Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Зерттеу барысында қатысушыларға: «Егер сайлау алдағы жексенбіде өтсе, сіз дауыс беруді жоспарлап отырсыз ба?» деген сұрақ қойылды.
Нәтижесінде респонденттердің 72,1%-ы сайлау учаскесіне барып, дауыс беруге ниетті екенін мәлімдеген. Ал 14,2%-ы дауыс бермейтінін айтса, 13,7%-ы нақты шешім қабылдамаған.
Сауалнама аясында азаматтардан «Егер сайлау алдағы жексенбіде өтсе, қай партияға дауыс берер едіңіз?» деген сұраққа да жауап алынды.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, партиялар рейтингінде «Әділет» партиясы көш бастап тұр. Оған сауалнамаға қатысқандардың 61,7%-ы дауыс беруге дайын екенін білдірген.
Екінші орында «Ауыл» партиясы – 5,1% болса, одан кейін «Respublica» партиясы – 4,5%, «Ақ жол» партиясы – 4,1% орналасқан.
Сондай-ақ Қазақстан Халық партиясын респонденттердің 3,6%-ы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияны 3,5%-ы, ал «Байтақ» жасылдар партиясын 0,7%-ы қолдайтынын айтқан.
Қатысушылардың 2,6%-ы «барлығына қарсы» дауыс беруге ниетті екенін білдірсе, 14,2%-ы әлі нақты таңдау жасамаған.
Абзал Құспан: Сайлаудың сапасы партиялардың кадрлық әлеуетіне байланысты болады
Зерттеу авторларының пікірінше, респонденттердің көзқарасына партиялардың сайлау науқаны кезіндегі белсенділігі, съездер өткізіп, сайлауалды бағдарламалары мен кандидаттар тізімін жариялауы әсер еткен.
Еске сала кетейік, елімізде Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленді. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды. Құрылтай сайлауына саяси партиялар кандидаттар тізімін бекітіп үлгерді. Атап айтқанда, «Ауыл» партиясы – 69, «Ақ жол» партиясы – 63, Қазақстан Халық партиясы – 72, Respublica партиясы – 76, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) – 33, ал «Байтақ» жасылдар партиясы 51 кандидат ұсынды. Сондай-ақ «Әділет» партиясы сайлауға 186 кандидатты бекітті.