Сайлауалды платформасын бекітті

10.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Съезд мінберінен сөз алған партия төрағасы Азаматхан Әміртаев жаңа Конституцияның күшіне енуі еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңін бастап отырғанын, ал алдағы Құрылтай сайлауы мемлекеттік саясаттағы экологиялық күн тәртібін күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«23 тамызда алғаш рет бір палаталы Құрылтайға сайлау өтеді. Бұл – кезекті науқан емес, Президент бастамасымен ашылған мемлекет тарихының жаңа парағы. Сол жаңа парақта міндетті түрде «экология» деген сөз жазылуға тиіс. Егер оны біз жазбасақ, ешкім жазбайды», деді А.Әміртаев.

Съездің негізгі шешімдерінің бірі – жаңа Конституцияға сәйкес партия Жарғысына өзгерістердің енгізілуі. Сонымен қатар делегаттар «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының қағи­дат­тарына, «жасыл» экономи­каны дамытуға, табиғи ресурс­тарды ұтымды пай­дала­нуға, экологиялық мәдениетті қалып­тас­тыруға негізделген пар­тия­ның сайлауалды платформасын бекітті.

Бағдарламаны таныстырған А.Әміртаев «Байтақ» партиясы еліміздегі табиғат қорғауды бағдарламаның бір тармағы ретінде емес, бүкіл қызметінің өзегі ретінде қарастыратын бірден-бір партия екенін атап өтті. Сондай-ақ ол баяндама­сында партия жұмысын қоры­тындылап, жаңа Су кодексін әзірлеуге қатысу тәжірибесін де атап өтті.

«Біз елімізге арнайы бе­йінді мемлекеттік орган – Су шаруашылығы және ирригация министрлігін құруды ұсындық. Бүгінде бұл министрлік құ­рылды. Жақында өңірлерге жа­саған жұмыс сапарым мен тұрғындармен көптеген кезде­сулер барысында осы уәкілетті мемлекеттік орган қызме­тінің нақты нәтижелеріне куә болдым», деген ол партия алдағы уақытта айналымды эко­номиканы дамытуға, заманауи экологиялық технология­ларды енгізуге күш салуды жал­ғастыратынын айтты.

Съезд барысында алдағы Құрылтай сайлауына үміткер ретінде 51 делегат тізімге енді. Олардың қатарында экологтер, дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, еріктілер, жастар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері бар.

«Бұлар – өрт сөндірген, өзен-көлдердің жағалауын тазартқан, сайлау әлі жарияланбай тұрып-ақ халықпен бірге болған экологтер, дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер мен еріктілер. Тізімнің үштен бірін әйелдер мен жастар құрайды. Бұл – жай ғана квота емес, партиямыздың шынайы келбеті», деді партия төрағасы.

Съезді қорытындылаған А.Әміртаев «Байтақ» партиясы экологиялық саясаттың нақты нәтижелерге қол жеткізе алатынын іс жүзінде дәлелдегенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью