Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
— Сауд Арабиясында қанша Қазақстан азаматы бар? Олардың арасында демалып барғандардың саны нақтыланды ма?
— Қазіргі уақытта Сауд Арабиясы Корольдігінде 2000-нан астам Қазақстан Республикасының азаматы бар. Олардың көпшілігі, яғни шамамен 1300-ге жуығы, Сауд Арабиясының батыс бөлігінде орналасқан Мекке және Медина қалаларына қасиетті Рамазан айында кіші қажылыққа, яғни «умра» рәсімін өтеу мақсатында уақытша келген азаматтар.
Қалған 700-ге жуық азамат аталған елде тұрақты негізде тұрады, олардың қатарында студенттер, қызметкерлер, кәсіпкерлер және олардың отбасы мүшелері бар. Корольдікке демалысқа келген еліміздің азаматтары туралы ақпарат жоқ.
— Азаматтарымыздың ішінде елге қайтуға ниет білдіргендері бар ма?
— Әрине, Таяу Шығыс аймағындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты қазіргі таңда барша қауым болып жатқан ахуалды алаңдаушылықпен қадағалап отыр. Корольдіктегі халықаралық әуежайларда кейбір бағыттардың жабылуына байланысты, еліміздің әуе компанияларының Таяу Шығыс елдеріне жоспарланған барлық рейсі тоқтатылды. Умраны өтеуге келген Мекке мен Медина қалаларындағы азаматтар елге қайтуды жоспарлап отыр. Елшілік пен Жиддадағы Бас консулдықтың қызметкерлері туристік операторлар және әуе тасымалдаушылармен белсенді түрде байланыс орнатып, азаматтардың қауіпсіз және уақытылы елге оралуын қамтамасыз ету бағытында жұмыстарды жалғастырып жатыр. Кейбір азаматтар өз бетімен, негізінен Түркия арқылы транзиттік рейстермен елге қайтып жатыр. Корольдікте тұрақты жұмыс істейтін азаматтар елге қайтуға ниет білдірмеді.
— Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қандай шаралар қабылданды?
— Отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар тиісті іс-шара қолға алынды. Туроператорлармен байланыстар орнатылып, кестеге сәйкес ұша алмай қалған азаматтарға тұру және тамақтану жағдайы қамтамасыз етіліп отыр. Осы ретте, еліміздің азаматтары бұл төтенше жағдайды түсіністікпен қабылдағанын атап өтуге болады. Елшілік пен Бас консулдық тәулік бойы — 24/7 режимінде жұмыс істеп жатыр, яғни қалыптасқан жағдайды мұқият бақылауда ұстап отыр. Сауд Арабиясына өз бетімен келген азаматтарды есепке алу мақсатында онлайн сауалнама ұйымдастырылды. Сауалнама арқылы азаматтар өздерінің орналасқан жері, жағдайы және қажеттіліктері туралы ақпарат беріп жатыр.
— Елге қайтару бойынша қандай шаралар қолға алынды?
— Қазіргі уақытта азаматтарды елге қайтару бойынша әуе тасымалдаушыларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сауд Арабиясы аумағындағы азаматтармен тікелей байланыс орнатылған, олардың қауіпсіздігі мен елге қайтару мәселелерін шұғыл түрде үйлестіру үшін арнайы WhatsApp топтары құрылды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, жақын күндері Медина және Жидда қалаларынан азаматтарды елге қайтару бойынша рейстер ұйымдастыру жөнінде шешім қабылданды.
— Жалпы, қазір Сауд Арабиясында қауіпсіздікке қатысты жағдай қандай?
— Шығанақтағы Қатар, Біріккен Араб Әмірліктер және Бахрейн мемлекеттерімен салыстырғанда, Сауд Арабиясы аумағындағы қауіпсіздік жағдайы жалпы алғанда тұрақты деп бағаланып отыр. Елде қауіпсіздік шаралары жүйелі түрде күшейтілген, стратегиялық нысандар бақылауға алынған. Құзырлы органдар ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіп отыр. Корольдіктегі Жидда, Медина және Рияд қалаларының халықаралық әуежайлары штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын атап өту керек.
Айта кетелік Қазақстандық авиакомпаниялар Таяу Шығыстан 2 наурызға 13 рейс жоспарлаған еді. Сонымен қатар Астана әуежайы рейстер кестесінде өзгеріс болуы мүмкін екенін ескертті.
Сондай-ақ СІМ қазақстандықтарды эскалация аймақтарынан шығару бағыттарын пысықтап жатқаны туралы жазған едік.