Руслан Акун, режиссер: Бұл түркі халықтарына ортақ кино

24.01.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Фильмнің сәтті шы­ғуына қазақстандық киногер­лер­дің де үлесі бар. Режиссер Руслан Акун осылай дейді. Анасын Меккеге жаяу апаруға бел буған баланың әрекеті қоғамдық санаға әсер етпей қоймады. Жақында «Пейіш 2: Анама хат» аталатын фильмнің екінші маусымы жарыққа шығып, еліміздің бүкіл кинотеатрларында көрсе­тіл­­мек. Осы орайда режиссер Руслан Акунмен сұхбаттасқан едік. 

– «Пейіш. Жұмақ ананың табаны­­ның астында» фильмін тү­сіруге не түрткі болды? Бұл идея қалай туды?

– Алғашқы фильмнің идеясын бізге актерлеріміздің бірі Болот Тентимышов ұсынды. Идеясы ма­ған бірден ұнады. Бірақ кино түсі­рілімі аяқталғаннан кейін бас­тап­қы мазмұннан кішкене ауыт­қыды. Басында ішімдікке қатты салын­ған, жасы үлкен ер адам қандай да бір себеппен анасын арқалап алып жүреді де, сол сәтте сол адам­ның ішкі жан дүниесі өз­ге­ретін. Бірақ Меккеге жаяу апа­ра­­тын идеясы өзгермеді. Маған осы жері ұнаған. Себебі бала ке­зімнен ата-бабаларымыздың бұ­рын ат­пен, жаяу жүріп қасиетті орынға барғаны туралы әңгіме­лерді көп еститінмін. Бұл тақырып мені әр­дайым қызықтыратын. Сондық­тан Болотпен сөйлескен кезде мен оған бірден: «Идея ма­ған өте ұнай­ды, бірақ сценарийді өз көз­қарасыммен толықтай қай­та жаз­ғым келеді. Басты кейіп­кер­ді де мүлде басқа қырынан жа­са­йын. Егер рұқсат берсең, осыны өзім жү­зеге асырсам», – деп ұсы­ныс айттым. Біз бұған дейін де бір­ге жұмыс істеген едік, сондық­тан ол: «Руслан, мен саған сене­мін. Бұл идеяны бұзбайтыныңа күмәнім жоқ, қалай ойласаң, со­лай жаса», – деді. Осылайша, біз бұл оқиғаны қайта жаздық.

– Анаңыз фильмді көрді ме?

– Иә, көрді. Әдетте екі-үш рет қайтара көреді. Фильмнің жабық көрсетілімінде болып, қатты уа­йымдап отырды. Киноны көрмес бұрын да қайта-қайта көрермен қалай қабылдар екен дей берді. Сөйтіп, бірінші көргенінде толқу мен уайым басым болды. Бірақ сәтті шыққанына қатты қуанып, қатты құшақтағаны әлі есімде.

– Ал кейіпкерлерді қалай таң­дадыңыз? Меккеге дейінгі жолда кездескен әр елдің (Қа­зақ­стан, Өз­бекстан, Түркия, Сирия) актер­лерін де өзіңіз таңдадыңыз ба?

– Негізі «Пейіш» оңай түсіріл­меді. Әр елде жеке командамен жұмыс істедік. Актерлерді өте ұзақ әрі мұқият таңдадық. Өйт­кені фильмде халықта­рымыз ара­сындағы бірлік пен бауырластық рухын көрсету қажет болды. Шы­нын айтқанда, Қа­­зақстандағы және Өзбекстандағы әріп­­­тестері­міздің кө­ме­гінсіз бұл фильм­ді түсіру мүмкін бол­мас еді. Себебі Қа­зақстанға келген кезде ешкімді танымай­тын­быз, ештеңені біл­ме­дік. Қазақ­стандағы продюсеріміз Саламат Исабаев, тағы басқа ма­мандар Түркіс­тан­дағы түсірілімді ұйым­дастыруға үлкен көмек көр­сетті. Сол кезде Түркістанға алғаш рет бардым. Қала мені қатты таң­ғал­дырды, шынымен де ерек­ше әсер алдым, өте қатты ұнады. Дайын­дыққа біраз уақыт кететін еді, қа­зақ­стан­дық әріптесте­рі­міздің қол­­да­уы­ның арқасында бұл жұ­мысты сәтті атқара аяқтадық.

–  Кино қоғамдық санаға қатты әсер етті ғой. Экранға шыққаннан кейін басты кейіпкерлер сияқты киініп, көшеде арбамен жүргендер желіде көпшілікті сүйсінтсе, енді бірі велосипедпен Меккеге жолға шықты. Осындай қоғамдық әрекет қалыптасатынын білдіңіз бе?

– Біз тек анаға деген махаб­батты еселеткіміз келді, көрер­мен­­нің көңілінен шықсақ деген ой болды. Фильмнен кейін ана­сын арбаға отырғызып жолға шық­қан адамдар туралы естуім бар. Оларға жол бойы әркім кө­мектесіп отырған. Жолға шыққан ана мен балаға қатты уайымдадым, бірақ оларға қол ұшын созғандарға іштей риза болдым.

– «Пейіш. Жұмақ ананың та­банының астында» киносын көзге жас алмай көру мүмкін емес. Бірнеше елде түсіру қиын болған шығар? Ең қиын әрі ұзақ сахна қай елдерде өтті?

– Фильмді жеті елде түсірдік. Ең қиыны – Сирияға қатысты көріністерді түсіру болды. Сирия тақырыбы бойынша ұзақ іздендік, алғашында бұл жерде түсіреміз деген ой болмады. Әуелі Түр­кияда түсіруді ойладық, ке­йін Сирияның өзінде түсіру мүмкіндігін де қа­рас­тыр­дық. Бірақ ол жақ өте қа­уіп­ті болды. Сөйтіп, Мысырға тоқ­тадық. Мысырда өте үлкен кино павильондары бар екен, тү­сірілімді сол жерде жүргіздік. Тү­сірілім алаңында шамамен 300 адам жұмыс істеді. Бұл – тәжі­ри­бемде алғаш рет осыншама көп адам бір алаңда жұмыс істеген жағ­дай болды. Әрі тек аударма­шы­лар арқылы ғана қарым-қа­тынаста боламыз. Сондықтан жұмыста аздап қысым сезіп, үлкен жауапкершілікті мой­ныма алдым. Киноның ең таң­ғаларлық тұсы – жоспардан тыс сахналардың бо­луы. Иә, лока­ция­лардың аяқасты таңдалуы, кейбір жоспардағы эпизодтардың қыс­қаруы болса да жақсы нәтижеге қол жеткіздік.

– Бұл фильмнің екі маусымы қалай қаржыландырылды? Жоба­ны түсіру қанша уақытқа созылды?

– Продюсерді ұзақ уақыт ізде­дік. Оған бірнеше сценарий айтып едік, ішінен «Пейіш. Жұмақ ана­ның табанының астында» оқиға желісі ұнады. Ол тіпті: «Қымбат­тырақ болса да, осы фильмді тү­сірейік, мен дәл осы оқиғаны экран­нан көргім келеді», – деді. Себебі өзі анасыз өскен екен. Бәлкім, осы фильм арқылы ішкі сезімін, басынан өткенін экран арқылы қайта сезінгісі келген болар. Осылайша, жобаны қол­дау­ға келісім берді. Бірінші мау­сы­мын жеті елде түсірдік дедім ғой, ал екінші бөлімін төрт елде тү­сірдік. Екі маусымында да таны­мал актерлер ойнайды. 

– Фильмде әр елдің белгілі бір қалалары түсірілген. Сол лока­цияларды қалай таңдадыңыздар?

– Орталық Азиядағы түркі елдерінің табиғатын, сұлулығын көрсетуге тырыстық. Қырғыз­стан­дағы керемет таулы өлкеден бө­лек, Қазақстанның Түркістан қа­ласына, Өзбекстанның Наман­ган қаласына барып түсірдік. Фильм­нің басты мақсатының бірі – локацияларды Орталық Азия­ның визиттік карточкасына ай­нал­дыру еді. Және бұл фильм түр­кі халықтарына ортақ туынды болғанын қаладық. Сондықтан әр елдегі түсірілімге үлкен құр­мет­пен, ерекше жауапкершілікпен қарадық. Көркемдік топ та аса мұқият жұмыс істеді: кадрдың әр бөлігі әдемі, тартымды, көрермен­ді баурап алатындай болуы үшін бар күшін салды.

– Қырғызстанның киноиндус­триясы жайлы айтып беріңізші. Қазақ киноларын да көріп жүрсіз. Кино саласында қандай ұқсастық­тарды байқадыңыз?

– Бүгінде қырғыз киноин­дус­триясы қарқынды дамып келеді. Мықты жеке студиялар, тұрақты жеке инвесторлар пайда бола бастады. Ең бастысы, жастар ара­сынан өте көп талант шығып жа­тыр. Осы орайда мынаны айтқым келеді: былтыр қазақстандық фильм­дердің кассалық түсімі бұрынғымен салыстырғанда 50 пайыздан асты. Яғни, отандық фильмдер көрермен назарын алып, алдыңғы жылғы табыстың жартысынан көбін жинады. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Мұндай құбылыс қазір ТМД елдерінің ішін­де тек Қазақстан мен Қыр­ғызстанда ғана бар. Басқа бірде-бір елде әзірге отандық кино прокатта осындай басымдыққа ие болып отырған жоқ. Менің ойым­ша, бұл – мақтануға тұрар­лық факт. Беларусьте де, Балтық елдерінде де, Өзбекстанда да, Тәжікстанда да отандық киноны Қазақстан мен Қырғызстан­дағы­дай ұзақ уақыт бойы, тұрақты түр­де әрі кең көлемде қолдап отыр­ған жоқ. Ал бұл сенім бізге үл­кен жауапкершілік жүктейді. Біз үнемі дамып, өсіп, өмірімізді жақ­сартатын, адамдар арасын­дағы қарым-қатынасты ны­ғай­татын, достықты күшейтетін та­рихтарды айтуымыз керек. Осы жауапкершілікті терең түсінуіміз қажет. Себебі біз жылдар бойы аз-аздан жинап келген жетістікті бір жылдың ішінде-ақ жоғалтып алуымыз мүмкін. Сондықтан бұл салада әрқашан байыпты жұмыс істеуіміз керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью