Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Ауыл шаруашылығы – округ экономикасының негізгі тірегі. 2026 жылдың басындағы есеп бойынша мұнда 5000 ірі қара, 12014 ұсақ мал, 3379 жылқы бар. Жайылым мәселесі тұрақты бақылауда. Биыл жазғы жайылымға 2 табын жылқы, 5 табын ұсақ мал және 7 табын ірі қара шығарылды. Алдағы міндет – жайылымды тиімді пайдаланып, мал басының өсуіне байланысты қосымша жайылым жерлерін қарастырып, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай туғызу.
Әлеуметтік салада да жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Округте 1 жалпы орта және 2 негізгі орта мектепте 260 оқушы білім алады. Мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балалардың білім алуына, спортпен және шығармашылықпен айналысуына жағдай жасалған. Денсаулық сақтау саласында 7 маман қызмет көрсетеді, профилактикалық және вакцинациялау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Ветпункт қызметкерлерінің басты міндеті – мал шаруашылығында. Төрт түлік малдардың саулығын, округтің эпизоотологиялық жағдайын басты назарда ұстайды.
Ауылдың көркеюі – басты назарда
Сарыөлеңде «Саят-Сұңғат» саябағына балалар ойын алаңы, баскетбол және волейбол алаңдары, жастар алаңы салынды. Ауылға кіреберістегі саябақ абаттандырылып, жарықтандырылды. Жамбыл көшесінің 2 шақырым жолына асфальт төселді. Көшелердегі ескі жарықтар заманауи, электр үнемдейтін шамдарға ауыстырылды. Су арналары мен арықтар тазаланып, шлюздер орнатылды.
Барақ батыр ауылында «Тәуелсіздік» саябағы абаттандырылып, балалар ойын және спорт алаңдары салынды. 10 шақырым су құбыры тартылып, таза ауызсу мәселесін шешуге мүмкіндік жасалды. Су тасқынының алдын алу үшін 440 метр дамба салынды. Бірлік ауылында 50 орындық мектеп пайдалануға беріліп, Жамбыл және Б.Рыспаев көшелерінің 2652 метріне асфальт төселді. Ауылда су жүйесін жүргізу жұмыстары жалғасуда.
2022 жылдан бері «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша округте 17 тұрғын үй салынды. Үйлер негізінен көпбалалы отбасыларға берілді. 2026 жылы Сарыөлең және Барақ батыр ауылдарында тағы екі пәтерлі үйлер салу жоспарланған.
Инвестиция мен кәсіпкерлікті дамыту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылға 4-деңгейлі бюджетке 12,548 млн теңге салық түсімі жоспарланған. Жыл соңына дейін түсімді 40 млн теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту, «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалану және ауылда жаңа жұмыс орындарын ашу – негізгі міндеттердің бірі. Инвестицияның түсімділігін көбейтіп, осы 4 бюджет қаражатын тиімді пайдалана отырып, ауыл тұрғындарының сұрауы бойынша ауылдық округтің ішіне керек жобалар, ауылды абаттандыру жұмыстары атқарылмақ.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мал және егін шаруашылығын дамытуға жағдай жасалуда. Округте 7 азық-түлік дүкені жұмыс істейді. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін әлеуметтік маңызы бар тауарларға тұрақты мониторинг жүргізіледі. Аудан орталығында әр сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, тұрғындар өз өнімдерін сатуға мүмкіндік алады.
«Таза Қазақстан» және «Жасыл ел» жобалары аясында сенбіліктер, көгалдандыру, саябақтар мен көшелерді тазалау жұмыстары тұрақты ұйымдастырылуда. «Жасыл ел» бағдарламасының екі кезеңінде 12 жас еңбекпен қамтылды. Қыс мезгілінде де тұрғындарға демалыс орындары жасалып, хоккей қораптары орнатылды. Осы жаз кезінде пайдаланылатын спорттық ойын алаңдарын үнемі қардан тазалап, қыс мезгілдерінде де ауыл тұрғындарына жағдай жасалған.
Цифрландыру бағытында ауылдарға интернет тарту жұмыстары жүргізілуде. Әкімдік ғимаратында тұрғындарға электрондық мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік беретін өзін-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді. Алдағы уақытта цифрлық сауаттылықты арттырып, заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды. Әкімшілік мамандар практикалық көмек ретінде ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көмек береді.
Қазір шешімін күткен мәселелер де бар. Сарыөлең ауылын таза ауызсумен қамтамасыз ету жобасы әзірленіп, сараптамадан өтті, енді қаржыландыру күтілуде. Ауылдың 8 көшесін орташа жөндеуге арналған жобалар дайын. Барақ батыр ауылындағы 6 көше қиылысына жарық орнату жобасының құны – 35 млн теңге. Сарыөлең тұрғындарын орталықтандырылған жылуға қосу мүмкіндігі де қарастырылуда.
Сарыөлең ауылының әкімі Серік Ақсартов осы тұста өзінің басты қағидасы халыққа жақын болу екенін жеткізді.
– Мемлекеттік қызмет саласында 33 жыл еңбек етіп, ауылдың мәселесін, тұрғындардың мұң-мұқтажын жақсы білемін. Тұрғындармен тұрақты кездесіп, олардың ұсыныстары мен өтініштерін назарға алу – күнделікті жұмысымның негізгі бағыты. Алдағы мақсатым – халықтың сенімін ақтап, ауыл тұрғындарына қалалықтармен бірдей жағдай жасау. Инфрақұрылымды дамыту, жол, ауызсу, жылу, жайылым және жұмыспен қамту мәселелерін кезең-кезеңімен шешіп, Сарыөлең ауылдық округін таза, жайлы, көркейген және тұрақты дамитын ауылға айналдыру. Ауылдық округ тұрғындарының арасында татулықты сақтап, елмен бірге еңбек етіп, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін одан әрі нығайту – басты міндетім, – дейді С.Алтынбекұлы.
Қорыта айтқанда, Күршімге қарасты Сарыөлең өлкесінде атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Ең бастысы, әрбір игі іс халықтың қажетіне жарап, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
М.ТӨЛЕУ