Самұрық Қазына : ірі энергетикалық жоба іске асты

30.01.2026

24.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Түркістан облысында жаңа электр станциясының газ турбиналары толық  орнатылды. Жалпы қуаты 1000 мегаватқа жететін жобаны жүзеге асыру үшін қажетті заманауи жабдықтар жеткізіліп, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Сала мамандарының айтуынша, биыл алғашқы генерациялық қуатты алу мақсатында күшейтілген жұмыс тәртібі енгізілген. 

Электр станциясының газ турбиналары сәтті орнатылды. Инженерлер тобы әрқайсысы 200 тонна болатын агрегатты толық монтаждап, ең күрделі әрі жауапты кезеңді аяқтады. Енді жаңа буынды қондырғыларды баптап, іске қосуға дайындайды. 

Ердәулет Сәрсенбай, «Түркістан БГҚ» ЖШС инженер-механигі:

- Орнына қондыру, центровка, фундаменттің үстіне қою – өте үлкен жұмыс. Өйткені жауапкершілікті талап етеді. Ендігі кезекте қосымша жабдықтармен негізгі қондырғының арасындағы байланысты жасауымыз қажет. 

Қуаты 1000 мегаватқа жететін электр станциясын кореялық компания мен отандық мердігерлер салады. Қазір жобаға қажетті құрал-жабдықтардың 86%-і құрылыс алаңына жеткізілген. Заманауи агрегаттарды алдырту үшін арнайы логистикалық маршрут құрылып, қауіпсіздік талаптары қатаңдатылды. 

Гихун Бек, Doosan Enerbility жобасының директоры:

- Siemens Energy компаниясының турбиналары Гамбург портынан шығып, Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азияны айналып жеткізілді. Әлемдегі геосаяси ахуалдар ескеріліп барынша қауіпсіз жеткізуді жоспарладық. 

Стратегиялық маңызы жоғары жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Сала мамандарының айтуынша, бу-газ технологиясы – энергетикалық тиімді әрі экологиялық таза әдіс.

Ахан Әшірбеков Integra Construction KZ компаниясы атқарушы директорының орынбасары:

- Құрылыс алаңында адам көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 950 адамнан асып отырмыз. Күндізгі және түнгі ауысым жұмыстары тоқтамай жүруде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы жылы бірінші генерациялық ток беру жобасымен жұмыс жасалып жатыр. 

«Кешен толық іске қосылған соң өңірдегі энергия тапшылығы түбегейлі шешіліп, өндірістік әлеуетті еселеуге мүмкіндік туады», - дейді мамандар.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью