Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Жаңа нормаға сәйкес, азаматтар зейнетақы жинақтарын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арқылы Ұлттық банк басқаруында қалдыруға немесе оларды толық көлемде жеке инвестициялық компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады.
Бұған дейін салымшылар жинақтарының тек 50 пайызын ғана жеке басқарушыларға өткізе алатын еді. Енді бұл шектеу алынып тасталып, әр азамат өз қаражатын басқару тәсілін өзі таңдауға мүмкіндік алады.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың пікірінше, бұл жеке басқарушы компаниялар арасындағы бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді.
«Түзетулерге сәйкес, салымшылар инвестициялық стратегияны өздерінің тәуекел деңгейіне қарай таңдай алады. Мәселен қаражаттың бір бөлігін жоғары табысты, бірақ тәуекелі жоғары активтерге, ал қалғанын консервативті автивтерге орналастыруға болады. Бұл өз кезегінде азаматтардың зейнетақы жинақтарының тиімді басқарылуына мүмкіндік береді», деді депутат.
Жаңа норма бойынша басқарушы компаниялар азаматтардың зейнетақы жинағының бастапқы көлемін сақтауға жауапты болады. Олардың қызметіне Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан бақылау жасалады.
Айта кетейік, бүгінге сенімгерлікке беру мүмкіндігін 134 мыңнан астам салымшы пайдаланып үлгерген. БЖЗҚ мәліметінше, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша инвестициялық портфельді басқарушылардың басқаруындағы активтердің жалпы көлемі 105,88 млрд теңгені құраған. Оның ішінде ең үлкен үлес 59,69 млрд теңгемен Halyk Finance компаниясына тиесілі.