Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Мемлекеттік сатып алу сайтында аталған жұмыстарға байланысты екі лот жарияланған. Оның бірі Есентай өзенінің жағасында Әл фараби даңғылынан Жамақаев көшесіне дейін ландшафттық композициялар жасау жобасы, құны – 482 248 042 теңге.
Екінші жоба – Сайран көлінің жағасында ландшафттық композициялар жасау, оған 548 071 520 теңге қарастырылған.
Есентай өзенінің бойындағы жоба бойынша 7 мың шаршы метрден астам аумаққа көпжылдық өсімдіктер, сәндік мақсатта 2 мың шаршы метрге жуық біржылдық гүлдер мен қызғалдақтар егіледі. 8 650 дана гортензия бұтасы отырғызылады. Жаяу жүргіншілер үшін 3 мың шаршы метрден астам аумақты қамтитын экожолдар салынады. Ал Сайран көлінің жағалауында көгалдандырудың жаңа кезеңі қолға алынады. Оның ішінде: 10 мың ш.м. аумаққа гортензия бұталары отырғызылып, маусым бойы күтім жасалады. 3 мың ш.м. астам жерге көпжылдық өсімдіктер егіліп, экожолдар төселеді. Сондай-ақ біржылдық гүлзарлар мен қызғалдақ алқабы пайда болады.
Екі лот бойынша өтінімдерді қабылдау 22 сәуірде басталады және 29 сәуірге дейін жалғасады.
Еске салайық, 2023 жылдан бастап Сайран көлінің жағасын жаңғырту жобасы қолға алынды. 2025 жылы ресми ашылуы өтпесе де, көл жағалауындағы негізгі жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ былтыр Алматы әкімдігі Әл-Фараби даңғылынан бастап Рысқұлов даңғылына дейінгі 7,2 шақырым болатын өзен арнасын жаңартылатынын хабарлады. Бұл жобаны жүзеге асыруға 11 миллиард теңге жұмсалмақ.