Сауда министрлігінде сүт өнімдері нарығындағы баға мен жалған өнімдер мәселесі көтерілді

30.01.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі отандық сүт өнімдері өндірушілерін қорғау жөніндегі Ситуациялық штабтың отырысын өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

2026 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Ахметбекұлы Әбілдабековтің төрағалығымен ішкі нарықты қорғау мәселелеріне арналған Ситуациялық штабтың отырысы өтті. Жиын отандық сүт өнімдерін өндірушілерді қолдау тақырыбына арналды.

Отырыста сүт саласын мемлекеттік қолдау тетіктері, отандық сүт өнімдерінің сауда желілеріндегі ұсынылу деңгейі, сауда үстемелерінің мөлшері, сондай-ақ жалған (фальсификацияланған) өнімдердің айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.

«Қазақстанның ет-сүт одағы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» өкілдері мемлекеттік қолдау шараларының өндірушілерге жеткізілуі, сауда сөрелерінен орын бөлу талаптарының сақталуы және бөлшек саудадағы нақты сауда үстемелеріне қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді.

Талқылау қорытындысы бойынша, вице-министр Сауда комитетіне отандық өндірушілермен бірлесіп сүт өнімдеріне баға қалыптастыру жағдайын зерделеуді және тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Сондай-ақ Ақтөбе облысының Сүт және сүт өнімдерін өндірушілер қауымдастығы көтерген жалған сүт өнімдерін әкелу және өткізу мәселесіне ерекше назар аударылды.

Осыған байланысты Ақтөбе облысында уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысатын өңірлік ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобы аталған мәселелерді кешенді түрде зерделеп, оларды шешу бойынша нақты шаралар әзірлейді.

Отырыс қорытындысы бойынша, бейінді құрылымдық бөлімшелерге қабылданған шешімдер мен ұсынымдарды жүйелеп, отандық өндірушілерді қорғау және ішкі нарықты дамыту бағытындағы әрі қарайғы жұмысты басшылыққа алу тапсырылды.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью