Сахнада сөйлеген тарих

29.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Тәуелсіздік жылдары қа­зақ қоға­мы өзінің та­рихи жадын қайта жаңғыр­туға бет бұрды. Ұзақ уақыт көмескі тартқан көптеген тарихи тұлғалар ұлттық сананың төрінен орын алды. Солардың бірі – Жошы хан. Бұрын көбіне Шыңғыс ханның үлкен ұлы ретінде ғана танылып келген қайраткер бүгінде Ұлы даладағы мемлекеттілік дәс­түр­дің негізін қалаушылардың бірі ретінде жаңаша бағаланады. Осы игі үрдіске тарих ғы­лымы ғана емес, әдебиет пен театр да сүбелі үлес қосып келеді. Соның жарқын дәлелі – Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық акаде­мия­лық музыкалық драма театрында режиссер Болат Ұзақов сахналаған Думан Рамазанның «Жошы хан» тарихи драмасы. Қойылым тарихи тұлғаның өмір жолын баяндаумен шектелмейді. Ол Жошыны мемлекеттілік туралы жаңа ойдың иесі, Ұлы даланың саяси мә­де­ниетін қалыптастырған көреген қай­рат­кер ретінде пайымдайды. Сондық­тан спектакльдің өзегінде бір әулеттің тағдыры ғана емес, ұлттың елдік мұраты, мемлекет құру идеясының көркем шежіресі жатыр.

Театр репертуарын тарихи тақы­рып­та­ғы тың туындымен толықтыр­ған қойы­лым­ның өзек­тілігі сол – Жошы тағдыры ар­қылы қазақ тарихының тереңі­не бойлайды. Режиссер, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақовтың көркем сараптауында көрерменге жол тартқан туынды ұлттық мемлекеттіліктің бас­тауына жаңаша үңіліп, Жошы тұлғасын елдік идеяның өзегіне айналған қайраткер ре­тін­де танытады. Сондықтан оның қоғам­да қызу тал­қылануы – сахналық табыс­тың ғана емес, тарихи сана­ның серпілгенінің де көрінісі. Қойы­лым­ның қоғамдық маңызын Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың премье­­­­­раға арнайы қатысып, жоға­ры баға­лауы да айқындай түсті.

Рас, кейінгі жылдары қазақ театрын­да тарихи тақырыптағы спектакльдер аз қойылған жоқ. Алайда олардың барлығы бірдей көр­кемдік тұтастыққа қол жеткіз­ді десек, артық айтқан болармыз. Кейбірінде тарихи дерек сах­на­лық әрекетті басып кетсе, енді бірінде режиссерлік концепция драматургиялық негізден алшақ жататын. Ал «Жошы хан» спектаклінде драматургия, режиссура, актерлік ансамбль, сценография және музыка өзара табиғи үндестік тапқан.

Қойылымның тағы бір ұтқан тұсы – драма тілінің табиғи­лығы мен сахналық әрекет­ке құ­рыл­уын­да. Автор кейіп­кер­леріне уақыттың рухын дарыт­қа­ны­мен, оларды әсірешешендікке ұрындырмайды. Пьесаның тілі жатық, табиғи әрі бейнелі. Автор диа­логті ой айту құралы ғана емес, мінез ашатын, тартысты тереңдететін драматургиялық тетік ретінде пайдаланады. Осы себепті де спектакль  тарихи тақырыпқа тән әсірепафос пен шешен­дікке бой алдырмай, сахна­лық шынайылыққа қол жеткізген.

Думан Рамазанның «Жошы хан» драмасының көркемдік қуаты ең алдымен оның тартыс табиға­ты­нан көрінеді. Драматург тарихи оқиғаларды тізбелеуді мақсат етпейді. Ол тарихтың өзегін­дегі адамды іздейді. Сон­дық­­тан пьеса­да­ғы негізгі конфликт сыртқы оқиғалардан емес, кейіпкерлердің дүниетанымынан туындайды. Олай деуімізге себеп – бұған дейін қазақ драматургиясында тарихи тұлғалар көбіне қаһармандық биіктен көрсетіліп келді. Мұндай шығар­маларда кейіпкердің ұлы­лығы оның жеңістерімен, ерлі­гі­мен өлшенетін. Ал «Жошы ханда» бұл дәстүр өзгеше сипат алады. Автор тарихи тұлғаны мінсіз батыр ретінде емес, күмәнданатын, таңдау жасайтын, тарихи жауап­кер­­шіліктің салмағын сезіне­тін адам ретінде көрсетеді. Осы ар­қылы Жошы бейнесі аңыздық кеңістіктен шығып, сахналық шынайылыққа ие болады. Автор идеясын режиссер де сәтті жалғап әкете алған. Өзара үндестікке құрылған тамаша тандем айтулы туындыны тарихи оқиғалардың тізбегі деңгейінен әлдеқайда биік­тетіп, тарихи сана туралы философиялық толғанысқа ай­нал­­дырады. Режиссердің негіз­гі мақсаты – XIII ғасырдағы оқи­ғаларды қалпына келтіру емес, сол ғасырдың рухани мәселе­ле­рін бүгінгі көрерменнің санасына жақындату. Осы арқы­лы спектакльдің өн бойында өткен мен бүгіннің арасында көрінбейтін рухани көпір түзіледі.

Театртануда тарихи қойы­лым­ның екі түрлі бағыты қалыптасқан. Біріншісі – тарихи реконструкция. Мұнда режиссер дәуірдің тұр­мы­сын, қару-жарағын, киім үлгісін, этнографиялық дәлдігін барынша қалпына келтіруге ұмтылады. Екіншісі – тарихи интерпретация. Бұл бағытта тарихи дерек режиссердің көркемдік ойына бағынады. Болат Ұзақов екінші жолды таңдаған. Сондықтан спек­такльде тарихи дәлдіктен бұрын тарихи шындық маңызды. Режис­сер сахнаны мұражайға айналдырмайды. Ол көрерменді XIII ғасырдың тұрмысымен емес, XIII ғасыр адамының жан дүниесімен жүздестіреді. Бұл – қазіргі әлемдік театрдағы тарихи спектакльдің басты ұстанымдарының бірі.

Пьесаның драматургиялық өзегі – Жошы мен Шыңғыс хан арасындағы тартыс. Бірақ бұл билік үшін күрес емес, екі түрлі дүниетанымның қақтығысы. Бірі әлемді күшпен біріктіруге ұм­ты­лады, екіншісі сол кеңіс­тік­тегі халықтың тарихи болмысын сақтауды ойлайды. Осы тартыс арқылы драматург Шыңғыс хан дәуірінің ғана емес, бүгінгі күннің де маңызды сауалдарын алға тартады. Аталған идеяны Болат Ұзақов сахна тіліне үлкен жауапкершілікпен көшірген. Қойылымның режиссерлік партитурасында кеңістік ерекше қызмет атқарады. Кейіпкерлердің сахнадағы орналасуы билік иерархиясын ғана емес, олардың рухани арақатынасын да айқындайды. Бір қарағанда қарапайым көрінетін мизансценалардың өзінде астарлы мағына мол. Жошының сахналық кеңістіктегі қозғалысы еркіндікке ұмтылған тұлғаның ішкі дина­ми­касын танытса, Шыңғыс хан көбін­е статикалық қалыпта көрі­не­ді. Осы қарама-қайшылық арқылы ре­жис­сер қозғалыс пен тұрақ­ты­лық­тың, болашақ пен өткеннің, өзге­ріс пен империялық жүйенің рәміздік тартысын жасайды.

Ал шымылдық түрілгеннен-ақ дәуір атмосферасын ала келген көне сарын көрерменін бау­рап алып, бірден қойылым ішіне енгізеді. Бұл үшін ең әуелі спектакльге музыка жазған композитор, этномузыкант Еділ Құсайынов пен Қайрат Тоқымбетовке алғыс айту керек. Музыкалық партитура спектакльдің эмоциялық өзегіне айналған. Яғни қойылымда әуен тек көріністерді әрлеуші фон емес, драмалық әрекеттің толыққанды қатысушысы ретінде қабылданады. Көне түркі сарындары кейіпкерлердің ішкі монологімен астасып, көрерменді тарихи кеңістікке жетелейді. Соның нәтижесінде спектакльдің есту кеңістігі мен көру кеңістігі біртұтас көркем организмге айналған.

Әрі қарайғы оқиға Үргеніш шаһарын басып алу жолындағы Шағатай мен Жошы арасындағы текетіреске ұласып, хандық ішін­дегі дау-дамай драма қай­шы­лы­ғын ширықтыра түсті. Басты рөлде ойнаған актер Қайыржан Садықов дебюті болғанына қара­мастан, Жошы бейнесіне барынша бойлауға тырысыпты. Жас сахнагер кейіпкерін сыртқы пафоспен емес, ішкі психологиялық дәлдік арқылы ашады. Оның орындауында кейіпкердің күші айқайында емес, үнсіздігінде жатыр. Әсіресе шешім қабылдар алдындағы кідірістер, көзқарас, плас­тикалық ұстамдылық образ­дың драмалық табиғатын айқын­дай түсті. Бұл — актердің сыртқы әрекеттен ішкі әрекетке көшкенін аңғартатын кәсіби ізденіс. Дәл осы тәсіл қойылымның идея­лық жүгін де көтеріп тұр. Оның орындауындағы Жошы – батыр­лы­­ғымен емес, мемлекетшіл ойлауымен ерекшеленетін тарихи қайраткер.

Спектакльдегі айрықша атап өтуге болатын тағы бір рөл – Шыңғысхан бейнесі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Қапаевтың сомдауындағы түрлі бейнені көріп жүрсек те, Шыңғыс хан солардың ішіндегі бір биігі болыпты. Ірілі-ұсақты рөлдер ішінен жарқырай көрінген сәтті ізденіс екенін де баса айтқымыз келеді. Жарты әлемді жаулаған жаһан әміршісін әдетте көріп жүргеніміздей қаһарлы, адуынды хан бейнесінде емес, керісінше қаһанның адами қасиеттеріне, әке ретіндегі сезім иірімдеріне бойлауға ұмтылған актерлік парасаты, психологиялық терең­дігі де көңілге жылылық сыйлады. Оның Шыңғыс ханы – алыс-жұлыстан ада, бойын парасат билеген, ұлағатты ойлар қозғайтын салмақты тұлға. Биіктен төніп тұрған селт етпес көзқарасы спек­такль­дің өн бойына қан жүгіртті. Ұлы қаһанның әрбір сөзі діттеген жерге дөп тиіп жатты. Ойлы, мағы­налы, терең тіркестер көрер­мен көкейіндегісін қозғап, көңі­лін­де­гісін тербегені анық.

Ал оның хан ретіндегі салтанатын жеткізуде қойылым суретшісі Ерлан Тұяқовтың кәсіби талғамы тәнті етпей қоймады. Шыңғыс ханның сахнаға шығуы шын мәнінде театрдың әлеуетін көрсете алды. Жаңа һәм заманауи үлгідегі театр сахнасының бар мүмкіндігін ұтымды пайдалана отырып жасалған декорация, кейіпкерлердің ажарын ашып қана қоймай, дәуір үнін дөп басқан костюмдер – бәрі-бәрі қойылымның көркемдік деңгейіне қызмет еткен. Әр детальға, сахна декорациясына тиянақты дайындалғаны бірден сезіледі. Жарық пен музыканың үйлесімділігі, LED экранның мүлтіксіз қабысуы да көрермен көңілін көл-көсір қуанышқа бөлеп, Дешті Қыпшақ даласының байтақ рухын айшықты көрсете білді. Сахна суретінің осы ерек­ше­лігі лайықты бағаланса керек, Ерлан Тұяқов «Қазақстан театрлары – 2023» мониторинг қорытындысы бойынша «Жошы хан» спектаклінің костюмдері үшін «Жыл костюм суретшісі» ата­лы­мында Қазақстан «Театр сын­шы­лары бірлестігінің» «Сыншы­лар жүлдесі» сыйлығына ие болды.

Сонымен қатар сахнада эпизод­тық рөлде жүрсе де, Төле рөліндегі Біржан Жүнісов, Бектомыш – Бегімнұр Қалила, Кетбұға жырау – Қасымхан Бұғыбай ізденісін айрықша атап өткіміз келеді. Бала Бату бейнесінде көрінген Әлкен Ысмайыл да болашағынан зор үміт күттіреді.

«Жошы ханның» басты жетіс­тігі – өткенді дәріптеуінде емес, бүгінгі көрерменді тарих туралы ойландыруында. Қойылым аяқталған соң көрермен Жошы туралы көбірек білгісі келеді, Ұлытауға тағзым еткісі келеді, қазақ мемлекеттілігінің бастау­ларына қайта үңілгісі келеді. Театрдың қоғамдық миссиясы да дәл осы тұста көрінеді. Себебі қойылым көрерменге дайын жауап ұсынбайды. Керісінше, «Мемлекет деген не?», «Елдіктің негізі қайдан басталады?», «Тарих бүгінге не айтады?» деген сауалдарды алға тартады.  Сондықтан «Жошы ханды» репертуардағы кезекті тарихи спектакль ретінде бағалау жеткіліксіз. Бұл – ұлт­тық театрдың тарихи жадпен қайта қауыш­қан сәті һәм тәуел­сіз Қазақ­стан мәдениетінің көр­кемдік кемел­денуінің айқын көрі­нісі. Өйт­кені сахнада тарих сөй­легенде, халық өзінің өткенін ғана емес, ертеңін де таниды.

Расымен де, қазақ театр тарихында тұңғыш рет сахнаға жол тартқан Жошы бейнесінің көрермен үшін маңызы мол. Түркі баласын бір тудың астына жинап, артынан ерген елдің тыныштығы мен біртұтастығын ойлаған оғлан, Шыңғыс ханнан кейін қаны түркі баласына бір шаңырақтың астына бас қосқызып, бір қазаннан дәм татқызған, тағдырын бір қазыққа байлаған Жошы өмірі ел­дің елдігін, ділдің бастауын көр­сететін құндылық десек, қателес­пейміз. Сондықтан да айту­лы қойылымның Абай атын­дағы Қазақстан Республика­сының Мемлекеттік сыйлығына ұсы­нылуын ұлттық театрдың көр­кемдік ізденісіне, тарихи тақы­рып­ты жаңаша игерген шы­ғар­машылық ұжымның еңбе­гіне, тәуелсіз ел мәдение­тінің кемелденген кезе­ңіне берілген әділ баға деп білеміз. Өйткені өнер уақытпен өлшенеді. Ал уақыт сынынан өтетін шығармалар ғана ұлттың рухани жадына айналады. Біз­діңше, «Жошы хан» – сондай спектакль.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью