Сапалы өнім сенім ұялатады

16.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Тігін кешенінің ішкі тынысы, жұмысшыларға жасалған жағдай мен экспорттық бағыттарды білмекке өндіріс алаңын аралап, мамандармен әңгіме құрдық. Әуелі да­йын өнім шығаратын негізгі бөлімдердің біріне бас сұқтық. Мұндағы тыныс-тіршілікті өндірістік цех шебері Нұрай Жанпейіс тәптіштеп айтып берді.

«Біздің цехта 75–80 адам еңбек етеді. Негізгі бағытымыз – классикалық үлгідегі  формалық пиджак пен шалбар түрлерін дайындау. Жұмыс таңғы сағат 8-ден кешкі 17-ге дейін созылады. Осы 8 сағаттық ауысымда шеберханадан 350 шақты дайын өнім шығарылады», деді ол.

Кәсіпорында қызметкерлердің қала­дан қатынауы толық шешілген, автобус қарастырылған. Ұжымға компания есебінен ыстық ас беріледі. Тігіншілердің табысы атқарған ісіне қарай төленеді, бастапқы еңбекақы 200–250 мың теңге көлемінде.

«Бұған қоса тоқсан сайын берілетін сыйақы жүйесі бар, нәтижелі еңбек көрсеткендер жақсы бонус алады. Мен бұл жерде 7 жылдан бері еңбек етіп келемін. Тігінші болып бастап, тәжірибе жинақтап, шебер лауазымына дейін көтерілдім. Демек, мұнда жас мамандардың өсуіне зор қолдау көрсетіледі», дейді шебер.

Мұндағы өнім тек елорда нарығымен шектелмейді, Ресейге, тағы басқа елдерге экспортқа жөнелтіледі. Шикізатты тапсырыс сипатына қарай отандық өндірушілерден және кеден одағына кіретін көрші елдерден де алады.

Үздіксіз жұмыс істеп тұрған маши­на­лардың арасынан Отызгүл Қанайқызы есімді көпбалалы ананы әңгімеге тарттық. Ол өзінің мамандығы басқа болса да, осы жерге келіп, үлкен өнерді игергенін мақтанышпен жеткізді.

«Бірінші цехта 7 жылға жуық уақыт­тан бері тігінші болып жұмыс істеп келемін. Бұл саладан хабарым аз болса да, жаным қалаған іс екенін білгенде қысқа уақытта тігудің қыр-сырын үйреніп кеттім. Мұнда барлық жағдай жасалған, өзіме өте ұнайды», дейді тігінші.

Фабрикада міндетті медициналық сақтандыру пакеті қарастырылған. Белгіленген уақыттан артық сағат жұмыс істеген күндері денсаулыққа қолдау ретінде айран-сүт беріледі екен. Тігін машиналары заманауи, ыңғайлы, жұмыс істеуге еш қиындық тудырмайды.

«Төрт баланың анасы, 10 немеренің әжесімін, осы еңбегіммен отбасымды асырап отырмын. Айлық табысымыз тұрақты, жақсы жұмыс істеп, өнімділікті арттырған кезде 300 мың теңгеге жуық табыс табуға мүмкіндік бар», деді О.Қанайқызы.

Кәсіпорынның жалпы өндірістік қуаты, жабдықталуы, жаңа технология­­­ларды игеру барысы мен кадр даярлау мәселесі ауқымды міндет жүктеп тұр. Фабриканың тынысын кеңінен ашу мақсатында өндіріс басшысы Дінайша Бектібаймен тілдестік.

«Қазір ресейлік компанияның үлкен тапсырысын орындап жатырмыз. Оларға арнап классикалық үлгідегі формалық әрі қысқы мау­сымдық киім тігу қолға алынды. Келісімшартта нақты мерзім көрсетілгендіктен, арнайы жос­пар құрып, өнімді уақытында жөнелтіп отырамыз», деді өндіріс басшысы.

Өндірісте заманауи техникаға, жаңа технологияларға баса мән беріл­ген. 2023–2024 жылдары заманауи авто­маттан­дырылған қондырғылар негізінде шаблондық цех жұмыс істейді екен. Бұл жабдықтар тігіс сапасының 99 пайыз жоғары болуын және еңбек өнімділігінің артуын  қамтамасыз ететін көрінеді.

«Мамандарды даярлау ісіне келсек, арнайы колледждермен дуалды оқыту жүйесімен тығыз байланыс орнат­қан­быз. Студенттер оқу барысында бізде тәжірибеден өтіп, кейін тұрақты жұ­мысқа қалады. Ал бұл салаға мүлдем қаты­сы жоқ, бірақ тігін өнерін үйренгісі келетін азаматтар үшін арнайы оқу цехы ашылған. Онда 3–5 күн ішінде машинамен жұмыс істеуді, тігіс түрлерін үйретіп, негізгі цехтарға жібереміз», деді Д.Бектібай.

Оның айтуынша, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы назардан тыс қал­ма­ған, түскі ас пен түс ауа бестің шайы компания есебінен тегін беріледі. Жыл соңында немесе әр 90 күн сайын нәти­желі жұмыс үшін сыйақы төле­неді. Егер қызметкер отбасы қиын жағ­дай­ға тап болса, компания тарапынан материал­дық көмек, арнайы жәрдемақы есептеліп беріледі.

«Біліктілікті арттыру мақсатында шебер­лерімізді Қытайға, Ресейге оқуға жібе­ріп тұрамыз. Ел ішінде де Шымкент қаласындағы әріптестермен тұрақты түрде тәжірибе алмасу жолға қойылған», дейді өндіріс басшысы.

 Тігін шеберханасымен танысу барысында елордалық өнімдердің бәсекеге қабілетті екеніне көз жеткіздік. Ішкі нарықты қамтамасыз етіп, сыртқы елдерге де өнім шығарып отырған кә­сіп­орын­ның жұмысы – отандық жеңіл өнер­­кәсіптің ілгері басқанының айқын көрінісі.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью