Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Сарапшының сөзінше, Конституцияның 28-бабында тұрғын үйге қол сұғуға болмайтыны анық жазылған. Адамды үйінен шығару да, үйін тартып алу да тек сот шешімімен ғана жүзеге асады. Сондай-ақ үйге кіру, тексеру немесе тінту заңда көрсетілген тәртіппен ғана жүргізіледі.
Коллаж: Kazinform— Бұл өзгеріс жалға берушілер арасында түрлі пікір туғызды. Мәселен, Испания сияқты елдерде осал топтарға көбірек жағдай жасалып, бос тұрған үйлерге кейде қарттар, балалар немесе науқастар кіріп алып жатады. Оларды сотсыз шығару мүмкін емес, ал сот айлап, тіпті жылдап созылады. Біздің пәтер иелері дәл осыдан қауіптенеді. Біреу пәтерді жалдап алып, кейін төлемей қойып, бірақ шығудан бас тартуы мүмкін деп қорқады. Осындай жағдайда не істеу керек деген сұрақ туындайды. Қазірдің өзінде кейбірі алдын ала бірнеше айлық ақы сұрап, келісімшартты басқаша рәсімдеуге көшіп жатыр. Кейбіреулер болса, тұтас үйді емес, бір бөлмесін ғана жалға бермек. Қажет болған жағдайда жанына басқа адамды орналастырып, жалға алушыны тезірек көшуге мәжбүрлеу жолдарын қарастырып жатады. Кейде коммуналдық қызметтерді өшіру жайы да айтылып жүр, — деді ол.
Ғазиз Әбішев сәуір айының басында ҚР Жоғарғы соты Конституцияның 28-бабына қатысты түсіндірме жариялағанын еске салды. Онда бұл норма заңды меншік иелерінің құқықтарын басымдыққа қоятын маңызды жаңашылдық екені атап өтілген.
— Тұрғын үйден шығару немесе одан айыру тек заңды күшіне енген сот шешімі арқылы ғана мүмкін. Сот тәжірибесі көрсеткендей, 2025 жылы қаралған 2,7 мыңға жуық іс бойынша небәрі 6%-ы ғана жалға алушыларға қатысты болған, ал қалғаны меншік құқығы дауға түскен тұрғын үй иелеріне байланысты, — деді Ғазиз Әбішев.
Осылайша, спикердің айтуынша, Конституция ең алдымен меншік иелерін қорғайды. Мемлекет те, банктер де, сатып алушылар да заңға қайшы жағдайда адамдарды тұрғын үйінен шығара алмайды. Ал жалға алу шарттары бұзылған жағдайда сот меншік иесінің шығындарын өтеу туралы талабын қанағаттандырады. Жалға беруші тұру ақысы, адвокат қызметі және тіпті жіберіп алған пайда үшін де өтемақы өндіре алады.
— Неге мен жалға берушілердің, яғни пәтер иелерінің құқығын қорғауды қолдаймын? Себебі меншік құқығы кез келген өркениетті қоғамның ең басты қағидаларының бірі. Оның әлсіреуі көбіне экономикалық ахуалдың нашарлауына әкеледі. Тұрғын үй нарығын реттеу қажет. Қазір пәтерді жеңілдетілген салық режимі арқылы, жеке кәсіпкерлік ашпай-ақ, банктік қосымша арқылы жалға беруге болады. Бірақ барлық тұрғын үй ресми түрде, келісімшартпен және салық төлеу арқылы жалға берілетін деңгейге жетуіміз керек. Тек сонда ғана нарықтағы тараптардың құқықтары мен міндеттері арасындағы тепе-теңдік қамтамасыз етіледі, — деп түйіндеді саясаттанушы.
Айта кетейік, бұған дейін Еуропадағы тұрғын үй бағасын салыстырып жазған едік.