Сайранда итті ажалдан арашалағандар 10 жылдан кейін қайта кездеспек

04.04.2026

Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Бұл мүсін Үлкен Алматы өзенінде болған нақты оқиға негізінде жасалған. Сол күні көпір үстінде тұрған адамдар бір сәтте ойланбастан әрекетке көшіп, қол ұстасып тізбек құрып, жануарды ажалдан арашалап қалған еді.

Ескерткіштің ерекше тұсы – оның «тірі» символикасында. Соңғы мүсіннің созылған қолы қоршаудан асып тұрады. Кез келген адам оған өз қолын қойып, сол бірлік тізбегінің жалғасына айнала алады.

Фото: Біржан Сейдахметтің жеке архивінен

«Ойланып үлгермедік… жай ғана көмектестік»

Итті құтқарып қалғандардың бірі – алматылық Біржан Сейдахмет. Ол сол күнді былай еске алады:

– Сол күні Сайран көлінің жағасында қыдырып жүргенбіз. Көпір үстінде тұрғанда иттің жоғарыдан құлап кеткенін көрдік. Бір жігіт суға түсіп, алып шықпақ болды. Басқалары қол ұстасып, тізбек құрды. Алайда жетпей жатты. Сосын біз де көмектесуге бардық. Мені «ұзынсың» деп төмен түсірді. Төмендегі жігіттің қолынан ұстап, жоғарыға тартып шығардық. Жоғарыда тұрған әйелдер итті алып кетті. Сосын бәріміз өз жөнімізбен кеттік, - дейді ол.

Ол бұл сәтте ешкім батылдық туралы ойламағанын айтады. Барлығы ішкі түйсікпен әрекет еткен.

– Ондай кезде ойлануға уақыт болмайды. Сол маңнан өтіп бара жатқан кез келген адам көмектесер еді деп ойлаймын, - дейді Біржан.

Фото: Алматы әкімдігі

Жылдар өткен соң сол сәттің ескерткішке айналғанын естігенде, Біржан жай ғана жымиып еске алған.

– Видеоны кейін көрдік. Әлеуметтік желіде тарап кетіпті. Мүсін қойылатынын ағамнан естідім. Ерекше сезім болды. Біздің қоғамда біреу қиындыққа тап болса, ешкім қарап тұрмайды. Көмек көрсету – біздің болмысымызда бар. Адамға да, жануарға да жақсылық жасасаң, оның сауабы бар. Бір-бірімізге мейірімді болайық, - дейді ол.

Біржан Сейдахметтің айтуынша, бұл оқиғадан кейін өзімен бірге итті құтқарып қалғандарды іздеп те, кездестіріп те көрмеген.

– Өйткені олардың ешбірін танымаймын. Жуырда осы мүсінді қоюға атсалысқан кісілер басқа адамдарды іздестіріп жатырмыз, кездесу ұйымдастырамыз деді. 10 жылдан соң қайта қауышпақшымыз, - дейді Алматы тұрғыны.

Фото: Алматы әкімдігі

Әлем жұртын таңғалдырған оқиға

Қола скерткіш ресми ашылмай тұрып-ақ, әлемдік медиа кеңістіктің назарын аударған ерекше құбылысқа айналды. Салтанатты рәсімге екі күн қалғанда соңғы орнату жұмыстарының фотолары әлеуметтік желілерде жарияланып, жаңалық санаулы сәтте-ақ кеңінен тарады. Осылайша, Алматыдағы бұл оқиға шекара асып, Испания, Вьетнам, Бразилия, Үндістан сияқты алыс елдерге дейін жетті.

Алдыңғы апта ішінде әлемнің 30-дан астам елінде бұл арт-нысан туралы жүзден аса материал жарық көрді. Олардың қатарында CBS, BBC Arabic, Times of India, Yonhap, Sin Chew Daily, La Repubblica, Inquirer.net, La Jornada сияқты беделді халықаралық басылымдар бар. «Бірлік» арт-нысаны жайлы контенттің жалпы қаралымы 500 миллионнан асып, ол адамгершілік пен жанашырлықтың жаһандық символына айналды.

Фото: Алматы әкімдігі

Бұл әсер әлеуметтік желілерде де анық байқалды. Instagram-дағы 42 миллионнан астам оқырманы бар @Pubity парақшасы ескерткіштің фотосын жариялады. Ал @jackie.sffgff бөліскен видео 19 миллионнан астам қаралым жинады. Reddit платформасында пікір білдіргендер бұл мүсінді «ізгілік пен адамдықты қадірлейтін қоғамның көрінісі» деп бағалап жатыр.

Әлеуметтік желілердегі қызығушылық әлі де бәсеңдеген жоқ – танымал платформаларда күн сайын жаңа жазбалар мен видеолар жарияланып, «Бірлік» оқиғасы адамдарды мейірім мен өзара қолдаудың маңызын қайта еске салып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 160 тарих және мәдениет ескерткіші барын жазғанбыз.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью