Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Жетісу облысы Ескелді ауданындағы Жаңалық ауылында 500-ге жуық тұрғын бар. Елді мекен дүкендері осыдан 5 жыл уақыт бұрын алкогольді ішімдіктерді сатудан түбегейлі бас тартып, бүгінде қоғамдық тәртіп пен татулықтың үлгісіне айналып отыр. Ақсақалдар мен тұрғындардың бастамасымен қабылданған шешімнің нәтижесінде ауылда кейінгі бес жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бір қуантарлығы, Жаңалық – осы өңірдегі арақтан ада болған жалғыз ауыл емес. Бұдан бөлек тағы 30 шақты елді мекен игі іске мұрындық болып, ізгілік жолына түскен. Осылайша, Жаңалық ауылы бірліктің, жауапкершілік пен ұлттық құндылықтарға иек артудың арқасында қауіпсіз қоғам құрудың жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Ақтөбе облысында да кейінгі 10 жылдан бері 35 ауылда арақ-шарап сатылмайды. Халықтың саналы таңдауымен өмірге енген саламатты өмір салтының жөнімен барлық той-томалақ пен түрлі жиындар ішімдіксіз, тек ұлттық сусындар – қымыз бен шұбатпен ғана, сән-салтанатымен, берекелі түрде өтеді.
«Бұрын «ішімдіксіз той өтпейді» деген түсінік болған. Ал бүгінде сол қасаң ойдың тас-талқаны шығып, көзіміз анық жеткен ақиқат бар: арақсыз да қуаныш бар, тіпті берекесі әлдеқайда мол», дейді жазушы Бибігүл Иманғазина.
Айта кетсек, «Арақсыз ауыл» жобасы қоғам денсаулығын нығайтуға бағытталған тиімді бастаманың біріне айналып отыр. Тұрғындардың жаппай қолдауы арқасында бұл жобаға қосылған елді мекендер саны да артып келеді. Халықтың өмір сапасын жақсартуға, жастарды тәрбиелеуге, қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыс жалғасын таба береріне сенім мол.