Рух пен реформа ұштасқанда

09.05.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Бүгінде сап түзеген сарбаздар­дың абыройын асырып, темірдей тәртіпке бағынған әскери қызметтің мәртебе-беделін көтеру, жауын­герлік қабілетін арт­тырып, жүйені жаңғырту үшін жаңа бастамалар мен кешенді шара­лар қабылданып жатыр. Ал әскерден оралған азаматтарға қан­­дай әлеуметтік қолдау көрсетіледі? Цифрландыру жылында са­ланы за­ман талабына сай икемдеу үшін не істелмек?

Армияның жаңа антропологиясы

Сарбаздың бейнесі – мемлекеттің бе­де­лі. Армия қатарындағы патриот аза­мат­тың қоғамдағы орнын айқындайтын, әс­ке­ри қызметтің мәртебесін биіктететін ке­­­­шенді реформалар кезеңі басталды. За­ма­науи армия – тек күш құрылымы емес, тұл­ға қалыптастырушы мектеп. Тегеурінді қуат пен рухани кемелдік тоғысқан жерде на­ғыз отаншылдық рух тумақ. Бүгінгі күн­нің сарбазы – кешегінің жауынгерінен ерек, болмысы бөлек. Ол тек темірдей тәр­тіп пен қатаң тайм-менеджментке ба­ғыну­ды үйреніп қоймайды, сонымен бірге рухани мәдениеті толысқан, бейбіт өмірге қа­жетті кәсіптің қыр-сырын меңгерген бә­секеге қабілетті маманға айналады. Түр­лі додада дараланып, жүлде алған дарын, үл­гілі азамат болып оралады. Сондықтан қо­ғамда бұрыннан бар: «Бүгінгі солдат – ер­теңгі күзетші» деген келемеж-әзіл өзек­ті­­­лігін жойып, орнын «Бүгінгі жауынгер – ер­теңгі білікті тұлға» деген нық сенім бас­қандай.

Мысалы, биыл енгізілген «әрбір сарбаз Отан алдындағы борышын өтеу кезінде ке­мінде 5 кітап оқуға міндетті» деген талап – әс­кери ортадағы интеллектуалдық серпі­ліс­тің айқын айғағы. Ұлттық әскери-пат­риот­тық орталықтың әскери-ғылыми кі­тап­­ханасының меңгерушісі Оксана Әл­жа­нова­ның пайымдауынша, бұл бастама жеке құра­мның ақыл-ой көкжиегін кеңейтіп, тұл­ға ретінде дамытып, сыни ойлау қабі­ле­тін ұштайды, берік құндылықтарды қа­лып­тастыруға ықпал етеді. 

– Қазақстанның Қарулы Күштерінде оқу мәдениетін қалыптастыру жұмысы жүйе­лі түрде жүргізіледі. Бүгінде әскери бө­лім­дер мен мекемелерде 322 кітапхана жұ­мыс істейді. Олардың қорында 52 434 да­на көркем әдебиет және 198 293 оқу ба­сы­лымы бар. Кітапханаларда отандық ав­­­торлардың, әскери жазушылар мен әс­кери ғалымдардың көптеген еңбегі сақ­тал­ған. Бізде сирек кездесетін кітап өте көп. Жыл басынан әскери қызметшілерге 48 837 кі­тап берілді, – деді О.Әлжанова. 

Ұлттық армиямыз тек қару ұстауды емес, өнер мен спорттың шыңына шығуды да насихаттайды, талант иелеріне төл ас­қар-шыңын бағындыруына дем береді. Мы­салы, жуырда «Астана» өңірлік қол­бас­шылығы 31775 әскери бөлімінің рота стар­ши­насы Тимур Ержанов 200 шақырымға жү­гіріп, ультрамарафонда жеңіс тұғырына кө­терілді және Қарулы күштер рекордын ор­натты: Қарағанды – Ұлытау облыстары ара­сындағы ультрамарафон қашықтығын 34 сағат 55 минутта еңсерді. 

Өткен аптада қазақстандық әскери қыз­метшілер қазақ күресі мен самбодан ТМД елдері чемпионатында бірден 10 ал­тын медаль алды. Сөйтіп, ұлттық және әс­кери-қолданбалы спорт түрлеріндегі жо­ғары дайындық деңгейін дәлелдеді. Қа­зақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тә­жікстан және Өзбекстаннан 70-тен ас­там спортшы қатысқан жарыста ұлттық құра­ма жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. 

Қазақы күш-қайрат пен жасын-жігер ға­на емес, ұлттық өнері де әскерде енді өгей емес. Биылғы 1 мамыр – Қазақстан хал­қының бірлігі күні өзге этнос өкілдері ара­сында өткен «Алтын шаңырақ» рес­пуб­ликалық ұлтаралық айтысында Қарулы күш­тердің қызметшісі, ақын Эльдана Га­бер­ман қазақ тілінің құдіретін айқын көр­сетіп, жүлделі екінші орын алды. «Ұл­тым неміс болғанымен, жүрегім қазақ деп со­ға­ды. Мен үшін айтыс – жай ғана жарыс емес, қазақ халқына және тілімe деген құр­метім, – деді ұлттық өнерді ұлықтап, Ұлы дала рухын бойына сіңірген өнер иесі.

Әскер – әлеуметтік лифт

Қазіргі қазақстандық армия үлкен өн­­­­діріс­тік-техникалық оқу полигоны іспетті. Онда жастар бұрын айтылатындай, «бір жы­лын босқа өткізбей», жаңа мамандық иге­ріп шығады. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, мысалы, сәуір айында Гвардейск гарнизонындағы Құрлық әскер­ле­рінің оқу-жаттығу орталығында 600 сар­баз экономиканың нақты секторында та­лап етілетін мамандықты игеруін аяқ­тады. Оларға сертификат тапсырылды: бұл құжаттың мәртебесі дипломмен тең! 

Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Орал, Қостанай және Өскемен қала­лары­нан әскерге алынған жас жауынгерлер 5 ай­дың ішінде танктің, жаяу әскердің жауын­герлік машинасының, КамАЗ-43114, «Орал-4320», өзге көліктің механик-жүр­гізу­­­­шісі, жөндеушісі, аспаз және басқа ма­­­­­мандықты меңгеріпті. Олар С және С1 са­­натындағы жүргізуші куәлігін қоса алды. Мер­зімді әскери қызметін аяқтаған соң кө­лік, логистика және жүк тасымалдау са­­­­ла­­сында жұмысқа тұра алады. Түлек­тер­дің бірі алысқа, Еуропаға жүк таситын жүр­­­гізу­ші болғысы келетінін жеткізді.

– Шымкенттенмін. Жүк автокөлігінің жүр­гізушісі курсын оқып, куәлігін алдым. Қазақстан транзиттік мемлекет ретінде дамып келеді. Президент елді хаб ретінде да­мытатынын айтты. Бұл біз сияқты жас­тарға жоғары табысқа, бизнеске, жарқын бо­лашаққа жол ашады, – дейді қатардағы жауын­гер Тахир Әбдіразақов. Жалпы, Құр­лық әскерлерінің оқу-жаттығу орталығы жыл сайын 1200 маман даярлап шығарады екен. 

Ефрейтор Комрон Тулабоев – ақпарат­тық технологиялардың білікті маманы бо­лып қана қоймай, әскерде жүріп, төл стар­таптарын бастаған көрінеді. Өз бас­та­масымен ол бірқатар цифрлық жоба әзір­леп, енгізді. Атап айтқанда, ақпараттық қауіп­сіздікті мониторингтеу жүйесін, әскери қыз­метшілердің өзара байланысына ар­нал­ған онлайн-платформаны және дерек­терді цифрландыру құралдарын іске қосты. Бұл шешімдер жұмыс үдерісін жеңілдетіп, шешім қабылдау жылдамдығын арттырған. 

Алматыда да екі аптадай бұрын Жөн­деу­ші кіші мамандар даярлайтын оқу орта­лы­ғының алғашқы түлектері оқуын аяқ­тады. Олар 4,5 ай ішінде тек армияда ғана емес, азаматтық экономика секторында да сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріпті. Өткен жылы құрылған мекемеде оқыту 9 бағытта ұйымдастырылады. Мұнда зы­мыран-артиллериялық қару-жарақты, сауыт­ты автокөлік техникасын, сондай-ақ ме­талл, ағаш өңдеуші, дәнекерлеушілерді, мо­тористерді және аккумулятор элек­т­рик­терін жөндеуші мамандарды даярлайды. Тіпті, Илон Масктың өзі болашақ дәл осын­дай «көк жағалы» мамандар қолында еке­нін мәлімдеген. АҚШ-та олар жоғары жа­лақылы мамандық иесі саналады. Оқу ор­талығының бастығы, подполковник Нұр­кен Орынбасаров жастар арасында ел қор­ғау ісіне деген қызығушылықтың арт­қа­нын жеткізді. Мәселен, орталық қабыр­ға­сынан түлеп ұшқандардың 30%-ы ар­мия­дағы бүгінгі қолайлы жағдайларға риза болып, қызметін әрі қарай келісімшарт бойынша жалғастыруға шешім қабыл­дапты.

Мемлекеттік қамқорлықтың қарымы

Мемлекет әскерден оралғандардың әлеу­меттік жағдайын да назардан тыс қал­дырмайды. Солдаттар Қарулы күштерде кәсіп игермегеннің өзінде бұл ниетін аза­мат­тық өмірге оралған соң жүзеге асыра ала­ды. 2026 жылы әскерден оралған 1 мың­нан аса қазақстандық грант иегері атан­ды: оларға 22 сәуірде ЖОО-да тегін оқуға сертификат табыс етілді. 

Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орын­ба­сары генерал-майор Асқар Мұстабековтің түсіндіруінше, жас ұрпақты Отан алдын­да­ғы борышын өтеуге ынталандыру мақ­сатында Қорғаныс министрлігінің бас­та­ма­сымен 2023 жылы «Сарбаз 2.0 – Сроч­ни­ки 2.0» жобасы басталды. Ол кейін заң жү­зінде бекітілді. Бұл жоба әскерде боры­шын өткерген азаматтарға ҰБТ тапсырмай-ақ, университеттерге түсуіне мүмкіндік бе­ре­ді. Жатақханадан орын ұсынылады. Ме­дициналық, педагогикалық мамандық­тар­ды таңдаса, ай сайын – 84 000 теңге, өз­ге мамандықтарды қаласа, 52 372 теңге сти­пендия төленеді. Әскерден қайтқандар ара­сынан мемлекеттік грантқа үміткерлерді ірік­теу «Сарбаз 2.0» цифрлық жүйесі арқы­лы жүзеге асырылды. Мұның бәрі – Отанға адалдығы үшін лайықты құрмет.

2023-2025 жылдар аралығында жүйеде бар­лығы 180 мыңнан астам әскери қыз­метші тіркеліп, білім грантын алуға үміткер атанды. Оның ішінен жыл сайын екі мың­нан астамы іріктеледі. «Сарбаз 2.0» жобасы әс­кери қызметшілерді қолдаудың тиімді құра­лына айналып, әскердегі қызмет жас­тарға білім беру, кәсіби өсу және сенімді болашақ үшін нақты мүмкіндіктер ашаты­нын дәлелдеп отыр.

Цифрлы әскер және заманауи тәртіп

Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында барлық саланы цифрландыруды жүк­теген еді. Әскерге шақыру процесін цифр­лан­­дыру мақсатында Қорғаныс министр­лігі 2018 жылдан бері төл «Жұмылдыру ресур­сы­ның автоматтандырылған есепке алу ин­теграциялық шлюзі» ақпараттық жүйе­сін пайдаланып, әскерге ша­қы­ры­лу­шы­лар мен әскери міндеттілерді әскери есеп­ке алу­мен байланысты процесті цифр­лан­­дыр­ды. 

Сонымен қатар ведомство әскери есеп­ке алуға байланысты міндеттерді орын­дауға жеке және заңды тұлғалардың қа­тысуын барынша азайтуға бағытталған «Smart воен­комат» жобасын қолға алды. Жоба шең­бе­рін­де келесі процестер цифрландырылыпты: біріншісі – ішкі көші-қон кезінде аза­мат­тарды әскери есепке автоматты түрде қою. Тұрғылықты жерін ауыстырса, «Әс­кери есеп­ке қою» мемқызметіне жүгіну қа­жет­тілі­гі жойылды. 2025 жылы 350 мың­нан ас­там адам қайта есепке алынды. 

Екіншіден, әскер қарсаңындағы 17 жас­­тағы жасөспірімдерді автоматты түрде тір­­кеу жолға қойылған. Бұрын осы процесс олардың жеке қатысуын талап ететін. Ол үшін бүкіл елде жастарды жаппай жинап, ме­­дициналық куәландыру үшін аудан ор­та­лығына жеткізуші еді. Жыл сайын осы іс-шараға бюджеттен шамамен 1 млрд тең­­ге жұмсалыпты. 

Мұның сыртында мерзімді әскери қыз­мет­ке шақыруды автоматты түрде кейінге қал­дыру және одан босату саласы цифр­лан­дырылды. Нәтижесінде, оқушы жастар; үй­ленген, балалары бар; мүгедектігі бар адам­дар; ауылдық жерде жұмыс істейтін пе­дагогтар әскерге шақыруды кейінге қал­дыру үшін әскерге шақыру комиссиясының отырысына шақырылмайды. Ол адамның мәртебесі өзгеріп, кейінге қалдыру негізі жоғалса, оны шақыру автоматты түрде жүзе­ге асырылады. 

Әскерге шақырылушыны медкуә­лан­дыруды автоматтандырған «Е-медосмотр» ақпараттық жүйесі енгізіліп жатыр. Бүгінде оны Астана және Шымкенттің, БҚО, Же­ті­су, Алматы облыстарының медко­мис­сия­лары пайдаланады. Бұл өзара іс-қимылды ұйымдастыруға және жазылған аурулар, жарақаттар туралы мәлімет алмасуға мүм­кіндік береді. Ал Үкімет басшысы Олжас Бек­тенов депутаттарды сержанттар мен ке­лі­сімшарт бойынша қызметшілерді оқы­тудың үлгілік бағдарламалары енгізіліп жат­қаны жөнінде құлағдар етті.

– 2028 жылға дейінгі «Әскердегі заң мен тәр­тіп» ведомствоаралық бағдарламасы шең­берінде Қорғаныс министрлігі Ғылым жә­не жоғары білім министрлігімен, күштік ор­гандармен бірлесіп, офицерлер мен ке­лісімшарт бойынша әскери қызметшілерді белсенді оқытудың жаңа формаларының үлгілік бағдарламаларын әзірлеп жатыр. Оған дәріс-диалог, семинар, мастер-класс, тренинг, «іскерлік ойын», брейнсторминг кіре­ді. Бұл бағдарламалар қызметке әсер ете­­тін факторлардың өзектілігіне байла­ныс­­ты өзгеріп отырады, – деді Премьер-ми­нистр. 

Ол мерзімді әскери қызметтің тартым­ды­лығын арттырып, оны өткеруге ынта­лан­дыру мәселесі уәкілетті мемлекеттік ор­гандардың ұдайы бақылауында екенін ха­барлады. Қорыта айтқанда, бүгінгі қазақ әскері тек қару-жарақ емес, білім мен бі­лік­тің, рух пен технологияның тоғысқан ме­­кені. Отанды қорғау қасиетті борыш бол­­са, сол борышты өтеу – болашаққа са­­лын­­ған ең сенімді инвестицияға айнал­мақ.

Айхан ШӘРІП

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью