Сауаттылық сақтықтың алғышарты

14.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Алаяқтарға алданған зейнеткерлер налып, тәртіп сақшыларына арыз-шағымдарын айтып жатыр. Амал не, қанша тырысса да полиция киберқылмысты толық құрықтай алмай отыр. Биыл қарт адамдарды қорғау мақсатында Жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірлесіп профилактикалық акция өткізді. Олар зейнеткерлердің үйлеріне барып, кең таралған алаяқтық тәсілдері туралы айтып, жадынамалар таратты. Бір күннің ішінде полицейлер мен еріктілер Петропавл қаласында ғана шамамен 1,5 мың адамға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осындай жұмыс аудан орталықтарында да өткізілді. Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын егде жастағы туыстарына қазіргі алаяқтық схемалары туралы жиі айтып отыруға шақырады. Кейде бір ғана ескерту адамды қауіптен сақтап қалуы мүмкін.

Көбінесе алаяқтар өздерін электрмен жабдықтау және ком­муналдық қызметтердің, «Қазақ­телекомның», пошта немесе емханалардың қызметкерлері ретінде таныстырып хабарласады. Шарттың мерзімін ұзарту, домофон кілттерін ауыстыру, сәлемдеме алу немесе медициналық тексеруден өту қажеттілігі – қоңырау шалуға себеп болатын сылтаулар. Зейнеткерлердің кейбірі де тиімді ұсынысқа құштар. «Бұл не деген батпан құйрық, тектен тегін жатқан құйрық» дегенді елемей кететіндер бар.

Мысалы, Петропавл қаласы­ның 77 жастағы тұрғыны Instagram әлеуметтік желісінде жа­рия­­ланған инвестиция арқы­лы қомақты табыс табу туралы жарнамаға сеніп қалған. Алаяқ­тар сәуір айының соңы­нан мамыр айының басына дейін зейнеткердің барлық жи­на­ған қаражатын, нақтырақ айт­қанда, 7 миллион теңгеден астам ақшасын үптеп кеткен. Қазір аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Полиция жәбірленушінің ақшасын елден шығаруға пайдаланылған шот иелері – үш дропперді анықтады. Енді кейуананың азаматтық сот ісі тәртібімен олардан келген шы­ғын­ды өндіріп алуға мүмкіндігі бар.

Алаяқ пен жәбірленушінің арасына делдал болып, есепшотын ұсынушы дропперлер өздерін «сүттен ақ, судан таза» болып көрсеткісі келгенімен, қылмыстық әрекеті жеңіл емес. Олар алаяқтың берген ақысын алып, есепшоттарын беру арқылы жәбірленушінің ақшасын жымқыруға көмектеседі. Былтыр 31 алаяқтық эпизодқа қатысқан сондай бес дроппер ұсталып, жуыр­да сот қылмыстарына қарай оларға 2 мен 6, 8 жыл аралағында бас бостандығынан айыру жазаларын берді. Тек бір эпизод бойынша ғана қылмыскерлер петропавлдық әйелдің 22 млн 800 мың теңгесін қолды қылған. Алаяқтардың өздері шетелдерде тұратын көрінеді, алайда жәбірленушіні оңай сендіріп, «поштамен барған сәлемдемені алу үшін жіберілген кодты бізге айтыңыз» деп алдап, осынша ақшасын қақшып кеткен...

Цифрлық технологиялардың дамуы күнделікті өмірімізді едәуір жеңілдетті, алайда сонымен қатар қылмыскерлер үшін жаңа мүмкіндіктер де ашты. Солтүстік Қазақстан облыстық ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлнұр Ахмедияров осылай дейді.

«Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы интернет-алаяқтардың заңсыз қызметін анықтау мен жолын кесу, сондай-ақ халықтың цифрлық сауатын арттыру бағытында көп жұмыс істеп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында әр айдың 15-і халықтың қаржылық сауаттылығы мен бірыңғай профилактика күні деп жарияланған. Осы күні облыс әкімі бекіткен жоспарға сәйкес барлық мемлекеттік органда, сондай-ақ кәсіпорындар мен мекемелерде азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар бір мезгілде өткізі­ле­ді. 15 маусымда Полиция департаментінің қызметкерлері басқа құқық қорғау органдары және еріктілермен бірлесіп, 1 500 зейнеткерге мекен-жайлық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын бо­лады және тек осы күнмен шектелмейді. Біздің мақсатымыз – азаматтарды кибершабуылдардан қорғау. Тек құқық қорғау орган­дарының, мемлекеттік құры­лымдардың, қаржы ұйым­да­рының және азамат­тардың бірлескен күш-жігері арқылы ғана кибер­қылмысқа қарсы тұрып, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болады», деді ол.

Солтүстік Қазақстан облысы 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью