Робот өрт сөндіруші

02.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Роботтандырылған платфор­ма­ны отандық «Қалқан» компаниясы өңірлік тө­тенше жағдайлар депар­таменті мамандарымен бірлесіп әзірлеген.

– Робот өрт сөндіруші қызмет­керлерімізге қауіпті жерлерде жәр­демдесетін болады. Ең әуелі, бұл – сұйық отынның қызып кету қаупі бар орындар, яғни мұнай өнімдері құйылған резервуарлық парктер. Сондай-ақ егер жанып жатқан нысандарда конструкциялардың құлау қаупі болса ғимараттардың ішінде де қолдануға болады. Пульт көмегімен қашықтықтан басқарылады. Ашық жерде оператор бір шақырымға дейінгі қашықтықта, ғимараттар тығыз орналасқан елді мекендерде немесе өндірістік нысан аумағында 300 метрге дейінгі қашықтықта роботқа еш бөгетсіз пәрмен бере алады, – дейді өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің өкілі, азаматтық қорғау капитаны Азамат Қанағатов.

Өрт сөндіргіш су тасымалдамайды, өрт сөндіру автокөлігіне арнайы шланг арқылы қосылған. Сол арқылы су немесе көбік беріледі. Тағы бір ерекшелігі, қозғалтқышы бензинмен жүреді. Соның арқасында жоғары өтімділікке ие. Бензин қозғалтқыш қуатты болуына орай өзге техниканы да еш қиналыссыз сүйреп жүре береді.

– Әзірше робот тек оқу-жат­тығулар кезінде ғана қолданылып жатыр. Жаңа техниканы пайдалануды талап ететін нақты шақыртулар әлі бола қойған жоқ. Қазір ол облыс орталығына жақын жердегі Атамекен кентінің өрт сөндіру бөлімі аумағында орналасқан, жұмысқа толық дайын. Оны тасымалдайтын арнайы тіркеме де қарастырылған, – дейді департамент өкілі.

Жалпы, Атамекендегі №5 өрт сөндіру бөлімінде биыл ауқымды қайта құру жұмысы жүргізілді. Құрылым 1988 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әбден тозған бөлім толық жаңартылды. Жаңадан әкімшілік корпус пен алты өрт сөндіру көлігіне шақталған жабық тұрақ салынды. Мекеме газбен жылытуға көшті.

– Бұрын ғимарат көмірмен жылытылатын. Қызметкерлерге негізгі мін­дет­тері­нен бө­лек, қазандық пе­ші­не үнемі көмір салу үшін қайта-қай­та алаң­дауға тура ке­ле­тін. Бөлмелерде әр­­да­йым жайлы тем­­пера­тураны сақ­­тау да мүм­кін бол­ма­ды. Жөн­деу жұ­мыс­ынан соң бар­лығы өзгер­ді, – дейді бөлім басшысы, азамат­тық қорғау полковнигі Бауыржан Жанғозин.

Мекемеде әр қызметкер кіре­берістегі заманауи бет-әлпетті тану жүйесінен өтеді. Жаңадан ашылған спорт зал, жаттығуларға арналған скалодром бос уақытты пайдалы өткізуде таптырмас орын. Бүгінде бөлімде 30 адам еңбек етеді. Иеліктерінде үш заманауи өрт сөндіру автокөлігі, Toyota Hilux қызметтік пикапы бар. Жыл мезгіліне байланысты мұнда құтқару операциялары кезінде қолданылатын аэроқайықтар, өздігінен қозғалатын шаналар, «Трэкол» вездеходы да орналасады.

Павлодар облысы 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью