Сәби көз жұмды : Қызылордада ана мен баланы қағып, қашып кеткен жүргізушіге іздеу жарияланды

16.10.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Қызылордада көлігімен адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткен күдікті іздестіріліп жатыр. Полиция департаментінің мәліметінше, қазір қалаға кіреберіс жолдарда бақылау күшейтілген, – деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиға 3 күн бұрын болған. «Mitsubishi Lanser» автокөлігінің жүргізушісі қолында 5 айлық сәбиі бар ананы қағып, оқиға орнынан бой тасалаған. Бұл оқиға осы маңдағы бейнебақылау камералардың біріне түсіп қалыпты. Апаттан кейін ауыр жарақат алған келіншек пен оның баласы дереу жансақтау бөліміне жеткізілген. 

Алайда сәби ауруханада көз жұмды. Облыстық полиция департаменті күдіктінің жеке басын анықтап, оған іздеу жариялады.

– Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы және оқиға орнынан кетіп қалу деректері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдіктінің жеке басы анықталды. Қызылорда облысының Полиция департаменті оның жүрген жерін анықтау және ұстау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда. Қалаға кіреберіс жолдарға бақылау күшейтілді. Күдіктіні іздестіру және ұстау бойынша жедел іздестіру шараларына полиция департаментінің барлық күштері мен құралдары жұмылдырылды, - деді Қызылорда облыстық Полиция департаменті анықтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Рақымжан Сұлтанқұлов.

Ал оқыс оқиғадан зардап шеккен әйел жедел жәрдем бригадасымен өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер қажетті ем-домнан кейін де оның жағдайын «тұрақты ауыр» деп бағалап отыр.

– Науқас бізге түскен кездегі диагнозы – көптік жарақат. Атап айтқанда: бас сүйектің ашық жарақаты, бас миының орташа дәрежедегі соғылуы, шүйде сүйегінің сынығы, сол жақ кеуде қуысының үшінші, төртінші, бесінші қабырғалары мен бұғананың жабық сынығы, жамбас сүйектерінің жабық сынығы және екі аяқтың тобықтарының ығыспаған жабық сынығы анықталып, осы диагнозбен жатқызылды. Қазіргі уақытта тиісті ем қабылдап жатыр. Жағдайы – тұрақты ауыр. Есі анық, тынысы өздігінен, гемодинамикасы тұрақты, – деді Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы директорының хирургиялық қызмет жөніндегі орынбасары Әсет Жалмағанбетов.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью