Салық кодексі: міндет пен жауапкершілік

28.01.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Салық кодексі – еліміздің эконо­микалық қауіпсіздігінің негізін қалай­тын басты құжат. Салық түсімдерінің есебінен мемлекет қазы­насы толығып, бюджет жоспарланады, жолдар салынады, инфра­құры­лым дамиды, ден­саулық, білім, әлеумет сынды салалардың әлеуеті артады. 

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мемлекеттік реформаға, оның ішкі және сыртқы саясатына байланысты салық жүйесінің өзгеріп отыруы заңды. Биылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енді. Өзгерістерге қатысты жұрттың көкейінде әлі де көптеген сауал бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отыры­сында құжатты қолдану­ға қатысты елдің ойға қонымды, сындарлы ұсы­ныстары мұқият зерделенетіні, қажет болса, түзе­тулер енгізіле­тінін атап айт­ты. Осыған байланысты «Egemen Qazaqstan» газетінің онлайн форматта ұйымдастырған жиы­нына Мемлекеттік кірістер коми­теті Қосылған құн салығын әкім­ші­лендіру басқармасы бас­шы­сы­ның орын­басары Айнұр Сар­­таева, экономист-сарапшы Бауыр­­жан Ысқақ, «Атамекен» ҰКП Салық салу департаменті дирек­торының орынбасары Айдын Әбішев, тәуелсіз салық мама­ны Балжан Бақытқалиқызы қа­ты­­сып, салмақты ұсыныстары мен байып­­ты пайымдарын ортаға салды.

Өзгерістердің өзектілігі неде?

Айнұр Сартаева:

– Әлемдік экономика бір орнында тұрмайды. Ұдайы дамып отырады. Еліміз де осы үдерістен тыс қала алмайды. Нарықтың жаңа талабына икемделуге орай заңнаманы уақтылы жаңартып, заманауи талапқа сай жетілдіріп отыру қажет. Салық кодексінің қабылдануы да – осы мақсаттан туған маңыз­ды қадам. Жаңа реформаның бас­ты ұстанымы – салық жүйесін ба­рын­­ша жеңілдету, артық есеп пен әкім­ші­лік жүктемені азайту, тұрақты эконо­микалық өсімге қолайлы жағдай жасау.

Кодекстегі басты өзгерістің бірі салық есептілігінің қысқаруы болды. Оның көлемі 30 пайызға дейін азайды. Салық пен алымдардың саны 20 пайызға төмендеді, жеңілдіктер қайта қаралып, оңтайландырылды. Сараланған салық мөлшерлемесі енгізілді. Әлеуметтік сала ұйымдарына бөлек тәртіп қарасты­рылды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге салық ставкасы 3% деңгейінде сақталып қалды.

Еліміздің көптеген азаматы ипо­те­калық несиелерін зейнетақы қо­рындағы қаражат есебінен өтеп жатқа­ны белгілі. Бұған дейін зейнетақы қоры­нан алынған қаражатқа жеке табыс салығы салынатын. Егер азамат сол сәтте салық төле­ме­ген болса, ол қарыз ретінде есепте тұ­ратын. Енді бұл берешек есептен шы­ғарылады, зейнетақы қорынан алынған қаражатқа жеке табыс салығы мүлде салынбайды.

Тағы бір маңызды өзгеріс – салықтық әкімшілендіруде. Бұл бағыттағы тәсіл­дер түбегейлі өзгерді. Салықтық әкім­шілендіру жұмсарып, «жазалаушы» сипаттан сервистік модельге ауысты.

Қосылған құн салығы – еліміздің бюджетін қалыптастыратын ең ірі салық­тың бірі. Ол 16%-ға дейін артты. Бұл жерде мемлекеттік бюджет мүддесі мен бизнесті қолдау арасындағы теңгерім сақталды. Кәсіп­орын­дардың 4%-ы ғана қосылған құн салығын төлейтінін ескерсек, бұл жүк­теме бәріне бірдей әсер етпейтіні анық.

Айдын Әбішев:

– Жаңа Салық кодексі еліміздің дамуы мен тұрақтылығы үшін маңызды екенін түсінеміз. Реформаға байланыс­ты бизнес тарапынан көп шағым түсті. Солардың дені салық мөлшерлемелері мен режімдеріне, кейбір жеңілдіктердің алынып тасталуына байланысты өрбіді. Мемлекет басшысы Кодексті жетілді­руге болатынын атап өтті. Демек, биз­неске қатысты аса өзекті мәселелер қайта қаралады деген үмітіміз бар.

Медицина саласы бойынша да мәсе­лелер бар. Бұрын белгілі бір жеңіл­­діктер болған еді, ал қазір бұл салада салық жүктемесінің артқаны бай­қалады.

Бауыржан Ысқақ:

– Біз басқа мемлекеттермен салық жүйесін жиі салыстырамыз. Өзге елдерде шетелдік инвестор келіп, кәсіпорын ашқысы келсе, бірден Салық кодексіне көз жүгіртеді. Онда нақты, түсінікті, тартымды жеңілдіктер алдын ала жазы­лады. Инвестор сол талаптарды көріп, инвестицияға қатысты шешім қабыл­дайды. Өкінішке қарай, жаңа Салық кодексінен инвесторды бірден баурап алатындай айқын тетіктерді анық көре алмадым. Былтыр ғана Президент әлем­­нің дамыған елдерінде болып, инвес­­ти­ция­лық келісімшарттарға қол қойып келді. Осы келісімдер шетелдік инвес­торлардың ел экономикасына жұмыс істеуге дайын екеніне дәлел болып отыр.

Инвесторлар салықтық әкімшілен­діруі жеңіл елдерді таңдайды. Есептілігі оңай, пайызы бәсекеге қабілетті мемлекеттерге мойын бұрады. Ал біздің Салық кодексінде артықшылығымыз­ды көрсететін нақты баптар анық көрін­бейді. Мемлекет басшысы V Ұлттық құрылтайда Салық кодексін әлі де толық жетілдіруге болатынын айтты. Егер ұсыныстар түссе, Үкімет оны қарас­тырып, енгізуі керек деді. Сондықтан да елімізге келіп, жұмыс орындарын ашып, көптеген азаматты жұмыспен қамтып отырған инвесторларға арнайы, түсінікті әрі тартымды шарттар болуы керек.

Жалпы, кез келген кәсіпорын иесі немесе инвестор үш негізгі бағытқа қарай­ды. Біріншісі – салық саясатының тұрақ­тылығы мен икемділігі. Екіншісі – сот жүйесінің әділдігі. Үшіншісі – мемле­кеттің сол салаға деген көзқарасы мен ұс­танымы. Осы үш фактор қатар үйлескен жағдайда ғана инвестиция келеді.

Президент айтқандай, мемлекеттің инвесторларға деген ұсынысы жақсы. Ниет те бар. Бірақ негізгі мәселе салық саяса­тына келіп тіреліп отыр. Осы себеп­ті ин­весторларға нақты қандай салық жеңіл­діктері қарастырылғанын білгіміз келеді.

Айнұр Сартаева:

– Инвестиция – еліміз үшін аса маңыз­ды. Дамып келе жатқан мемлекет бол­ғандықтан, бізге сыртқы серік­тес­тердің технологиясы, капиталы қажет. Елімізде инвесторларға арнал­ған бірқатар салық жеңілдігі бар. Арнаулы экономикалық аймақтар жұмыс істей­ді, онда да көптеген жеңілдік қарас­тырылған. Инвестициялық келісім­дер бойынша арнайы преференциялар да бар. Бұған қоса халықаралық қаржы орталығы ашылды, «Astana Hub» жұмыс істеп тұр. Бұл алаңдардың барлығы – инвесторларға үлкен мүмкіндік.

Егер бізде салық жағдайы қолайсыз болса, инвесторлар бізге келмес еді. Бірақ олар елімізді таңдап отыр, бұл бел­гілі бір деңгейде біздің салық пен әкім­шілік саясатымыздың тиімді екенін көрсетеді.

Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан инвесторларға қатысты әкімшілік жүктемені азайту шаралары да бар. Мы­салы, тексерулерді шектеу, бақы­лау рәсімдерін жеңілдету сияқты тетік­тер енгізілген. Мұның барлығы – инвес­торларға қолайлы ахуал қалыптастыру, олардың кедергісіз қызмет атқаруына жағдай жасау мақсатында қолға алынған қолдау шаралары. 

Әділеттілік өлшемі маңызды

Айдын Әбішев:

– Өз азаматтарымызға Кодекс салыс­тырмалы түрде оңай көрінуі мүм­кін. Бірақ инвесторларға, әсіресе шетел­діктерге салық заңнамамыз күрделі кө­рінеді. Олар ең алдымен салық мөл­шерлемесі мен әкімшілендірудің күрде­лілігіне қарайды. Егер инвестор жоғары салық мөлшерлемесін, түсініксіз немесе күрделі реттеуді көрсе, елімізді ин­вестицияға тартымды ел ретінде таң­дамауы мүмкін. Сондықтан бұл мәсе­леге аса маңыз берген жөн.

Салық заңнамасының тұрақсыздығы да инвестициялық тартымдылыққа кері әсерін тигізеді. Еліміздің салық жүйесіне жиі өзгеріс енгізіледі. Нормалардың қайта-қайта өзгеруі кәсіпкерге де оңай емес. Олар әр өзгеріс сайын нормаларды оқып, өзгерген талаптарға икемделуге мәжбүр.

Ал шын мәнінде кәсіпкер немен айналысуы керек? Ол табыс табуы, отбасын асырауы, бизнесін дамытуы қажет. Бірақ заңнаманың тұрақсыздығына байланысты ол үнемі әкімшілік рәсім­дерге алаңдап, қандай норма өзгерді, бизнесімнің ертеңі не болар екен деп елеңдеумен уақытын жоғалтып жатыр. Сол себепті салық заңнамасының тұрақтылығына мән берген абзал.

Тағы бір ескеретін жайт – кейбір нормалардың бірін-бірі жоққа шығару үрдісі. «Ойын ережесі» аяқасты өзгеріп, кері шегініп жатады. Заңдағы шегіністер кәсіпкерлердің қолын әжептәуір байлайды. Мысалы, кәсіпкер бүгін белгілі бір тәртіппен жұмыс істеді делік. Ал бір жылдан кейін әлгі тәртіп қайта өзге­ріп, кәсіпкерге «салықты басқаша есеп­теу керек еді», «қызметті басқа фор­матта жүргізу керек еді» деген нұс­қау беріле бастайды. Дүдәмал күй кеш­кен кәсіпкер есептілікті қайта тапсы­руға немесе бүкіл шаруашылық қызме­т­ін қайта құруға мәжбүр болады. Кәсіп­керді әуре-сарсаңға түсіретін осындай «екіұшты» өзгерістерді барынша азайту қажет. Сілтемелі нормалардың санын мүмкіндігінше қысқартқан жөн.

Келесі маңызды мәселе – Салық кодексімен бірге қосалқы нормативтік құқықтық актілердің қабылдануы. Рефор­маны іске асыру барысында көпте­ген қосалқы актілер қабылданды. Оның ішінде Үкімет қаулылары да бар. Біз Салық кодексін халық пен бизнеске неғұрлым түсінікті болсын дейміз. Ал қосалқы құжаттар бұл ұста­нымға қайшы келеді. Кодекс барлық ресми құжаттың қаңқасы ретін­де қалыптасуға тиіс. Маңызды талап­тарды Салық кодексінің өзіне тіке­лей енгізу қажет. Себебі заң немесе Кодекс Парламентте талқыланады. Ал қосал­қы нормативтік актілер мұндай кең тал­қылаудан өтпейді. Осы құжаттар кә­сіп­­керлерге үлкен жүктеме болып отыр.

Бауыржан Ысқақ:

– Салық кодексі туралы сөз қозға­ған­да, әдетте сұрақтарды Қаржы ми­нис­­трлігі мен салық органдарына ба­­­ғыт­­­­таймыз. Алайда салық саяса­ты мен жалпы фискалдық саясат экономи­каның барлық саласына бірдей әсер ететіндіктен, бұл жерде Ұлттық экономика министрлігімен де, Ұлттық банк өкілдерімен де тығыз әрі жүйелі жұмыс істеу қажет. Мысалы, Ұлттық банк әртүрлі қаржылық транзакцияларға жауап береді, ақша ағындарын бақылайды. Қаржы министрлігі кірістер мен шығыс­тарды реттейді. Ал Ұлттық экономика министрлігі макроэкономикалық көрсет­кіштерді талдайды. Осы жерде үйлесімді әрекет керек. Егер қосылған құн салығының немесе корпоративтік табыс салығының әсерінен инфляция өссе, онда Ұлттық банк оны тежеу мақсатында ақша-несие саясатын өзгертуге мәжбүр болады.

Бірақ бізде көбінесе инфляция көтерілсе, Ұлттық банк механикалық түрде базалық мөлшерлемені көтере салады. Ал инфляцияның нақты себеп­тері қандай деген сұраққа келгенде, ол тек Ұлттық банкке емес, Үкіметке де қойылуға тиіс. Сондықтан Ұлттық эко­номика министрлігі, Қаржы ми­нистр­лігі мен Ұлттық банк арасында нақ­ты үйлестірілген байланыс, ортақ инте­грациялық жүйе қажет.

Егер электронды шот фактуралар, банк транзакциялары мен салық декларациялары бір ортақ дерекқорда тоғысатын болса, оның нәтижесі өте жоғары болар еді.

Айнұр Сартаева:

– «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Айдын Әбішевтің көтерген мәселесіне жауап бере кетейін. Әлбетте, Салық кодексіне немесе басқа да заңнамаға жиі өзгеріс енгізе беру  жақсы тәжірибе емес екенін түсінеміз. Бірақ өмір бір орнында тұрмайды, өзге­­ріс­тер болады. Мысалы, биткоин, цифр­­лық активтер деген ұғымдар кейін пайда болды, оларды реттейтін жаңа заңнамалар қабылдауға, жаңа салық баптарын енгізуге тура келді. Сол сияқты осыдан тоғыз жыл бұрын қабылданған Салық кодексі кейінгі нарықтың жаңа қажеттіліктерін, жаңа қызметтер мен тауар түрлерін толық қамти алмады. Сондықтан жаңа Салық кодексі қабылданды. Әдетте барлық заңнамалық түзетулер экономистердің, салық төлеушілердің, сарапшылардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, басқа да мүдделі тараптардың ұсыныстарын ескере отырып жасалады. Бұл өзгерістер міндетті түрде сараптамалардан өтеді. Оларды экономистер қарайды, депутаттар талқылайды, Үкімет қарастырады. Кәсіпкердің де заңнаманы әзірлеу үдерісіне қатысуға толық мүмкіндігі бар. Себебі әзірлену барысында жобалар міндетті түрде ашық порталда талқылауға шығарылады.

Иә, заңға тәуелді нормативтік актілер қабылданып жатыр. Кейбір нормалар салық төлеушілердің нақты сұрақтарына жауап беру үшін де қажет. Салық төлеуші алдымен Салық кодексін қарайды, содан кейін белгілі бір тәртіп пен ережелерді нақтылау мақсатында министрдің бұй­рық­тарына, басқа да салалық құжат­тарға жүгінеді. Егер барлық ережені Кодекстің бір өзіне енгізсек, онда Кодекс бірнеше том болып кетер еді. Көп жағдайда адамдарға бірнеше том заңды қарағаннан гөрі бір кодекс пен оған қатысты нақты ережелерді бөлек қараған ыңғайлырақ. Оның үстіне кейбір нормативтік актілер шағын немесе орта бизнеске ғана арналған болуы мүмкін, ал оларды сол санаттағы салық төлеу­шілер ғана қолданады. Сондықтан мұндай шешімдер қабылданар алдында алдымен сараланып, құқықтық баға беріледі. Дегенмен сіздер айтып отырған ұсыныстар ескерусіз қалмайды. Негізгі мақсат – баршаға қолайлы әрі теңгерімді шешім табу.

Айдын Әбішев:

– Айнұр Салық кодексі түсінікті, жеңіл әрі қолайлы болуы керек деп айтып отыр. Бұл пікірмен жалпы келісуге болады. Бірақ біз басқа нұсқаны да таңдауға дайынбыз. Қажет болса, көлемді, қалың, том-том Салық кодексіне де қарсы емеспіз. Мәселе онда емес. Бізге керегі – кәсіпкерлер салық заңнамасымен толық көлемде және дер кезінде таныса алуы. Қандай талап бар, қандай міндет жүктелген, нендей ережелер қолданылады – осының бәрі түсінікті болуы тиіс. Салық кодексі шартты түрде былтыр шілде айында қабылданды. Ал оған қатысты нормативтік актілерге әлдеқайда кейін – көбіне жылдың аяғына қарай өзгерістер енгізіледі. Оның өзінде олар толық дайын болмайды. Кейбір ережелер әлі де нақтылауды, пысықтауды қажет етеді. Нәтижесінде, бизнес әуелі Салық кодексінің қаңқасын ғана оқиды. Ал нақты тәртіптер мен та­лаптарды белгілейтін қосымша акті­лермен тек жарты жылдан кейін танысады. Осы уақыттың ішінде кәсіпкер қол­да­ныстағы реттеуден іс жүзінде артта қалып қоя­ды. Сол себепті Салық кодек­сінің ық­шам болуын, толық әрі түсінікті ақпарат­тың кәсіпкерлерге уақтылы жетуін қамтамасыз етуіміз керек. 

Сауаттылық саланың мәдениетін дамытады

Балжан Бақытқалиқызы:

– Қазір елімізде кәсіп ашу өте оңай. Бес минуттың ішінде-ақ жеке кәсіпкер атанып, есепшот ашып, жұмысты бас­­тап кетуге болады. Қаласа, бірден ком­­па­нияны тіркеп, банкке тіркеліп, им­порт-экспортпен айналысуға да мүмкін­дік бар. Шетелмен жұмыс істеуге де жол ашық. Бұл – кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік.

Егер Қытаймен салыстыратын бол­сақ, ол жақта жағдай мүлде басқа. Қы­тай­дан көптеген компаниялар бізге тауар әкеліп жатыр. Бірақ олар бүгін тіркеліп, ертең тауар сата алмайды. Оған арнайы рұқсат керек. Рұқсаты бар компаниялар ғана нарыққа шығады. Ал бізде бұл жағынан еркіндік бар, демо­кратиялық орта қалыптасқан. Сон­дықтан бизнес бастаған әр адам осы мүмкіндікті қолданған кезде кәсібі үшін жауапкершілікті толық түсінуі керек. Өз қызмет саласына қатысты заңнаманы, талаптарды оқып, ұғынуы қажет. Бұл жерде ең маңызды мәселе – салық пен қаржы сауаты. Салық туралы білім тек кәсіпкерлерде ғана болмауға тиіс. Оны 11-сыныпта оқып жүрген, кәмелет жасына толуға жақын жастар буыны да білуі керек. Себебі кәмелетке толған соң әр адам табыс табады, жұмыс істейді, оқу оқиды, түрлі кіріс көздері пайда болады. Сол кезде салықтық мәдениет қалыптасуы қажет.

Қазір жаңа Салық кодексіне қатысты әлеуметтік желілерде шу болып жатқа­нын көріп отырмыз. Әсіресе шағын кәсіпкерлер тарапынан қарсылық көп. Бұл – салық мәдениетінің төмендігінен. Мен бухгалтерлік компания ретінде кәсіпкерлермен күнделікті жұмыс істеймін. Оқытамын, шағын және орта бизнеске қызмет көрсетемін. Жаңа Салық кодексін адал, таза жұмыс істеп отырған кәсіпкерлерге түсіндірген кезде олардың ешқайсысы үркіп-қорыққан жоқ. Керісінше, бәрі мұны орындауға болатын, жұмыс істеуге мүмкіндік бар екенін түсінді. Иә, қосылған құн салығы 12%-дан 16%-ға өсті. Егер кәсіпкер бұрын 10% пайда көріп отырған болса, сол пайданы сақтап қалу үшін тауардың бағасын қаншаға көтеру керек деген сұрақ туады. Есептеп қарасақ, бағаны 4%-ға көтеру міндетті емес. Себебі 12% бен 16%-дың айырмасы – 100%-дың 4%-ы ғана. Бұл бағаға толық көлемде қосылатын үл­кен өсім емес. Сондықтан бірден «тауар бағасы қатты өсіп кетті» деп айту дұрыс емес. Қазір көптеген кәсіпкер өз пайда­сын сақтап, клиентін жоғалтпай, бұрынғы деңгейде жұмыс істеп отыр.

Кей кәсіпкерлер біз қара базармен, қара айналыммен жұмыс істеуге үйреніп қалғанбыз дейді. Олар көбіне жасы үлкен, орта буындағы кәсіпкерлер. Ал жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлер бірден сауатын арттырып, бизнесті заңды түрде жүргізуге үйреніп жатыр. Мен кәсіпкерлерге үнемі «аққа шығуға тырысыңыздар» деп айтамын. Егер клиентіңіз бар, ақша айналып тұрса, бизнесіңіз жүріп тұрса, неге соны заңды түрде көрсетпеске? Бухгалтерияңызды реттеп алыңыздар деймін. Мұның көбі орта буындағы кәсіпкерлерге қатысты.

Ал жаңадан тіркеліп жатқан кәсіп­кер­лердің жағдайы басқа. Олар биз­нестің ақша әкелетінін не әкелмейтінін, минусқа кететінін білмейді. Бірақ олар басынан бастап салықтық сауатты­лықпен өседі, бизнес жүргізуді солай үйренеді. Ал қара базарда жұмыс істеп үйреніп қалған кәсіпкерлерде ақша айналымы бар, бірақ сауат жетпей жатады. Жас ерекшелігіне байланысты оларды өзгерту қиындау болып тұр.

Мұндай кәсіпкерлерге бір бухгалтер­дің немесе маманның сөзі өтпеуі мүм­кін. Кейде Президенттің өзі сөйлеп, министр­лер шығып түсіндіргенде ғана әсер етеді. Себебі қанша түсіндірсең де, олар тыңдамауы мүмкін. Ал айыппұл, сот десе ғана аяқ тарта бастауы мүмкін. Бұл – өкінішті, әрине.

Сондықтан бұл жерде психология­лық тәсіл де маңызды. Кәсіпкерлерге жол көрсету, бағыт-бағдар ұсыну деген мәсе­ле бар. Осы төңіректе түрлі іс-шаралар өтіп жатқан шығар, бірақ барлық кәсіп­кер толық қамтылып жатыр деп айту қиын.

Мен өз тәжірибемде былай түсінді­ремін: кәсіпкер жұмысын бастады, заңды білмегені анықталды, соның салдарынан айыппұлға ілікті. Сонда ол «неге бірінші рет кешірім берілмейді?» деп сұрайды. Бұл сұрақ маған да жиі қойылады. Ал ресми жауап біреу: заң ашық, заң қолжетімді. Әр адам өз жауап­кершілігін өзі алып, өз бағытына қа­тыс­ты заңнаманы оқуға тиіс. Егер оқы­маса, жауапкершілік те соған сәйкес болады.

Айнұр Сартаева:

– Қаржы сауаты мен экономи­ка­­лық түсінікті бала кезден санаға сіңіру керек. Мектеп партасында отырған бала ақшаны қалай сауатты жұмсау керектігін, салық не үшін төленетінін, қандай заңдарды білу керектігін түсінуі тиіс. Кейінгі бес жылдың көлемінде еліміздегі барлық мемлекеттік мектеп бағдарламасына қаржы сауатын үйрететін «Жаһандық құзыреттер» пәні енгізілді. Жоғары сынып оқушыларына арналған сабақтарда салықтың түрлері, оның не үшін төленетіні сынды база­лық түсініктер беріледі. Кішкентай балаларға арналған бейнероликтер де жасадық.

Қазір жұртшылықтың көбі теледидар көрмейді, газет оқымайды, ресми жаңа­лық тыңдамайды. Көпшілік TikTok пен Instagram желілеріндегі қысқа видео­ларды көруге әуес. Ресми ақпарат кейде халыққа жетпей жататыны сон­дықтан. Біз халықтың қаржылық сауатын ашу, тек ресми деректерге ғана жү­гіну тұрғысы­нан ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын бір­лесе атқаруымыз керек деп ойлаймын.

Айдын Әбішев:

– Иә, кәсіпкер өз саласына қатысты заңнамаларды, салық пен есепті жақсы білуі керек. Құқықтық сауат дегеніміз – салықтан қорқу емес, тәртіп арқылы тәуекелдерді азайту. Уақтылы ақпарат алған кәсіпкер салық жеңілдіктерін дер кезінде пайдаланады, қолдау шараларына алдымен ие болады, жаңа талаптарға ертерек бейімделіп, бәсекелесінен бір қадам алда жүреді. Сондықтан әрбір кәсіп иесі өзіне қатысты өзгерістерді, өз саласына байланысты мәселелерді өзі қадағалап отыруы керек. 

Қайтарымы мол борыш

Балжан Бақытқалиқызы:

– Кәсіпкерлер егер 1–2% жеңілдік берсе, барлығы табысын ашық көрсетуге дайын екенін айтады. Қазіргі Салық кодексінде есептеу әдісі қолданылады. Яғни табыс есептеледі, содан кейін салық төленеді. Ал егер шағын кәсіпкерлерге банк комиссиясы сияқты, ақша түскен сәтте салық автоматты түрде ұсталып отырса, оларға бұл әлдеқайда жеңіл болар еді. Онда үлкен сома жинап, бухгалтер жалдап, есеп тапсырып әуре болмайды. Болашақта шағын кәсіпкерлер арнап, салық төлеудің осындай жолы қарастырылса деймін. Ал орта және ірі бизнес үшін қазіргі есептеу әдісі қала берсін.

Бүгінде орта буын кәсіпкерлер салық төлеуге құлықсыз. Себебі олар ертең сол салықтың шынайы түрде елді көтеруге, мемлекеттің дамуына қайтып келетініне сенбейді. Ал Президент адал еңбекпен, заңды жолмен көтерілуге шақырып отыр. Бірақ мұндай сенім бір күнде немесе бір жылда қалыптаспайды. Бұл ұзақ уақытты қажет етеді.

Мен Алматы қаласында тұрамын. Біздің шағын ауданда әр үйдің алдында әдемі, қауіпсіз ойын алаңдары салынған. Бұрын мұндай жағдай бол­маған. Қазір балаларға арналған арнайы инфрақұрылым жасалып жатыр. Осындай өзгерістер тек үлкен қала­ларда ғана емес, шағын елді мекендерде де көріне бастағанда халықтың сенімі артады. Қазір трассалар салынып, жолдар жөнделіп жатыр. Иә, бәрі бірдей мінсіз емес, дегенмен де жұмыс жүргізіліп жатыр. Егер осындай жақсы өзгерістерді халыққа нақты көрсетіп, «міне, сіздердің төлеген салықтарыңыз осындай нәтиже беріп жатыр» деп ашық айтса, халық оған назар аудара бастайды.

Бауыржан Ысқақ:

– Мен балаларымды үйдің алдындағы дүкенге апарып, QR кодпен төлеуді үйретемін, дағды қалыптастырамын. Себебі әлі күнге дейін аударым жасап қоя салу деген әдет бар. Аударым жасалса, ол салық ретінде тіркелмейді, бюджетке түспейді. Ал егер QR арқылы төленсе, оның 3–4%-ы салық ретінде бюджетке түседі. Мен балаларға соны түсіндіремін. Бұл сенің мектебіңе, жолыңа, инфрақұрылымға кетеді деп айтамын. Осындай тәрбиені әр азамат өз шаңырағында қалыптастыруы керек.

Салық органдары тарапынан да жұ­мыс жалғаса бергені жөн. Неғұрлым адамдар чек алып, шот-фактурамен жұмыс істеп, кассалық аппарат арқылы төлем жасаған сайын, сол төлеушілерге де белгілі бір мотивация болғаны дұрыс сияқты. Яғни адал төлеген адамға да бір ынталандыру тетіктері қарастырылғаны абзал.

Енді соңында бірнеше ұсынысымды айтқым келеді. Егер Салық кодексіне тағы да өзгерістер енгізілетін болса, біз міндетті түрде экономиканы әртараптандыру мәселесін ескергеніміз жөн. Қазір бюджеттің кіріс бөлігінің басым бөлігі шикізатқа, мұнайға, газға, темірге тәуелді. Ал болашақта, кем дегенде алдағы 5–6 жылда, біз мұнайдан түсетін кірісті 30%-ға дейін төмендетіп, қалған 60–70%-ға өңдеуші сектордан, шағын бизнестен, туризмнен, логистикадан түсіретін деңгейге жетуіміз керек.

Соған байланысты өңдеуші секторды ынталандыратын өзгерістер Салық кодексінде қарастырылса деймін. Мысалы, жаңа жобалар іске асса немесе арнайы өңірлерде өңдеу кәсіпорындары ашылса, отандық өнім импортты алмастыра алатын деңгейге жетсе, соларға нақты, детальды салықтық жеңілдіктер қажет. Корпоративтік табыс салығын 15 пайызға, кей жағдайда 10 пайызға дейін төмендету сияқты шаралар инвестициялық жобаларды ынталандыруға үлкен серпін береді.

Қосылған құн салығына қатысты да белгілі бір жеңілдіктер болуы мүмкін. Мысалы, шикізат сатып алу кезінде немесе өндіріс тиімділігін арттыруға бағыт­талған жағдайда белгілі бір салық­тық коридорлар қарастырылса деймін. Өңдеуші өнеркәсіппен айналысатын кәсіпкерлерге 3–5 жылға дейін салықтық жеңілдіктер беру мүмкіндігін де ойлас­тыру керек.

Экспортқа бағытталған кәсіпорын­дарға да ерекше назар аудару қажет. Неге біздің дүкендеріміз тек Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия тауарларына толы болуы керек? Керісінше, сол елдердің дүкендерінде елімізде шығарылған ет өнімдері, шұжық, басқа да тауарлар тұруы керек. Осындай экспортқа жұмыс істейтін кәсіпорындарға болашақта қосымша жеңілдіктер қарастырылса деген ұсыныс бар.

Айнұр Сартаева:

– Елімізде табыс тауып, салықты адал төлеп отырған кәсіпкерлер бар. Енді бір топ әртүрлі айлаларға барып, салықтан жалтарудың жолдарын іздейді. Заңның осал тұстарын пайда­ланып, салықты барынша азайту әре­кеттерін жасайды. Осының бәрі салықты әкімшілендіру барысында ескерілді. Жаңа Салық кодексіндегі кейбір нормалар бұрынғы заңның осал тұстарын жабуға бағытталғанын айтқым келеді.

Адал салық төлеушілерді ынталан­дыру мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан жыл сайын «Үздік салық төлеушілер» марапат­та­лады, ал кей өңірлерде «Салық кэшбэк» ак­ция­­сы аясында түбіртек талап еткен азамат­тарға жеке шоттарына 2 % мөл­шерінде кэшбек қайтарылады. Бұндай шаралар алдағы уақытта да көбейе бермек.

Салық төлеу – әр азаматқа міндет. Бұл жаңа реформа болғандықтан белгі­лі бір қателіктердің болуы қалыпты. Уақыт өте ұсыныстар ескеріледі, кемші­ліктер түзеледі, жүйе жетіледі. Алайда мемлекетімізде қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүруіміздің басты кепілі – салықтың уақтылы әрі адал төленуі екенін ұмыт­пасақ деймін.

Дайындаған –

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan» 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью