Сарыарқа ауданында соңғы екі жылда 50 ден астам аула жаңартылды

22.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Фото: Астана қаласы әкімдігі

Бүгінде Сарыарқа ауданында тұрғындар үшін жайлы әрі заманауи қалалық орта қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Соңғы екі жылда ауданның келбетін жақсартуға, көгалдандыру мен инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді.

Барлық жобалар тұрғындардың ұсыныстарымен әзірленген

2025 жылы ауданда 52 аула абаттандырылды. Оның ішінде 16 аулада кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 36 аула «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жаңартылды. Балалар және спорт алаңдары да жөндеуден өтіп, заманауи резеңке жабындар төселді. Осылайша тұрғындардың демалысы мен белсенді уақыт өткізуіне қолайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар бұзылған гараждар мен ескі құрылыстардың, бос жатқан аумақтардың орнында жаңа демалыс аймақтары пайда болды. Сарыарқа ауданы әкімдігінің мәліметінше, барлық жобалар тұрғындардың ұсыныстары мен тілектері негізінде әзірленген.

Елордада жаңартылған 8 аула балалар игілігіне берілді

Биыл да қаланы көріктендіруге бағытталған жұмыстар жалғасын тапқан. Ауданда жыл басынан бері күрделі жөндеуден өткен 13 аула мен бір қоғамдық кеңістік пайдалануға берілген.

«Жеңіс даңғылы бойындағы аулаларда алғаш рет экологиялық таза материалдардан жасалған жаңа буын ойын кешендері орнатылды. Сонымен қатар, бұрын пайдаланылмай келген аумақтарды қайта жандандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. А.Үлімжіұлы көшесіндегі бос жатқан жерге жыл соңына дейін тағы үш осындай аумақ абаттандырылады» делінген аудан әкімдігінің хабарламасында.

Биыл 2 мыңнан астам ағаш отырғызылады

Сарыарқа аудандағы ірі абаттандыру жобаларының бірі – Кенесары көшесін қайта жаңғырту жұмыстары болып отыр. Республика даңғылынан Сарыарқа даңғылына дейінгі шамамен 20 мың шаршы метр аумақты қамтитын жоба аясында жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы жаңартылды. Сондай ақ заманауи жарықтандыру жүйелері орнатылып жатыр.

Бұл өткен жылғы көгалдандыру жұмыстарының заңды жалғасы десек болады. 2025 жылы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның алаңы абаттандырылған болатын. Аумақта жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған тактильді плиталар төселді. Жаңа орындықтар, жарықтандыру тіректері орнатылып, автоматты суару жүйесі жүргізілген еді.

Астана қалай ажарланып келеді: Жаңа гүлзарлар мен абаттандыру жұмыстары қай аудандарда жүргізіліп жатыр

Тарихи маңызы бар нысандар да назардан тыс қалған жоқ. Керей мен Жәнібек хандар гүлбағында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүзеге асырылып, ағаштар мен көпжылдық бұталар отырғызылды. Сонымен қатар Н.Тілендиев даңғылының Көктал көшесінен Астрахан тасжолы көпіріне дейінгі аралығында 510 жапырақты қарағаш пен 44 мыңнан астам сәндік гүлдейтін бұта отырғызылды.

Биыл аудан аумағында 25 мыңнан астам жасыл желек егілмек. Оның ішінде 2 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған.

«Қазіргі уақытта К.Күмісбеков көшесі бойында 415 ағаш пен 2400-ден астам бұта отырғызылды. Жаңа ағаштар мен сәндік өсімдіктер көшелерді, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерді көркейтіп, ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосады», делінген әкімдік хабарламасында.

Ауданда 85 жылы аялдама жұмыс істейді

Елордада тұрғындардың жайлылығын арттыру мақсатында қоғамдық көлік инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Бүгінде Сарыарқа ауданында 85 жылы аялдама жұмыс істейді. Оның 71-і аудан әкімдігінің балансында болса, 14-і инвесторлар есебінен орнатылған. 2025 жылдың өзінде 15 жаңа аялдама қойылған. Аудан әкімдігінің мәліметінше, биыл тағы 7 жылы аялдама орнату жоспарланған. Жаңа нысандар жылыту және салқындату жүйелерімен, бейнебақылау камераларымен, жарықтандырумен және USB қуаттау құрылғыларымен жабдықталады.

Ауданда өткен жылы 28 тұрғын және қоғамдық ғимарат сәндік жарықтандырылған. Атап айтқанда С.Сейфуллин көшесі, Ш.Қосшығұлұлы көшесі, Сарыарқа даңғылы, Ә.Мәмбетов пен Бейбітшілік көшелеріндегі нысандарға орнатылған заманауи жарық жүйелері ғимараттардың сәулеттік ерекшеліктерін айқындап, көшелерге көрік берді.

Қазіргі таңда ауданда Ш.Қосшығұлұлы көшесі бойынша сәндік жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында барлық көше бойындағы тұрғын үйлерді қамтылмақ.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью