішек инфекциялары қоздырғыштарының бар-жоғына тексерілді. Талдау нәтижесі бойынша төрт қызметкерден 10³ концентрациясындағы Staphylococcus aureus табылды.

Анықтама: 10³ концентрациясындағы Staphylococcus aureus (алтын түсті стафилококк) тасымалдаушылығы бактерияның шырышты қабықта немесе теріде аз (төмен) мөлшерде болатынын білдіреді.

"Бұл адамдарға қатысты бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің тиісті қаулылары негізінде жұмыстан уақытша шеттету бойынша шаралар қабылданды", - деп нақтылады ведомство.

Департамент мамандары ЖШС интернаттан жалға алып отырған ас блогын, сондай-ақ РФМММИ мектеп-интернаты ғимаратындағы бөлмелерді де тексерді. Асхананы тексеру кезінде санитариялық нормалардың бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, тамақтандыруды ұйымдастыруға, құжаттама жүргізуге, өнімдерді сақтауға және асүй құралдарын таңбалауға қатысты ескерту жасалды. Сондай-ақ қажетті жабдықтардың тапшылығы және өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың жоқтығы анықталды.

"Асханада санитариялық талаптардың бұзылуы: мәзірдің сәйкес келмеуі, өнімдер мен тәуліктік сынамаларды сақтау тәртібінің бұзылуы, қажетті құжаттама мен құрал-жабдық таңбаларының жоқтығы анықталды. Сондай-ақ оқушыларға медициналық бақылау жасауды ұйымдастырудағы кемшіліктер белгілі болды", - деп хабарлады департамент.

Бұдан бөлек нақты мәзір есепке алу құжаттамасына сәйкес келмейтіні және перспективалық мәзірдің жоқтығы анықталды.

Ет пен тауық рулеті ме?

Департамент өкілдері қазір инфекция көзі, таралу механизмі мен жолдары анықталғанын атап өтті.

"Сауалнама нәтижесі бойынша, ауырғандардың барлығы инкубациялық кезеңде мектеп-интернат асханасында тамақтанғаны анықталды. Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі аурудың басталуын тауық рулетін және ет жеумен байланыстырды", - деп хабарлады СЭБД.

Асхана қызметі 60 күнге тоқтатылды

Тергеу нәтижесі бойынша мамандар әкімшілік құқық бұзушылық туралы екі хаттама толтырды:

РФММ-ге қатысты ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды.

Тағы бір хаттама ЖШС-ге қатысты ӘҚБтК-нің 425-бабы 2-бөлігінде көзделген құқықбұзушылық белгілері бойынша толтырылды.

Анықтама: ӘҚБтК-нің 425-бабы "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу"

Сондай-ақ 13 қазандағы қаулыларға сәйкес ЖШС оқушыларға тамақ дайындау үшін жалға алып отырған РФММ асханасының қызметі 60 күнге тоқтатылды.

"РФММ асханасының жұмысы анықталған санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу деректері жойылған жағдайда және заңнамада көзделген жоспардан тыс тексеріс нәтижесі бойынша уәкілетті орган осы деректі растағаннан кейін ғана қайта басталуы мүмкін", - деп хабарлады ведомство.

Жұмысты қайта бастау мәселесін шешу кезінде мамандар үй-жай мен жабдықтардың санитариялық жағдайын, өнімдерді сақтау және дайындау шарттарын, сондай-ақ тамақтандыруды ұйымдастыру талаптарының сақталуын тексереді.

Қылмыстық іс

СЭБД мәліметінше, РФММ оқушыларының жаппай улану дерегі бойынша полиция ҚК-нің 304-бабы 1-бөлігі "Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді абайсызда адамдардың жаппай сырқаттануына немесе улануына әкеп соққан бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғады.

Ведомство РФММ оқушыларының жаппай улану фактісі бойынша тергеу жалғасып жатқанын атап өтті. Аурудың өршуі оқшауланып, инфекцияның таралуына себеп болған ықтимал факторлар анықталғанына қарамастан, аталған дерек бойынша іс жүргізу шаралары әлі аяқталған жоқ.

Алматыдағы РФММ-де не болды?

Еске сала кетейік, 14 қазанда Алматыдағы РФММ-нің 50-ге жуық оқушысы жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға жатқызылды.

Оқиғадан кейін мектеп 14-16 қазан аралығында сабақты уақытша онлайн форматқа ауыстырды. Интернат пен асхананың жұмысы тоқтатылып, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ғимаратты тексеріп, зертханалық зерттеуге сынамалар алды.

Сондай-ақ Алматы полициясы РФММ-дегі оқушылардың жаппай улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғағаны белгілі болған.

22 қазанда ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түскен барлық оқушы үйлеріне шығарылды. Жалпы 58 балаға медициналық көмек қажет болған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью