Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Қарағанды қаласы әкімдігінің мәліметінше, қолайсыз ауа райының салдарын жою үшін көшелерге 200-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Қардың толассыз жаууына қарамастан, жолдағы ахуал тұрақты бақылауда. Коммуналдық қызметтер көше-жол желісін тәулік бойы тазалап, қажет болған жағдайда құм-тұз қоспаларын қолданып жатыр.
Ведомство дерегінше, Қазыбек би ауданында 100 техника мен 140 жұмысшы еңбек етсе, Әлихан Бөкейхан ауданында 70 арнайы техника мен 115 жол қызметкері жұмылдырылған. Сонымен қатар саябақтар мен гүлзарларда 50 техника мен 180 қызметкер жұмыс істеп, магистральды көшелермен қатар қоғамдық кеңістіктерді де қатар күтіп-ұстауға мүмкіндік беріп отыр.
Осы жұмыстармен қатар синоптиктер өңірде ауа райының құбылмалы сипаты сақталатынын ескертіп жатыр. «Қазгидромет» Қарағанды облыстық филиалының мәліметінше, аймақ батыстан шығысқа қарай жылжып келе жатқан циклонның және оны алмастыратын солтүстік-батыс антициклонның ықпалында.
— 16–20 сәуір аралығында жауын-шашын жауады. Сонымен бірге тұман түсіп, көктайғақ қалыптасып, желдің екпіні артуы ықтимал. Кезең соңында түнде ауа температурасы -3…-8°C-қа дейін төмендеп, күндіз +8…+13°C-қа дейін көтеріледі, - деп нақтылады синоптиктер.
Мамандардың айтуынша, алдағы күндері Қарағандыда ауыспалы бұлтты ауа райы сақталып, солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы 9–14 м/с болады, жолдарда көктайғақ байқалады. Облыстың бірқатар аумағында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түсіп, желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетуі, ал тұман салдарынан көріну деңгейі төмендеуі мүмкін.
— Жалпы өңір бойынша ауа райы құбылмалы сипатта сақталады: жауын-шашын мен қысқа мерзімді ашық кезеңдер алмасып отырады, - деп мәлімдеді «Қазгидромет» өкілдері.
Осыған байланысты Қарағанды облысының Полиция департаменті жүргізушілерге ерекше сақтық шараларын сақтауды ескертті.
— Ауа райы күрт өзгерген жағдайда жылдамдық режимін қатаң сақтау, арақашықтықты ұлғайту, күрт маневрлер мен тежелулерден бас тарту қажет. Қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемеу жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін, - деп атап өтті департаменттің баспасөз қызметі.
Қолайсыз ауа райы жол-көлік оқиғаларына да себеп бола бастады. Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 232-шақырымында, Теміртау қаласынан 20 шақырым жерде жеті жолаушысы бар, оның ішінде төрт бала отырған жеңіл көлік жол жиегіне шығып кеткен.
— Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар көлікті тазартылған жол бөлігіне шығарып, кейін ол қозғалысын жалғастырды. Зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек қажет болған жоқ, - деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта барлық қызмет күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Мамандар өңір тұрғындарына синоптиктер болжамын ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауды және жолға шығарда ауа райы жағдайын міндетті түрде назарға алуды ұсынады.
Бұған дейін 16 сәуірге Қазақстанның 17 өңірінде дауылды ескерту жарияланғаны хабарланған.