Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Риззат Тасымның айтуынша, қазіргі ұсынылған партиялық тізімдердің өзі айтарлықтай кадрлық жаңарудың алғышартын көрсетіп отыр.
«Меніңше, алдағы сайлау нәтижесінде Құрылтай құрамы айтарлықтай жаңаруы мүмкін. Өйткені жеті партия ұсынған 546 кандидаттың тек 51-нің, яғни 9,34%-ның бұрынғы Парламент шақырылымдарында депутаттық тәжірибесі бар. Әрине, олардың нақты қаншасы сайлау қорытындысы бойынша мандат иеленетіні әзірге белгісіз. Дегенмен бұл көрсеткіштің өзі болашақ Құрылтай құрамында жаңа есімдердің басым болуы ықтимал екенін аңғартады», дейді Риззат Тасым.
Құрылтай сайлауында саяси партиялар жекелеген танымал тұлғаларға емес, кәсіби командаға және ортақ жауапкершілік қағидатына көбірек мән берген. Саясаттанушының айтуынша, мұндай жаңару өкілді билікке жаңа көзқарас пен әртүрлі кәсіби тәжірибенің келуіне мүмкіндік береді.
«Ұсынылған тізімдерге қарасақ, партиялар осы жолы басымдықты жекелеген саяси тұлғалардан гөрі тұтас топтың атқарар жұмысына, кәсібилігіне және ортақ жауапкершілігіне басымдық берген іспетті. Бұл жағдай саяси бәсекенің логикасы өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Бұрын қоғамға танымал тұлғаның тізімде болуы партияның электоралдық мүмкіндігін арттыратын негізгі факторлардың бірі саналса, қазір партиялар ұзақмерзімді институционалдық әлеуетін арттыруға, кадрлық резервін және топтық тұтастығын көрсетуге ұмтылып отыр. Сондай-ақ, Құрылтай Парламенттің тарихи ізбасары болғанымен, заң шығару үдерісінің мүлдем жаңа тәртібі бойынша жұмыс істейтін өкілді орган. Сондықтан оның қызметі әрбір болашақ депутат үшін жаңа тәжірибе болмақ» дейді ол.
Сайлауға жеті саяси партиядан 546 кандидат ұсынылды. Бүгінде барлық партиялық тізімдер уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданып, Орталық сайлау комиссиясында тіркеуден өтіп жатыр. 23 шілдеден бастап партиялар толыққанды сайлауалды үгіт-насихат кезеңіне көшеді.
«Партиялық тізім арқылы жасақтау тәжірибесіне қайта оралуға байланысты 145 мандат пропорционалды жүйе бойынша бөлінеді. Бұл ретте сайлау нәтижелерінің әртүрлі нұсқаларын математикалық тұрғыдан модельдеуге болады. Алайда түпкілікті бөлініс партиялардың үгіт-насихат науқанын қаншалықты сапалы жүргізетініне, сайлаушылардың назарын аудара білуіне және жинаған дауысына байланысты болады.
Абзал Құспан: Сайлаудың сапасы партиялардың кадрлық әлеуетіне байланысты болады
Риззат Тасымның айтуынша, 5 пайыздық сайлау межесінен өту партияға автоматты түрде белгілі бір мандат санын кепілдік етпейді. Мандаттар межеден өткен партиялардың өзара жинаған дауыс үлесіне қарай қайта есептеледі.
«Пропорционалды жүйеде сайлаушылардың жалпы белсенділігі мен дауыс беруге қатысу деңгейі де маңызды. Сонымен қатар «Барлығына қарсымын» деген нұсқаны таңдағандардың, сайлау межесінен өте алмаған және бәсекелес партиялардың көрсеткіштері мандаттардың түпкілікті бөлінісіне ықпал етеді. Сондықтан 5 пайыздық межеден өту партияға автоматты түрде 7 мандат беріледі дегенді білдірмейді. Мандат саны межеден өткен партиялар жинаған дауыстардың өзара арақатынасына қарай айқындалады. Мәселен, әзірге теңгерімді бәсеке, ірі партияның басымдығына немесе жоғары бәсекелестікке негізделген ықтимал бөліністерді түсіндіретін шартты модельдер құруға болады. Бірінші жағдайда жеті партияның барлығы сайлау межесінен өтіп, мандаттар салыстырмалы түрде теңгерімді бөлінеді. Екінші жағдайда, мысалы, үш партия 5 пайыздық межеге жете алмаса, 145 мандат қалған төрт партия арасында қайта бөлінеді. Үшінші жағдайда барлық партия межеден өткенімен, олардың ешқайсысы дербес басымдыққа ие бола алмайды» дейді ол.
Сарапшы сондай-ақ, Құрылтайдың болашақ құрамы әр партия жинаған дауыс үлесіне ғана емес, бәсекелес партиялардың нәтижесіне және сайлау межесінен өткен саяси күштердің жалпы санына да байланысты болатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына партиялық тізімдерді тіркеу 23 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады.