Сарайшықта Алтын Орда дәуіріне тән сағаналар мен металлургия іздері табылды

30.03.2026

Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Археологтардың соңғы зерттеулері аймақта ежелгі дәуірде қолөнердің дамығанын, балық аулау кәсібінің кең тарағанын және хан әулетіне тиесілі болуы ықтимал жерлеу орындарының бар екенін көрсетіп отыр.

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы аумағында ортағасырлық Сарайшық қалашығы мен оның төңірегінде кең көлемді зерттеулер жүргізілуде. Соңғы жылдары археологтар металл өндіруге қатысты нысандарды, балық кәсіпшілігіне байланысты деректерді және Алтын Орда дәуіріне тән жерлеу орындарын анықтады.

Барлық осы деректер 27 наурызда «Ортағасырлық Сарайшықты зерттеу, сақтау, жаңғырту жұмыстары және келешегі» атты баспасөз туры барысында таныстырылды.

Музей-қорық директоры Әбілсейіт Мұқтар «Сарайшық» сапар орталығында соңғы жылдары атқарылған жұмыстарды таныстырып, ғылыми зерттеулер, реставрация үдерістері және археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған бірегей жәдігерлер туралы кеңінен баяндады.

2021–2025 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған тарихи мұралар көрмеге ұсынылды. Атап айтқанда, 2025 жылы музей-қорық археологтары Сарайшық, Қарағайлы, Ұшқан және Ащысай ескерткіштерінде қазба жұмыстарын жүргізген. 

Соның ішінде Исатай ауданы аумағындағы Қарағайлы ескерткішінен металлургия өндіріс орнының табылуы ерекше маңызға ие. Қазба кезінде осы жерден металл сынықтары да табылған. Бұл осындай өндіріс орны болуы мүмкін деген болжамға негіз болып отыр. 

Соңғы бес жылда музей-қорықта төрт ғылыми жоба әзірленген. Соның ішінде 30-жылдары Сталиннің бұйрығымен пайда болған Гулагтың Прорва мен Астрахан лагерлері туралы зерттеулер қызықтырды.

Қазба барысында анықталған жаңа деректер ғылыми айналымға енгізіліп, халықаралық басылымдарда жарық көрді. Мәселен, 2025 жылы музей қызметкерлерінің зерттеулері Scopus деректер базасына енген «Поволжская археология» (Ресей) және «Stratum Plus» (Молдова) журналдарында жарияланған.

Музей директоры зерттеу нәтижелері халықаралық деңгейде таралып жатқанын атап өтті.

«Музей-қорық ғалымдарының ғылыми еңбектері әлемнің жетекші ғылыми мекемелеріне, соның ішінде АҚШ Конгресі кітапханасына, Италияның Рим қаласындағы кітапханаларға, Түркиядағы Анкара университетіне, Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасының ғылыми-зерттеу ұйымдарына жолданып, шетелдік ғылыми қауымдастық арасында Сарайшық мұрасын насихаттауға үлес қосуда».

Директор музей-қорықта цифрландыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде екеніне тоқталды. Сапар орталығындағы 382 жәдігерге және археологиялық нысандарға QR-код орнатылып, олардың тарихы цифрлық форматта қолжетімді болған. Сонымен қатар, 29 жәдігер 3D форматта цифрландырылып, ғылыми есептер мен конференция жинақтары мекеме сайтына орналастырылған.

Археологиялық жаңалықтар 

Баспасөз туры аясында ортағасырлық Сарайшық қалашығындағы жаңғырту жұмыстары мен «Хан моласы» нысанындағы қалпына келтіру нәтижелері таныстырылды.

Бұл жерде XIV ғасырдың соңына жататын балық шаруашылығының орны табылған. Археологиялық олжалар балық аулау, оны ыстау және кептіру кәсібінің болғанын дәлелдейді. 

Балық аулап, ыстап, кептіріп, оны сақтауға үлкен қыш құмыраларын пайдаланған. Жер астына құмыра салып, ішіне балық сақтағанын қазба кезінде анықтаған. Жер астында салқын ауа температурасы үшін сақтаған да болуы керек. Құмыралардың ішінде балық сақталғаны анықталған.

Музей қызметкері Айбек Тұрарұлы «Хан моласы» учаскесіндегі археологиялық олжалар туралы баяндады.

«Қазба жұмыстары барысында екі сағана табылған. Деректерге сүйенсек, бұл жерде хан әулетінің өкілдері жерленген. Әр сағанаға бір әулеттен жерленгені анықталған».

2020–2021 жылдары жүргізілген зерттеулер кезінде 28 адамның сүйегі табылған. Оның 16-сы ер адам болған. Олардың шығу тегін анықтау мақсатында 2021 жылы Германияға генетикалық сараптамаға жіберілген. 

Нәтижесінде 11 адамның ДНҚ-сынан аталық Y-хромосоманың C2 гаплотобы анықталған. Бұл гаплотоп Қазақстан аумағында кең таралған және зерттеушілер оны Шыңғысхан әулетімен байланыстырады. Зерттеу әлі жалғасып жатыр.

1861 жылға қатысты деректерде «Хан моласы» ханның баласына тиесілі болуы мүмкін екені айтылады. 

ГУЛАГ жүйесі лагерлерін зерттеу

Музей жұмысының бір бағыты Каспий маңы өңіріндегі ГУЛАГ жүйесі лагерлерін зерттеуге арналған. Музей директорының айтуынша, архивтік құжаттарды зерделеу барысында Прорва лагері туралы жаңа деректер анықталған.

«Біз әлем бойынша Астрахань ГУЛАГ лагерін алғашқылардың бірі болып зерттедік. Прорва лагері бұрын көпшілікке белгісіз болды. Бұл – Карлагтан кейінгі ірі лагерьлердің бірі. Лагерь 1932 жылы ашылған. Құжаттардың басым бөлігі Ресей архивтерінде сақталған. Архив деректеріне сүйенсек, лагерьде бір кезеңде 10 мыңға жуық адам ұсталған. Әсіресе 1935 жылы ең көп тұтқын ұсталған – шамамен 10 мың адам болған».

Материалдардың басым бөлігі Астрахань мен Мәскеу архивтерінде, ал кейбірі Атырау облыстық прокуратурасында сақталған.

Прорва лагері Құлсары қаласынан 60–70 км жерде, үлкен көлдің жағасында орналасқан.

2023 жылғы 23 мамырда Прорва кен орнына баратын жол бойында лагерьдің бір бөлімшесі орналасқан жерге ескерткіш белгі орнатылды. Ескерткіш эскизін музей суретші-реставраторы Отарбай Кендір әзірлеген. 

- Бұл өңірде Прорвадан бөлек, Гурьевте, Маңғыстауда және Астраханьда да осындай лагерьлер болған. Маңғыстау аймағындағы лагерь де анықталды. Лагерьлер шамамен 1940 жылдарға дейін жұмыс істеген. Кейін Прорвада ауру тарап, лагерь Астраханьға көшірілген, - дейді Ә. Мұқтар.

Кадр мәселесі

Музей басшылығы ғылыми жобаларды дамыту үшін кадр тапшылығы өзекті мәселе екенін атап өтті.

«Ғылыми жобаларға грант ұтып алу үшін ірі жобалар дайындаймыз. Бірақ бізге білікті ғалымдар мен жас мамандар қажет. Ауылдық жерде жастар тұрақтай бермейді. Сондықтан жас ғалымдарға лайықты жалақы мен тұрғын үй мәселесін шешу маңызды», – деді Ә. Мұқтар.

Анықтама

2025 жылы музейге 28 мыңнан астам турист келген. Нәтижесінде 8,7 млн теңге табыс түскен. Музейдің жылдық бюджеті шамамен 120 млн теңгені құрайды (өткен жылы 140 млн теңге болған). Қаражаттың 90 пайызы қызметкерлердің жалақысына жұмсалса, қалған бөлігі коммуналдық шығындарға бағытталады. Ал ғылыми зерттеулер негізінен гранттық қаржыландыру арқылы жүзеге асады. 

Айнұр САПАРОВА
Автор және Әнуар Әбілғазиев түсірген суреттер мен видео 

Бүгін, 18:02

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью