Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Онлайнда тәуекел тым көп
Жақында ғана Қызылорда қаласының тұрғыны интернеттегі дүкен арқылы 125 мың теңгеге косметика сатып алмақ болған. Алайда сатушы алдын ала төлемді қабылдағанымен, тауарды уәделі мерзімде жібермей, елеусіз қалдырыпты. Тұтынушы уәкілетті органға шағымданып, мамандардың араласуынан кейін қаражат толық көлемде қайтарылды.
Көкшетауда Instagram арқылы тағамға тапсырыс берген тұрғын да қолайсыз жағдайға тап болды. Ол 9 290 теңгені алдын ала төлегенімен, жеткізу уақыты бірнеше сағатқа кешіккен. Салдарынан тапсырыстан бас тартқан азамат ақшасын қайтара алмай, тиісті департаментке жүгінеді. Нәтижесінде, мәселе сотқа жетпей шешіледі.
«Интернеттен 259 990 теңгеге тоңазытқыш сатып алдым. Бірақ техникадан алғашқы күннен-ақ ақау шықты. Тауарды қайтарып, ақшасын талап еткенімен, сатушы диагностика қорытындысына сілтеп, бас тартты. Кейін тоңазытқышты маған қайтарып жіберді. Келген соң, кей жері майысып, зақым түскенін көрдім. Бірден Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өтініш жазып, көмекке жүгіндім. Мамандары арнайы бақылау жүргізіп, тексерген соң, сатушы ақшамды өтеді», дейді Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны.
Мұндай мысалдар жетіп артылады. Қалай дегенмен, онлайнда тәуекел тым көп. Көзбен көріп, қолмен ұстап сатып алған затыңдай болмайды. Сараласақ, кейінгі алты жылда жалпы шағымдар саны төрт есеге артқан. Ашып айтсақ, комитет пен аумақтық департаменттер 2020 жылы шамамен 21 мың адамның өтінішін қараса, 2021 жылы ол 25,2 мыңға дейін жеткен. 2022 жылы – 30,2 мың, 2023 жылы – 50,8 мың, 2024 жылы – 62,5 мың, 2025 жылы 83 мың азамат арызданған. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш деуге татиды.
Сарапшылар динамиканы отандастарымыздың әділетсіз әрекеттерге бейжай қарамай, дер кезінде өз құқығын талап етіп, мүддесін заң аясында қорғауға белсенді ұмтылысымен байланысты деп отыр. Ал оған жаппай цифрлану, қоғамда кең етек алған кеңес тетіктері себеп. Өйткені СИМ Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Болат Танабергеновтің айтуынша, шағымдардың басым бөлігі eOtinish, Бірыңғай өтініштерді қабылдау жүйесі (БӨҚЖ), сондай-ақ «жедел желі» арқылы түскен.
12 млн теңгеден аса көлемде айыппұл салынды«Жылдан-жылға арыз саны 20 мыңға өсіп келеді. Яғни тұтынушылар бүгінде өз құқықтары туралы көбірек ақпараттанған. Олар қандай жағдайда, қай органға шағымдануға болатынын біледі. Әрине, кейде өтініш беру барысында қателіктер кездесіп жатады. Мысалы, біреуі шағымды дұрыс жазбайды не деректері жеткіліксіз. Оның үстіне, біздің құзыретімізге сәйкес бірден тікелей тексеріс ұйымдастырмаймыз. Әуелі анық-қанығы жіті қаралады. Осылайша, биылғы алғашқы тоқсанда тұтынушылардың талап-арыздарының 33%-ы (7,3 мың өтініш) қанағаттандырылды. Азаматтардың елеулі бөлігіне, яғни 32%-ына (7,2 мың өтініш) құқықтық көмек көрсетілді, ал бірқатар өтініш бірлесіп қарау үшін басқа мемлекеттік органдардың қарауына жіберілді. Шағымдар дәстүрлі түрде бөлшек және электрондық сауда, тұрмыстық қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және байланыс салаларына тиесілі», дейді ол.
Бұқараның былтырғы онлайн сауда-саттығы жалпы алыс-берістің 15 пайызын құраған. Мынадай фактіні де келтіре кетейік: Ұлттық статистика бюросының интернетті игеру деңгейі туралы деректеріне назар аударсақ, өңірлер арасында сауданың онлайн тетігін Шығыс Қазақстан облысының (61,7%) тұрғындары көбірек пайдаланатыны көрсетілген. Қарағанды облысы (49,9%) мен Алматы (46%), Астана (43,4%) қалаларының азаматтары да виртуалды базарларда белсенді. Ал Түркістан (11,1%), Жетісу (12%) және Жамбыл (14%) облысының халқы оған айтарлықтай машықтана қоймаған.
Азаматтар ең көп сатып алатын тауардың 71,3%-ы – киім, аяқкиім және спорт тауарлары. Одан кейін азық-түлік (45,2%), косметика (33,2%) және үй шаруашылығына арналған тауарлар (33,2%) тұр. Дәрі-дәрмекке сұраныс та жоғары – 31,9%. Сөйте тұра көпшілігінің сапаға көңілі тола бермейді.
Өтініштердің артуы Алматы, Астана қалаларында және Алматы облысында байқалған. Мемлекеттік бақылау шеңберінде аумақтық департаменттер 308 кәсіпкерлік субъектісін тексеруден өткізіп, 430 әкімшілік іс қозғап, жалпы сомасы 12 млн теңгеден аса айыппұл салды. Қабылданған шаралар нәтижесінде азаматтардың құқықтары 405,5 млн теңгеден аса сомаға қорғалды. Алғашқы тоқсанда 27 резонанстық іс тіркеліпті.
Cancel culture феномені«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 42 бабы 4-тармағына сәйкес кез келген тұтынушы тауар сапасына немесе шарттарына байланысты талап қоюға құқылы. Жобамен 10 күннің ішінде наразылыққа сатушы жауап бермесе, тексеріс жүргізіліп, анықталады. Ел азаматтары алған тауар сипаттамасы мен сапасына сәйкес келмесе, оны 14 күн ішінде қайтара алады. Тұтынушылар саналы әрі қауіпсіз таңдау жасауы үшін толық әрі шынайы ақпарат алу құқығы да қарастырылған. Осы Заңның 25-бабына сәйкес сатушы немесе орындаушы сатып алушыға тауар немесе қызмет туралы қажетті мәліметтерді ұсынуға міндеттеледі. Бұған өндіруші туралы ақпарат, құрамы, жарамдылық мерзімі, пайдалану ережелері, бағасы және кепілдік кіреді», дейді Жамбыл облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Сексен Қасымбеков.
Айтпақшы, қазір әлеуметтік желіде заң орындарынан бұрын үкім кесетін кәнсілдеу (сancel culture) тренді бар. Тұтынушы құқығы бұзылғанда немесе кәсіпкердің әділетсіздігін көргенде, платформа қауымы уәкілетті органға жүгінгенше, бұл жағдайды Instagram, Threads, Facebook-те жариялап, бизнестің беделін бір күнде түсіруді әлдеқайда тиімді көреді. Тәжірибе қоғамның қытығына тиген адамдарға қатысты қолданылып та жүр. Заңгер Шаһризада Мәдіхан бұл феноменді құқықты қорғаудың бір тетігі дейді.
«Қазіргі таңда тілдік мәселе аясында мейрамханаларда тұтынушы құқығын қорғауға қатысты проблемалар белең алып отыр. Әрине, кез келген дауда субъективті пікірдің де орны бар. Дегенмен, мәселені біржақты емес, екі тараптың уәжін де ескере отырып қарастыру маңызды. Өзара құқықты таптамау, кез келген азаматтың заңмен қорғалатын мүддесі бар екенін ұмытпау қажет. Қоғамдық пікірдің ықпалы күшейген қазіргі кезеңде эмоциялық бағалау кейде шынайы жағдайды тасада қалдырады. Сондықтан алдымен фактілерге сүйену, қызмет көрсету стандартын және нақты келісімшартын назарға алу керек. Бұл – әділ шешім қабылдаудың негізгі тетігі. Құқықты қорғау талап қоюмен ғана шектелмейді, жауапкершілік мәдениетімен қатар жүруге тиіс», деген маман саудада адам құқығы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», Азаматтық кодекс және «Сауда қызметін реттеу туралы» заң шеңберінде қорғалатынын жеткізді.
Маңыздысы, заң бойынша әрбір тұтынушы сапалы әрі қауіпсіз тауар мен қызмет алуға құқылы. Яғни сатылымдағы өнім адам денсаулығына зиян келтірмей, көрсетілген сипаттамаға сай болуы керек. Сонымен қатар ешкім сатып алушыға қажетсіз қосымша тауар не қызметті күштеп ұсына алмайды.
Егер алынған өнімнің сапасы көңілден шықпаса немесе ақауы анықталса, тұтынушы ақшасын толық қайтаруды, тауарды ауыстыруды, бағасын арзандатуды немесе кемшілікті тегін жөндетуді талап ете алады. Сала мамандары тұтынушыларға бірнеше қарапайым ережені ұстануды ұсынады.
«Ең алдымен, сатып алғаныңды растайтын чек, түбіртек секілді құжаттарды жоғалтпай сақтау қажет. Әсіресе интернет арқылы немесе бөліп төлеу рәсімімен жасалған саудада келісім талаптарын мұқият оқып шыққан дұрыс. Егер тауардан ақау байқалса, оны фотоға не бейнежазбаға түсіріп алған жөн. Көптеген дау алдымен сатушыға ресми түрде талап жолдау арқылы сотқа дейінгі тәртіпте шешуге болатынын ескерген абзал», дейді Сауда және интеграция министрлігінің бейінді ведомство басшысы Б.Танабергенов.
Қазір халық қолма-қол сауда-саттықтан ақырындап арылып барады. Қайткенмен де, сапа сын, қызмет мін көтермесе, тұтынушы құқығы өз деңгейінде қорғалуға тиіс.