Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Қазақстандағы жолдардың жай-күйі барлық жерде бірдей керемет дей алмаймыз. Асфальты мүжіліп, ойдым-ойдым болып кеткен, ұзақ жөнделмеген соң терең шұңқырға айналған, жаңбыр жауғанда ми батпақ болып жататын жол бөліктеріне бүгінде көзіміз үйренген. Мұндай жолдар көлікті мүлдем жарамсыз етпесе де, зиян келтіретіні анық. Ал ол зиянды кім өтейді?
Жалпы алғанда жолдың нашарлығы жүргізушінің ғана мәселесі емес. Жолдың сапасына жауап беретін мекеме бар. Ендеше жолдың сапасына байланысты туындайтын мәселені сол мекемемен заң аясында шешу керек.
Фото: Анна Латоштың жеке архивінен-Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңына сәйкес, қозғалысқа қатысушылар қауіпсіз жағдайдың қамтамасыз етілуіне және жолдың кемшіліктері салдарынан келтірілген зиянның өтелуіне құқылы, - деп түсіндіреді заңгер Анна Латош.
Оның айтуынша, ұқсас міндет «Автомобиль жолдары туралы» заң аясында уәкілетті органдар мен ұйымдарға да жүктелген, бұл заң оларды жол сапасын қамтамасыз етуге міндеттейді.
Мұндағы негізгі шарт – себеп-салдар байланысын дәлелдеу.
-Яғни, көліктің зақымдануына дәл жолдағы ақау себеп болғанын, ал жүргізуші тарапынан ережебұзушылық болмағанын растау қажет, – дейді Анна Латош.
Тәжірибеде шығынды өндіріп алуға негіз болатын жағдайлар көбіне шұңқырлар, ойықтар, жолдың шөгуі, ашық қалған кәріз құдықтары, ескерту белгілерінің болмауы, сондай-ақ жолдардың уақытылы жөнделмеуі немесе тиісті деңгейде күтіп-ұсталмауы болып табылады. Дәлелдер жеткілікті болған жағдайда, соттар әдетте жүргізушілердің мүддесін қорғайды.
- Негізгі дәлелдерге полиция хаттамасы, ақаудың фотобекітілімі, сараптамалық қорытынды және куәгерлердің айғақтары жатады. Тіпті бейнетіркегіш болмаса да, барлық құжат дұрыс рәсімделсе, өтемақы алуға болады, – дейді заңгер.
Сот тәжірибесінде жүргізушілердің сараптама шығындары мен сот шығыстарын қоса алғанда, залалды толық өндіріп алған жағдайлар да бар. Сонымен қатар керісінше, жүргізуші кінәлі болған кездер де кездеседі.
Коллаж: Kazinform/ Midjourney- Егер ақаудың нақты өлшемдері немесе оқиға орны тіркелмесе, сот жол қызметтерінің кінәсін анықтай алмайды», – деп нақтылайды Анна Латош.
Сондықтан оқиға болған сәттен кейінгі алғашқы әрекеттер шешуші мәнге ие. Жүргізуші полиция шақырып, жол-көлік оқиғасын рәсімдеуі тиіс және хаттамада жол жабынының барлық ақауларының көрсетілуін бақылау қажет.
Сонымен қатар фото және бейнетүсірілім жүргізіп, шұңқырдың өлшемін, жол белгілерінің жоқтығын және басқа да мән-жайларды тіркеу маңызды.
Келесі кезеңде процессуалдық құжаттарды – ЖКО сызбасын, анықтаманы және хаттаманы алып, тәуелсіз шығын бағалауын жүргізу қажет.
- Сараптамалық қорытынды келтірілген зиянның мөлшерін растайды және ол сотта пайдаланылады, – деп түсіндіреді заңгер.
Одан кейін жауапты тұлға анықталады – әдетте бұл әкімдік, автомобиль жолдары басқармасы немесе мердігер ұйым болады. Сотқа жүгінер алдында 15 күнтізбелік күнге дейін қаралатын сотқа дейінгі талап-арыз жолдау ұсынылады.
Бас тартылған немесе жауап болмаған жағдайда жүргізуші сотқа жүгінуге құқылы. Сондай-ақ өтініштерді әкімдіктерге, салалық ведомстволарға, полицияға немесе электрондық үкімет порталы арқылы жолдауға болады. Құзырлы органдар тарапынан ешқандай әрекет болмаса – прокуратура органдарына шағымдануға болады.
Тәжірибе көрсеткендей, өтемақы алу мүмкіндігі көліктің зақымдану фактісіне ғана емес, ең алдымен ЖКО-ның алғашқы минуттарынан бастап дәлелдердің қаншалықты сауатты жиналып, құжаттардың дұрыс рәсімделуіне тікелей байланысты.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында жолдардың мүшкіл жағдайына қатысты азаматтар шағымы азаймай тұрғанын тілге тиек еткен болатын.