Сараптама Атыраудағы онкодиспансер мен емханадан заң бұзушылықтар анықтады: пациент сотқа талап арыз дайындауда

15.04.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Chat GPT жасаған сурет

Атырауда жергілікті тұрғын Алмагүл Қонарбаеваның шағымы бойынша тәуелсіз медициналық сараптама аяқталды. Ол дәрігерлік қателіктен кейін ана болу мүмкіндігінен айырылғанын мәлімдеген еді.

Тексеру нәтижесінде медициналық көмек көрсету барысында заң бұзушылықтар болғаны расталып, шағым негізді деп танылды.

Бұл істің басталуына пациенттің Атырау облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментіне жүгінуі себеп болды. Ведомство оның уәждерін қабылдап, материалдарды тәуелсіз сараптамаға жолдады.

Тексеру 2025 жылғы 25 қыркүйектен 2026 жылдың сәуір айының басына дейінгі кезеңді қамтыды. «№7 Атырау қалалық емханасы» КМК мен «Атырау облыстық онкологиялық диспансері» КМК қызметіне баға берілген.

Сараптама тобының құрамына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығы» РМК ПВХ департаментінің директоры, медицина саласындағы MBA иегері, «Медстандарт kz» ЖШС тәуелсіз сарапшысы Гүлнар Күмісбекова және қауымдастырылған профессор, онкология кафедрасының оқу ісі жөніндегі меңгерушісінің орынбасары, С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің өкілі, сондай-ақ «ҚазҒЗИ онкология және радиология» орталығының жалпы онкология бөлімінің меңгерушісі, жоғары біліктілік санатындағы дәрігер – Толқын Садықова жүргізген.

Медициналық бақылау департаментінде тексеріс қорытындысы бойынша заң бұзушылықтар анықталғаны расталды.

«Ақ Жайыққа» департаментте хабарлағандай, сараптама нәтижесінде арызданушыға анықталған заң бұзушылықтар көрсетілген қорытынды құжаттар берілген.

«Азаматша Алмагүл Конарбаеваға сарапшы мамандар анықтаған қателіктер көрсетілген қорытындылар берілді (емдеу хаттамалары талаптарының сақталуы, ҚР ДСМ бұйрықтары талаптарының сақталуы бойынша)», - деп хабарлады департамент басшысы Алмагүл Әбілова.

Сарапшылардың қорытындыларына сәйкес, медициналық көмек көрсету барысында мынадай заң бұзушылықтарға жол берілген: 

пациенттің тексерулер мен операцияға қатысты тиісті түрде рәсімделген ақпараттандырылған келісімінің болмауыкөрсеткіштер болғанына қарамастан операцияның уақтылы жүргізілмеуі профильді маманның ұсыныстарының орындалмауыоперациядан кейінгі бақылаудың жеткіліксіздігімедициналық ұйымдар арасындағы сабақтастықтың болмауытиімділігі дәлелденбеген терапияның тағайындалуы. 

Сонымен қатар, сарапшылар пациентте 2024 жылдан бастап аналық без аймағында патологиялық өзгерістер тіркелгенін атап өтті: эндометриоидты аналық без кисталары, онкомаркер CA-125 деңгейінің жоғарылауы, сондай-ақ онкологиялық үдерісті жоққа шығармайтын МРТ деректері бар.

Аналық без кисталары бойынша хирургиялық емге көрсеткіштер болғанына қарамастан, онкогинеколог 2025 жылғы сәуірде ұсынған операция тек 2025 жылғы 25 қыркүйекте ғана жасалған. 

Операциядан кейін кейін эндометриоидты кисталарға байланысты пациенттің жағдайына тиісті бақылау жүргізілмегені және қажетті гормоналдық терапияның уақытылы тағайындалмағаны анықталды. Соның салдарынан оның денсаулығы нашарлап, 2025 жылдың желтоқсанында шұғыл ауруханаға жатқызылып, қайтадан операция жасалған.

Сарапшылардың қорытындысында анықталған заң бұзушылықтар пациенттің жағдайының нашарлауына және асқынулардың дамуына ықпал етуі мүмкін екені көрсетілген. 

Сонымен қатар, қорытындыда кей жағдайларда пациенттің өзі диагностикалық процедуралардан бас тартқаны атап өтілген, бұл дер кезінде диагноз қою мен ем жүргізуді қиындатқан.

Қазіргі таңда зардап шеккен Алмагүл Қонарбаева операциялардан кейін жағдайының нашарлағанын, жиі медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр екенін айтады.

- Қазір жұмыссыз қалдым. Бала да туа алмаймын. Енді денсаулығыма байланысты мүгедектік тағайындау үшін құжат жинап жатырмын. Ауруханадан шыққан соң сотқа міндетті түрде барамын, – дейді ол. 

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 15:35

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью