Сәуле Досжан, жазушы: Әйелдің жан әлемі шексіз ғалам

07.03.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Қазақ әдебиетінде қаламгер қыздар санаулы ғана: прозада тіптен аз. Қалам ұстаған жанның өз миссиясы бар. Олар да қоғамға қалам арқылы қызмет етіп жатыр. Көркем жазу деген – өнер, шабыт, жауапкершілік. Біздің әдебиетте жүрген қыздар осы талаптың үдесінен шығып жүр ме? Әдебиет «оқылмайтын» заманда шығармашылықпен айналысу – жазушыға не береді? Біз бұл сұрақты жазушы Сәуле Досжанға қойған едік. 

Тағдыр талай белесті алға тартты

– Әдебиетте жүрген қазақ қыздары көп емес. «Әдебиет – ар­дың ісі» дейміз. Қыз балаға қоғам­ның ауыр жүгін қаламмен арқалау қиын емес пе?

– Менің әдебиетке келу жолым да оңай болған жоқ. Дүкенбай Дос­жан – қазақтың қабырғалы қалам­герлерінің бірі. Ол кісінің жазған дүниелерінің ең алғашқы оқыр­маны болдым. Редактор ретінде емес, корректор ретінде ғана қарап шығатынмын. Себебі Дүкең өз мә­тініне біреудің редакторлық жаса­ғанын ұнатпайтын. Мен тек грам­матикалық қателерін түзеп қоя­мын. Ал мазмұнына, ойына ешқа­шан қол сұқпаймын.

Жазушылықтың өзі екі түрлі болады ғой: бірінің тілі шұрайлы, бірінің ойы терең. Мен өзімді тіл­дің шеберімін деп айта алмаймын. Бар болғаны – ой айтуға, жүрек түкпіріндегі шындықты жеткізуге тырысамын. Ал Дүкеңдер – қазып жазатын, әр сөйлемін салмақтап, әр сөзін саралап түсіретін жандар еді.

Дүкең менің әдебиетке аралас­қанымды аса құптамады. «Қалам ұстағанның жолы ауыр» деп бұл соқ­паққа көп жолатқысы келмей­тін. Бірақ ішкі аңсарымды тоқтату мүмкін болмады. Ағаңнан тығып, жасырын жазған кездерім де бол­ды. Іштегі булығып жатқан дү­ниенің бәрін қаламгер қағазға түсіргісі келіп тұрады ғой. Сол секілді мен де ара-тұра қаламымен қағаз бетін шимайлап жүретін едім. Оның бәрі кейін көркем дүниеге айналды. 

– Жазушының жары болу оңай емес. Бірақ сіз анаңыз, яғни енеңіз туралы үнемі сағынышпен еске алып отырасыз. Қазір қоғамда енені «құбыжық» қылып көрсету белең алып барады. Жалпы, келін ененің топырағынан жарала ма?

– Дүкенбаймен бірге өткізген отыз жылдық ғұмырымда мені толық тәрбиелеген жан – енем. Келешекте енем туралы, жалпы енелер жайында бір роман жазсам деген арманым бар. Оның да бір күні туар. Апамның аты – Жәмила Жанұзаққызы. Ол кісінің айтқан әр сөзі, әр өнегесі – мен үшін өмірлік мектеп. Кейде Сәт ағаңмен әңгі­мелесіп отырсам да, «апам сөйтетін еді, бүйтетін еді» деп отыратыным бар. Апам – менің жан дүниемнің бір бөлігі. Досжановтар әулетіне келін болып түскенімде небәрі 27 жаста едім. Апам мені маңдайым­нан сүйіп, туған анамдай қарсы ал­ды. Артық-кемімді түзеуге ты­рысты, бірақ ешқашан жанымды жаралаған емес. Еркелетті, сенім артты. Отыз жыл бойы сол аялы алақанның жылуын сезініп өмір сүрдім.

Бүгінде жасым алпыс жетіге келсе де, апамның айтқан сөздері санамда сайрап тұр. Ол кісі ұлын да, келінін де бір-бірінен кем көрмеді. Біздің қолымызда тұрды. «Отбасының берекесі – ененің парасатында» дегенді сол кісіден ұқтым. Келін келген жерінде сый көрсе, шаңырақ шайқалмайды.

Апам жуас, момын мінезді еді. Бірақ ішкі діні мықты. Кейде бір жаққа ұзап кетіп қалсам, «мына үйден сен кетсең, береке кетеді» деп айтып отыратын. Сол сөздің салмағын қазір ғана түсініп жүргендеймін. 

– Анаңыз бен әкеңіздің бір тал гүлі екенсіз. Әлемнің жарығын сыйлаған анаңыз қандай жан еді? 

– Ата-анамның жалғыз пер­зен­ті болдым. Шешем екеуміз мо­ла­лар­дың іргесіндегі шағын ғана үйде тұрдық. Төбесінен су сорғалап тұратын ескі шаңырақтың астында жатып, бала көңілмен бір арманды жиі қиялдайтынмын: «Шіркін-ай, шешеме өзі армандағандай жарық, кең үй салып берсем ғой…»

Ол арман бірден орындалған жоқ. Жылдар өтті. Тағдыр талай белесті алға тартты. Бірақ бала күн­гі сол бір тілек жүрегімнің түкпі­рінде сөнбей сақталды. Ақыры көп жылдан кейін ғана анама арман­даған үйін салып бердім. Тура анам армандағандай кең, жарық үй. Биікте тұр.

Анам менің бойжетіп, азамат болғанымды, қолыма қалам ұстап, жазушы атанғанымды көрді. Ал әкем сол қуанышты көре алмай кетті…

Әкем мен анамның мен деген­дегі мейірімі бөлек еді. Анам мар­құм: «Өмір деген – Сәуле» деп жиі айтатын. Сол сөзінде бүкіл үміті, бүкіл сенімі жатқандай сезілетін. Екеуі де денсаулығы кем, әріп та­ны­майтын жандар болса да, бар арманы жалғыз қыздарының ба­қыт­ты ғұмыр кешуі еді. Қиналмай, мұқтаждық көрмей өмір сүрсе екен деп тілейтін.

Анам мені мектепке жетектеп апарып, сабақтан соң қайта алып келетін. Қолынан жетектеп жүрген сол сәттер менің ең үлкен қорға­ным, ең биік қамалым еді.

Бала күнімнен кітапқа құмар болдым. Ойыншық жинамадым, кітап жинадым. Қабырғасы сыз тартқан, жұпыны жатақ үйімізде ең бай дүние – кітаптарым болатын. Сөрелерге сыймай үйіліп жататын сол кітаптар менің қиялымды алыс­қа жетеледі, арманымды биіктетті.

Кейін есейген соң сол кітап­тардың көбін ауыл мектебінің кі­тап­ханасына тапсырдық. Бәлкім, мен секілді бір бала сол кітаптарды парақтап отырып, өз арманын табар. Бәлкім, бір үйдің үміті тағы бір шаңырақты жарық қылар.

Өйткені кейде үлкен жол дәл сондай шағын, су тамшылаған үйден басталады.

Алатау маған рух береді

– Алғашқы көркем шығармаңыз қашан шықты?

– Есенғали Раушанов екеуміз жақсы араластық. Бір күні баты­лым­ды жиып, қолжазбамды соған апардым. «Дүкең менің проза жа­зуыма рұқсат етпейді. Мына бір дүнием бар еді, өзің бір қарап көрші», – дедім. Ол күліп: «Неге рұқсат етпейді, әкелші», – деп қолжазбамды алып қалды.

Ертесінде телефон соғып: «Ей, Қожахметова, мынауың жақсы дү­ние екен! Сен үшін «Қазіргі заман прозасы» деген серия ашып жа­тырмын. Осы айдармен кітабыңды шығарып берем», – деді.

Кітабым жарық көрген соң Дүкенбай Досжан да оқып шығып, риза болды. Іштей қуанды ма, жоқ па – білмеймін, бірақ үнсіз ма­құлдағанын сездім.

– Қаламгердің жазған әр кейіп­кері – жазушының ішкі бір бөлшегі секілді. Мәселен, сіздің кейіпкер­леріңіз өзіңіз бе?

– Жоқ. Мен бұған келісе бер­меймін. Бірде Қабдеш Жұмаділов­тің бір сұхбатын оқыдым. Сонда ол кісі: «Шығарма іштен туады. Жа­зушы оны алдын ала жоспарламай­ды», – деген еді.

Расында да, шығарма – жос­пар­дың жемісі емес, жүректің толғағы. Ол қашан, қалай туады – аңғармай қаласың. Оқиға қалай өрбитінін, кейіпкер қайда апара­рын кейде өзің де білмейсің. Көз­бен көрген дүниең бір басқа, ал қағазға түскен сұлба мүлде басқа болуы мүмкін.

Кейіпкерлерім – мен емес. Бірақ оларда менің жүрегімнің лүпілі, жанымның табы бар шығар.

– Сіз үшін жазу деген миссия ма, қажеттілік пе?

– Бұл маған құдайдың берген нығметі. Іле Алатауына қарап тұрсаң, арғы бір қиырында қалған менің ауылымдағы асқар тау көзіме елестейді. Бала күнімнен тауды сүйіп өстім. Тау – менің стихиям.

Алатау маған рух береді. Қай­сарлықты, биіктікті үйретті. Жазу да сол биіктіктен, сол тыныстан туған шығар.

Негізі, жазушы қай тақырыпты жазатынын алдын ала білмейді. Қаламды қолға алған сәтте ғана ішкі бір күш жетелейді. Қағазға не түссе, сол – менің шындығым, сол – оқыр­манға жол тартатын тағдырым.

Жазу – міндет те емес, даңқ та емес. Ол – жүректің тынысы. Құдай маған сыбырлайды. Мен тек сол жүрек тынысын тыңдаймын.

Қазақ қызы – батыр

– Қаламгер қыздардың көбі әйелдер тақырыбын жиі қозғайды. Сіздің тақырыбыңыз қандай?

– Осы уақытқа дейін жазған шығармаларымның басым бөлігі – әйел тағдыры туралы. Мен үшін әйелдің жан әлемі – тұтас бір ғалам. Қазақ қыздарының нәзік болмысы мен биік парасатын, са­быры мен сырбаздығын, ішкі қай­сарлығын шығармаларыма арқау етіп келемін.

Ол – са­налы, білімді, еңбекқор, табанды. Соның бәрімен қатар жүрегі нәзік, жаны мейірімге толы. Бірақ біз сол нәзік иықтарға тым көп жүк артып қойғандаймыз. Менің шығар­ма­ла­рым сол жүктің салмағын сезіндіру үшін, сол жү­ректің үнін естірту үшін жазылады.

Мен үшін әр кітап – жанымның бір бөлшегі. Ал әйел тағдыры – сол жанның ең нәзік пернесі.

– Бүгінгі қазақ қызының тағды­ры туралы көп ойланасыз ба? Бұ­рынғы мен бүгінгіні салыстыра аламыз ба?

– Бұрынғы қазақ қоғамында қыз тәрбиесіне ерекше мән беріл­ген. «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөздің астарында шектеу емес, қорған бар еді. Қыздың жү­ріс-тұрысы, сөзі, киімі, мінезі – бәрі бақылауда болды. Бірақ бұл оның еркіндігін тұсаулау үшін емес, ар-намысын, абыройын қор­ғау үшін жасалды. Анасы қызына кесте ті­гуді, ас әзірлеуді ғана емес, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсе­туді, сөз қа­дірін түсінуді үйретті. Әкесі қы­зын еркелетіп өсірсе де, оның абы­ройына дақ түспеуін қадағалады.

Бүгінгі заман басқа. Ақпарат ағыны күшті, көзқарас өзгерген, мүмкіндік молайған кезеңде өмір сүріп отырмыз. Қазіргі қазақ қызы білімді, батыл, әлемге ашық. Ол ғылымда да, бизнесте де, өнерде де өзін дәлелдеп жүр. Бұған қуана­мын. Бірақ заманауи боламын деп тамырдан ажырап қалуға бол­май­ды. Меніңше, бұрынғы мен бүгін­гіні салыстыру үшін «қайсысы дұрыс?» деп кесіп айту шарт емес. Уақыт өз­гереді, қоғам өзгереді. Бірақ өзгермейтін құндылықтар бар: ар, ұят, намыс, жауапкер­ші­лік. Қыздың тәрбиесінде осы өзек үзілмеуі керек. Қазақ қызы ең алдымен өзін құрмет­теуді үй­ренуге тиіс. Өзін баға­лаған қыз ғана өзгені сыйлай алады. Ол білім алсын, ман­сап құр­сын, армандасын. Бірақ қай жерде жүрсе де, жүрегінде қазақы болмысы, ұлттық коды сақталса – міне, нағыз тәрбие сол. Бүгінгі қызда­рымызға «үнде­ме» деп емес, «ойыңды айт, бірақ әдебіңді сақта» деуіміз керек. «Шек­тел» деп емес, «жауапкерші­лікті ұмытпа» деуіміз керек. Сонда ғана біз дәстүр мен заманды үйлестіре аламыз.

– Бақытты әйел – бақытты қо­ғам деген пікірмен келісесіз бе?

– Біздің қоғамның бақытты болуы, мемлекеттің өсіп-өркендеуі көбіне әйел затына байланысты деп ойлаймын. Өйткені әйел – адам­ды жарық дүниеге әкелетін, өмірге мән мен жылу сыйлайтын ұлы тұлға. Жарық дүние сыйлаған ананың көңілі тыныш, өмірі дұрыс болса, үйге береке кіргізетін жар­дың жүзі жарқын болса, сол арқы­лы қоғам да, мемлекет те нығаяды. Соңғы жылдары елімізде көпба­лалы аналарға мемлекет тарапынан ерекше қамқорлық көрсетіліп келеді. Мен мұны анаға жасалған үлкен құрмет деп білемін. Дегенмен аналарымыз да тек үйде отырмай, білім алып, еңбекке араласып, ел дамуына өз үлесін қосуға ұмтыл­ға­ны жөн. Ананы қадірлеу – қоғам­ның адамгершілік өлшемі. Анаға қорлық көрсетпеу – әр азаматтың парызы. Әйелді құрметтеген отба­сында өсіп жатқан балалар да ізгі тәрбие алады. Себебі бала әкесінің анасына жасаған қарым-қатына­сын көріп өседі. Бүгін ер-азамат әйеліне қалай қараса, ертең сол үлгіні бала да қайталайды.

Өз өміріме келер болсам, мен Досжановпен бақытты ғұмыр кеш­тім. Отбасымыз тату, өміріміз берекелі болды. Дүкең дүниеден өткеннен кейін үш-төрт жыл өткен соң Халық қаһарманы, генерал-полковник Сәт Тоқпақпаевқа тұр­мысқа шықтым. Бірге өмір сүріп жатқанымызға он жылдай уақыт болыпты. Екі жақтың да балалары ержетіп, өз жолдарын тапқан. Қа­зір Сәкең екеуміз ғана тұрамыз. Ол мені ерекше қадірлейді. Ортамызда ортақ бала болмаса да, «сен ана­сың, қадірлі жарсың» деп әрдайым құрмет көрсетеді. Оның осы сөзі мен үшін үлкен жауапкершілік. Әрине, біз жас кезімізде қосылған жоқпыз. Жас ұлғайған шақта «екі жарты – бір бүтін» болып, бір-бірі­мізге серік болып отырмыз. Ең бастысы, өзара сыйластық пен құрмет. Ерлі-зайыптылар бір-бірін қадірлесе, отбасы да бақытты болады, қоғам да берекелі болады.

Әйел – отбасының тірегі, қо­ғам­ның берекесі. Сондықтан ана­ларымыз аман болсын! Осы орайда барша әйелдер қауымын, анала­ры­мызды, әпке-сіңлілерімді 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құт­тық­таймын. Әр шаңырақта шат­тық, әр ананың жүрегінде қуаныш болсын!

– Әңгімеңізге көп рақмет! Мере­кеңіз құтты болсын!

Сұхбаттасқан 

Гүлзина БЕКТАС

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью