Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Астана қаласында Еуразиялық интеграция институтының (ЕИИ) «Ашық саясат» сараптамалық клубының алаңында «Конституция-2026: Қазақстанның саяси жаңғыруының жаңа кезеңі» тақырыбында пікірталас өтті, деп жазады Egemen.kz.
Сараптамалық кездесу шеңберінде мемлекеттік басқару жүйесін, бір палаталы парламенттің қызметін, партиялық дамуды және саяси жаңғыртудың басқа да бағыттарын қозғайтын жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері талқыланды.
Еуразиялық интеграция институтының Ғылыми-теориялық талдау және әдіснамалық қамтамасыз ету департаментінің басшысы Арман Ешмұратов Конституцияның жаңа жобасының қоғамда жан-жақты әрі белсенді талқыланып жатқанын атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасы түрлі диалог алаңдарында, әлеуметтік желілерде, БАҚ-та және сарапшылар қауымдастығында белсенді талқыланып жатыр. Ұсыныстар әзірлеу үшін арнайы Жұмыс тобы, содан кейін депутаттар, заңгерлер және басқа сарапшылардан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. EGov және eOtinish платформалары арқылы Комиссияның қарауына азаматтар, кәсіподақтар, салалық, ерікті және басқа да ұйымдардан екі мыңнан астам өтініш жіберілді. Нәтижесінде 30 қаңтарда жаңа Конституцияның жобасы жарияланды. Талқылау нәтижесінде түпкілікті түзетулер енгізілгеннен кейін жоба Мемлекет басшысына ұсынылып, референдум күні 15 наурыз болып белгіленді», деді Арман Ешмұратов.
А. Ешмұратовтың айтуынша, жаңа Конституция – елді одан әрі саяси жаңғыртуға бағдарланған және Мемлекет басшысының алдыңғы саяси реформалар жиынтықтарының жалғасы. Ұсынылған өзгерістер мемлекеттік институттарды нығайтуға, мемлекеттік жүйенің тұрақтылығы мен басқару сапасын арттыруға бағытталған.
Сарапшылардың ерекше назары азаматтардың мүдделерінің өкілдігін күшейтуге және саяси процестерге деген сенімді арттыруға мүмкіндік беретін партиялық жүйені дамытуға және саяси бәсекелестік үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге аударылды.
Қазақстан қоғамдық даму институтының «MediaLab» Орталығының басшысы Жақсыбек Жиенәлиевтің пікірінше, пропорционалды жүйеге көшу партиялық өрістің дамуын ынталандырады.
«Пропорционалды негізде құрылатын бір палаталы парламентті енгізу саяси партиялардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттырады. Болашақта саяси бірлестіктер ішінде кадрлық өзгерістер болуы мүмкін. Жаңа партиялық бастамалардың пайда болуын жоққа шығаруға болмайды», деді Ж. Жиенәлиев.
Делиберативті демократияны дамытуда Қазақстан Халық кеңесі жаңа органның маңызы зор. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Луиза Узарова шешім қабылдауда азаматтық қоғамның көбірек қатысу қажеттілігіне назар аударды.
«Қазақстан Халық кеңесін құру – уақыт талаптарына сәйкес келетін нақты қадам. Онда қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер және мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері атынан өңірлік мүдделер ұсынылады. Бұл орган заң шығару бастамасын жүзеге асырады. Осы тұрғыдан, азаматтық қоғам шешім қабылдау процесіне тереңірек енеді деп айтуға болады», деп атап өтті сарапшы.
Парламентаризм институтының бас маманы Нұржан Сәуленнің айтуынша, Халық кеңесі – сарапшылар, қоғамдық ұйымдар мен институттар қоғамдық-саяси дамудың өзекті мәселелері бойынша өз пікірлерін айта алатын жаңа алаң.
«Болашақта осы органның арқасында заң шығару процесі жеделдетілуі мүмкін. Азаматтық қоғамның ұсыныстарын ескере отырып, Халық кеңесі жұмысының регламенті мен тетігін егжей-тегжейлі белгілеу маңызды. Тиісінше, референдум қорытындысы бойынша жаңа Конституцияның жобасы мақұлданған жағдайда осы институттың қызметін реттейтін жеке заң қабылдау қажет», деді ол.
Сарапшылар сондай-ақ мемлекет дамуының стратегиялық бағыттары ретінде ғылым мен инновацияны конституциялық анықтаудың маңыздылығын атап өтті. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Дінмұхаммед Ғалидің айтуынша, бұл адами капиталды нығайтуға және экономиканы технологиялық жаңартуға ұзақ мерзімді бағдар береді.
«Конституция жобасының кіріспесінде білім, ғылым және инновацияға бағдарларды белгілеу біздің біртұтас халық ретінде дамудың зияткерлік векторын таңдайтынымызды көрсетеді. Бұл елдің ғылыми салада айтарлықтай әлеуетінің болуын растайды және мұнай-газға тәуелділіктен білім мен технологияларға негізделген экономикаға біртіндеп көшу үшін мүмкіндік жасайды. 3-бапта ғылымға да назар аударылады. Менің ойымша, осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламаларды жүйелі қолдау еліміздің адами капиталын арттыруға көмектеседі және жастарды ғылымды өмірдегі басты қызмет ретінде таңдауға ынталандырады деп үміттенемін», деді Дінмұхаммед Ғали.
Сараптамалық клуб отырысының қорытындысы бойынша практикалық ұсынымдар әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдарға жіберіледі.
Соңғы жаңалықтар
Сарапшылар: Жаңа Конституция жобасы мемлекеттік жүйенің орнықтылығын арттырады
Ата заң • Бүгін, 15:55
Жамбыл облысында автобус пен көлік соқтығысып, жолаушы қаза тапты
Оқиға • Бүгін, 15:48
Kaspi Gold карталарынан ақша неге жоғалып жатыр?
Оқиға • Бүгін, 15:32
Қостанайдағы ішімдіктен бас тартқан ауылда 3 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген
Қоғам • Бүгін, 15:23
Астанада арзан бағада азық-түлікті қайдан алуға болады?
Елорда • Бүгін, 15:00
13 ақпанға дейін жол жабық: Қай өңірлерде қозғалысқа шектеу қойылды?
Ауа райы • Бүгін, 14:53
Түркістан облысында танысына оқ атқан күдікті ұсталды
Аймақтар • Бүгін, 14:32
Замира Кузиева: Ата заң азаматтар үшін тұрақтылықты қамтамасыз етеді
Қоғам • Бүгін, 14:13
Ата заң жобасы мақұлданған жағдайда Парламент өкілеттігі қашан тоқтатылады?
Парламент • Бүгін, 14:10
Мектептегі қысым: Балалар арасындағы буллингтің зардабы қандай?
Қоғам • Бүгін, 14:05
Шығыс Қазақстан жастары референдумды қолдайды
Референдум • Бүгін, 13:46
Аида Балаева қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуалды ерекше бақылауға алуды тапсырды
Үкімет • Бүгін, 13:21
Қазақстаннан Қытайға 12,3 мың тонна жемдік ұн жөнелтілді
Экспорт • Бүгін, 12:55
Әулиекөлде көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді
Аймақтар • Бүгін, 12:48
Бала күтіміне байланысты жәрдемақы: Қаңтар айында қанша теңге төленді?
Қоғам • Бүгін, 12:33