Сау ұлттың ұстыны ақылды медицина

22.09.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Сондықтан Президент өз Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін бақылауға ерекше тоқталды. Ол осы іске ЖИ технологияларын қолданатын жаңа жүйе жасауды, саланы толыққанды цифрландыруды тапсырды. Бұл бағытта бүгінде не істелді?

Цифрлық жүйелер үйлесімге келді

– Денсаулық сақтау жүйесінің қар­жылық тұрақтылығына және меди­ци­на­лық қызметтерге мониторинг жүргізу ісі­­нің тиімділігіне қатысты мәселелер бар. Үкі­мет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің са­пасына және көлеміне мониторинг жүр­гізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жыл­ғы 5 қыркүйектегі Жолдауында. 

Жаңа міндеттер медициналық қызмет көр­сету үдерісін заманауи талаптарға сай тү­бегейлі жаңғыртуға серпін берді. Мәсе­лен, денсаулық сақтау саласындағы быты­раң­қы ақпараттық жүйелерді біріктіру ар­қылы сапалы өзгерістерге қол жеткізу көзделді. Ұзақ жылдар бойы қатар, тіпті бір-бірімен бақталастықта жұмыс істеп келген сан алуан жүйе ақпарат алмасуды қиын­датып келген-тін. 

Енді медициналық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға қызмет ететін «денсаулық сақтау деректерінің б­і­рыңғай цифрлық контурын» құру бас­талды. Сектордағы әр жаққа шашыраған 23 меджүйені бірыңғай цифрлық діңгекке бірік­тіру жұмысы жүргізіліп жатыр: оның құра­мында 12 жеке медициналық ақпа­рат­тық жүйе бар. 

ІІМ, Еңбекмині, Әділет, Қаржы, Ғы­лым және жоғары білім министрліктері сияқ­ты мемлекеттік органдардың 50-ден ас­там ақпараттық жүйесімен тиісті интег­ра­ция жасалды. Денсаулық сақтау ми­нис-т­рі Ақмарал Әлназарова бұл бағыттағы ат­қарылып жатқан істердің мәнін тү­сін­дірді. 

– Президент тапсырмасына сәйкес, Бі­рыңғай мемлекеттік медициналық ақ­параттық жүйе (БММАЖ) құрылу үстінде. Ол барлық шашыраңқы жекеменшік ақ­параттық жүйені бір жүйеге біріктіріп, дә­рігердің бірыңғай жұмыс құралына ай­­налуға тиіс. Қазірдің өзінде Денсау­ми­ні­нің 12 жүйесінің 7-еуі біріктірілді. Енді деректер бір рет қана енгізіліп, құжаттар ав­томатты түрде қалыптастырылады. Бұл дә­рігердің ақпарат енгізуге жұмсайтын уақытын 40%-ға қысқартуға мүмкіндік берді! – деді А.Әлназарова. Бұл өзгеріс дәрі­герлердің қолын босатып, емдеу үдері­сіне, сырқатқа көбірек көңіл бөлуіне жол ашпақ. Осы жаңа жүйені толық іске қосу жыл соңына, 2026 жылғы 1 желтоқ­санға жоспарланған.

Деректер қатаң бақылауға алынды

Цифрландыру аясында әрі ақпараттық қауіпсіздік пен қаржының орынды жұм­салуын қадағалау үшін бірыңғай деректер қой­масы жасақталды. Бұл қоймаға 12 же­ке медициналық ақпараттық жүйеден, сон­дай-ақ түрлі тізілім-реестрлер мен анық­тамалықтардан маңызды ақпараттар то­ғытылды. Бүгінде жүйе ішінде 62 ме­дициналық оқиға бойынша 486 автоматты тексеру түрі жүргізіледі. 2026 жылғы 1 шіл­де­ден бастап медициналық көмекті төлеу ісі тікелей осы деректер қоймасын­дағы мә­ліметтер негізінде жүзеге асырыла бас­тады. 

Мұның түпкі мақсаты – қаржының дұ­рыс жұмсалуын қадағалау.  Министр Ақмарал Әлназарованың айтуынша, 23 бытыраңқы жүйеден e-Densaulyq бірың­ғай экожүйесіне көшу жұмыстары қар­қын­ды жүріп жатыр. Бүгінде 21 мыңнан астам медициналық ұйым, 221 мың мед­техника және 257 мың медқызме­т­кері­нің деректері цифрландырылды. 

Министр цифрлық бақылауды кү­шейтудің оң нәтижесі ретінде меджүйеден 1,4 млн рецептісі бар пациенттердің ес­кірген 400 мың картасының жойыл­ға­нын келтірді. Бұл мемлекетке бюджеттен 31 млрд теңге шығыстарды үнемдеуіне мүм­кіндік берген. Медқызметтерді негізсіз тұтыну 7,1%-ға немесе 7 млрд теңгедейге тө­мендепті. Бұл ретте қателерді анықтау тиімділігі 3,5 есеге артты. 

Интеграцияланған орта тек қаржылық бақылаумен шектелмей, кадрлық және лицензиялық талаптардың сақталуын қатаң қадағалауға жол ашты. Цифрлық тексеру барысында арнайы лицензиясы жоқ 38 медұйымның қызметі анықталып, оның 27-сінің жұмысы толығымен тоқ­татылды. Бұдан бөлек, сертификат­тары­ның қолданылу мерзімі өткен 2 188 меди­ци­на қызметкері уақытша жұмыстан шет­тетілді. Бұл жүйе салада әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды құралына айналмақ. 

Сондай-ақ бұрын жекелеген жүйеде шашырап жатқан деректер бір арнаға түйіс­кенде қайтыс болған азаматтарға «көр­сетілді» делінген қызметтер немесе бір дәрігердің бір мезгілде әртүрлі өңірде жұмыс істеп жатқаны сияқты келеңсіз жағдайлар бірден әшкереленді. Мұндай ашықтық емдеу сапасына нұқсан кел­тіретін теріс әрекеттердің алдын алуға сеп­тігін тигізуге тиіс. Технологияның те­геу­рінді тетіктері азаматтардың денсау­лығы мен қауіпсіздігін қорғаудың берік қалқанына айналса құп.

Әр пациенттің «шежіресі» жазылады

Кейінгі кезде ең құрығанда бір рет ме­млекеттік емханаға немесе ауруханаға жүгінген Қазақстан тұрғындарының медициналық өмірбаяны – «пациенттің цифрлық профилі» түзіліп жатыр. Аза­маттардың денсаулық тарихын жүйелі түрде жүргізу ісі де жаңа деңгейге кө­терілді. ДСМ түсіндіруінше, әрбір сырқат­тың медициналық тарихы 2012 жылдан бері әрбір тұрғынға жеке бекітіліп, дерек­тер оның тұрғылықты немесе тіркелген жеріне қарамастан сақталады. 

Азаматтардың цифрлық профилі 20 миллионнан асты. Ал электрондық құ­жат­тар саны 13,8 миллионға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш 2023 жылғы қаңтардан бері 2,2 есеге өскен. Сонымен қатар бұл «до­сьеден» дәрігерге онлайн жазылу қызметін 5,6 млн азаматтың пайдаланғаны анық­талды. Әрбір пациенттің жеке профилінде оның медициналық тарихы, тағайын­дау­лары, жүргізілген зерттеулері мен тал­дау­лары, алған вакцинациялары мен ал­лергиялық реакциялары жинақталған. 

Бұл модельдің басты артықшылығы – науқастың емделу тарихы бір ғана ем­хананың қабырғасымен шектеліп қал­майтынында. Еліміздің кез келген бұры­шындағы білікті дәрігер пациенттің бұрын­ғы зерттеу нәтижелеріне цифрлық фор­матта қол жеткізіп, динамикада тал­дай алады. Дегенмен бұл бағыттағы кейбір міндеттер әлі де аяқталмаған: ДСМ дере­гін­ше, олар кезең-кезеңімен іске асыры­лады. Атап айтқанда, скрининг пен вак­цинациядан өту туралы автоматты хабар­ла­маларды іске қосу 2027 жылғы 1 қаң­тардан бастап қолға алынбақ. 

Мұның сыртында денсаулық сақтау жүйелері мен ішкі істер органдарының ақ­параттық жүйелерін интеграциялау нәти­жесінде көлік құралдарын басқаруға ме­дициналық қарсы көрсетілімдері бар аза­маттар жаппай анықталып жатыр. Бү­гінде шамамен 10,5 мыңға жуық жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылып, олар машина рөлінен шеттетілді.

ЖИ – ақ халаттының серігі

Жасанды интеллект технологиясын ме­дицина саласына батыл енгізу – Жол­даудағы басты міндеттің бірі болғаны бел­гілі. Қазірдің өзінде озық шешімдер клиникалық практикада кеңінен қол­данылып, игілігін бере бастады. Елде 40-тан астам ЖИ жобасы пайдаланылады жә­не бұл технология 700-ден астам ме­дициналық ұйымда жұмыс істейді. Елі­міздің 15 өңірінде жасанды интеллект кө­мегімен диагностика жасау үрдісі жолға қойылыпты. 4 ЖОО-да осы бағытта ар­найы орталықтар ашылды. 

Денсаулық сақтау министрі ЖИ ақ ха­латтыларды ауыстырмайтынын атап өтті: ол дәрігердің жұмысын жеңілдетіп, ақ­паратты жылдам өңдеуге жәрдемдесетін сенімді көмекші. Мәселен, онкологияда өк­пе және сүт безі обырын ерте анықтау көр­сеткішін 32,2 пайызға арттыруға бола­тыны хабарланды. Инсульт диагнос­тика­сын­да қолданылатын жүйе бұл процесті 3 есеге дейін жылдамдатса, стома­то­ло­гия­да­ғы жаңашылдықтар диагностикалық жұ­­мысты 20 есеге дейін тездетуге қауқар­лы.

ЖИ элементтері бар цифрлық шешім­дер­дің қатарында «Суық тізбек» жобасы аталды: ол вакциналарды қоймадан ме­дициналық ұйымға дейін дұрыс сақтап, та­сымалдау жағдайларын автоматты түрде бақылауға арналған. Температура дат­чик­тері сақтау жағдайларын, ал GPS-мо­ни­торинг иммундық препараттарды та­сы­малдау барысын қадағалайды. Пилоттық жоба 2025 жылы Қарағанды облысында сынақтан өткен. Биылғы 1 қазаннан жо­ба­ны бүкіл ел аумағында кезең-кезеңімен енгізу басталады. Жүйе елдің барлық өңіріндегі 3,5 мыңнан астам нысан мен 800 бірлік арнайы тоңазытқыш-көлікті қамтымақ.

Полицейлер үлгісінде, медицина қыз­мет­керлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Қазақтелеком» АҚ шешімдері не­гізінде смарт-бейнежетондар енгізіліп жа­тыр. Құрылғы қауіпті жағдайларды тір­кейді. Пациент, басқалар шабуыл жасаса, өзге қауіп төнсе, патрульдік полиция жа­сағы оқиға орнына шұғыл жетуі үшін сиг­нал Полиция департаментінің Жедел бас­қару орталығына автоматты түрде жі­беріледі. Әзірге қанатқақты жоба екі өңірде – Шымкент қаласы мен Жамбыл об­лысында іске қосылған. Жобаны сы­науды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жетондармен 2,1 мың же­дел жәрдем бригадасы және 3,8 мыңнан ас­там медицина қызметкері қамтылады.

Стационарлардағы бейнеаналитика жә­не SOS батырмасы жүйесі қабылдау бө­лімдеріне арналған кешенді шешім. Ол медицина қызметкерлеріне қатысты агрес­сия фактілерін анықтау үшін «ақыл­ды» камералар орнатуды көздейді. Ақ­парат Полиция департаментіне, меди­ци­налық ахуал орталығына және ме­дұйым­ның күзет қызметіне жедел түрде беріледі. Көшелерде SOS батырмалары орнаты­лады. Оның көмегімен азаматтар патруль­дік полицияны өз бетінше шақыра алады. Жүйе Астанада, Шымкентте және Жам­был облысында енгізілу үстінде.

Шалғай аудандардың тұрғындарына мамандардың қашықтан кеңес беруін қам­тамасыз ететін цифрлық телемедицина ше­шімдері енгізілді. Бұл – қияндағы ауыл­дықтарға қомақты қолдау. Жыл басы­нан бері 1 миллионнан астам телекон­суль­тация өткізілді. 2,1 миллионнан астам адам қашықтан медқызмет алды: оның 39%-ы ауыл тұрғындары. Жоба ауылдар­дағы 655 фельдшерлік-акушерлік пункт­тер мен дәрігерлік амбулаторияларды, 72 қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін қамтиды. 

2026 жылдың 1 қыркүйегінде оқушы­лар­ды алдын ала тексеруге де телемеди­цина енгізілді. Онымен 8 мыңға жуық мек­тепті қамту жоспарлануда. Қашықтан кеңес беру форматында ЭКГ, экспресс-тал­даулар және цифрлық медициналық құрылғыларды қолданумен жасалатын тексерулер қолжетімді көрінеді. Алдағы уақытта бұл тізімге УДЗ, офтальмоскоп және тағы да басқа зерттеулер қосылмақ.

ЖИ қолданатын орталықтандырылған те­лерадиология бүкіл ел бойынша 400-ден астам медұйымды байланыстырады. ЖИ алгоритмдері КТ, МРТ және маммография суреттерін талдауға мүмкіндік беретін көрінеді. Бұл диагностикаға жұмсалатын уақытты 4 еседен астам қысқартады. Мұн­дай озық шешімдер әсіресе мамандар тап­шы аймақтарда аса қажет.

ЖИ базасындағы Akylmed.AI ме­ди­ци­налық коммуникациялардың бірыңғай жүйесі пациенттерді тәулік бойы онлайн-жазу, скринингтер мен профилактикалық тексерулерге автоматты түрде шақыру, сон­дай-ақ қабылдау сапасы туралы кері бай­ланыс орнату үшін енгізіледі. Қоңырау ша­латын AI-көмекшілер қабылдауға жа­зылып, емханаға келмей қалу оқиға­ларын 3 есеге жуық азайтуға және ресепшн-тіркеу орындарына жүктемені айтарлық­тай төмендетуге мүмкіндік беріпті.

Сондықтан бүгінгі кезеңді цифрлық медицинаның қалыптасу дәуірі деп атауға негіз бар. Басты мақсат – басталған ізгі бас­­тамаларды аяғына жеткізіп, оңды нә­ти­жеге қол жеткізу. Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы медициналық қызметтің сапалы, бақылауға қолайлы және әрбір азаматқа қолжетімді болуына бағытталған. «Ақылды» медицина мен заманауи цифр­лық технологиялар дұрыс тоғысса, бұл денсаулық сақтау саласын түбегейлі жаң­ғыртып, әрбір азаматтың өмір сапасын арттыру жолындағы жарқын болашақтың берік іргетасына айналмақ.

АЙХАН ШӘРІП

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью