Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Римдегі туристер тиын тастайтын атақты Треви субұрқағы енді ақылы болады. Бұдан былай таңғы 09:00-ден кешкі 22:00-ге дейін (дүйсенбі және жұма күндері — 11:30-дан бастап) фонтанға кіру үшін екі еуро көлемінде билет сатып алу қажет. Бұл шамамен 1200 теңге. Бес жасқа дейінгі балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар және Рим тұрғындары бұл төлемнен босатылған.
Кешкі уақыт пен таңғы ерте мезгілде субұрқақ маңына бұрынғыдай тегін баруға болады.
Қала билігінің есебінше, билет сатудан жылына 6,5 миллионнан 20 миллион еуроға дейін қаржы түсуі мүмкін. Бұл қаражат нысанды күтіп-ұстауға және қызметкерлердің жалақысына жұмсалмақ.
Дегенмен италиялық шенеуніктер бұл шешімнің басты мақсаты табыс табу емес, туристердің шамадан тыс ағымын шектеу екенін атап өтеді. 2025 жылы Треви фонтанын 10 миллионнан астам адам тамашалаған. Ал ең қарбалас күндері мұнда тәулігіне 70 мыңға жуық турист келген.
Туристер фонтанға тастайтын тиындар бұрынғыдай кедей-кепшікке көмектесетін католиктік қайырымдылық ұйымы — Caritas di Roma-ға беріледі. Жыл сайын фонтан түбінен шамамен 1,5 миллион еуроға тең тиын жиналады.
Треви — Римдегі ең үлкен субұрқақ. Ол 1732–1762 жылдары сәулетші Николо Сальвидің жобасымен салынған. Ырым бойынша, егер фонтанға бір тиын тастасаң — Римге қайта ораласың, екеуін тастасаң — махаббат жолығады, үшеуі — некеге тұрасың, төртеуі — байлыққа кенелесің.
Туризм саласының сарапшылары Рим бұл тұрғыда Венецияның жолын қайталап отыр дейді. Бұған дейін Венеция да ең қарбалас күндері тарихи орталығына кіру үшін ақы енгізген болатын.
Осыған дейін Римде жылдамдық шектеуі сағатына 30 шақырымға дейін төмендетілгені туралы жаздық.