Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Драматург ретінде де қолтаңбасы айрықша еді: сахнадағы сөз бен үнсіздіктің арасынан тұтас бір дәуірдің тынысы сезіледі. Оның туындылары уақытпен бірге өзгермейді, есесіне уақытты сөйлете біледі. Оның жазған дүниелері – жүректен шыққан сөздің жаңғырығы. Жазушының жары Сәуле Отарбаевамен қаламгердің адами болмысы, қаламгерлік қуаты туралы сыр шерттік.
– Ең бірінші оқырманы да, кейіпкері де – өзіңіз. «Құдай сені менің маңдайыма жазған» дейтін сол бір кезеңге қайта сапар шегіп көрейікші.
– Ол кез ұмытылмас, жаныңда жаңғырып тұрар, жүрегіңді жылытып жүрер кездер ғой. Қуана, сағына еске аламын. Ол кез менің студент шағым еді. Рахымжанның тілші болып жарқырап, тұлға болып қалыптасқан уақыты. Жеке өмірі қиындау, жалғыздықтан шаршаған кезі екенін кейін білдім. Ол мен үшін ақылды ағам болып жолықты. Мен оны жазған мақалалары арқылы сырттай өте жақсы танитынмын. Өзіме ұстаз санап, экология, тарих туралы жазғандарын оқып, жазу шеберлігінен үйреніп, мектептің соңғы жылдарында журналистикаға бет бұрып жүрген шағымда үлгі тұттым. ҚазГУ-дің 5 жатақханасында кездестік. «Ағам» деп, «жерлес қарындасым» деп сыйластық. Кездескеннен көп әңгіме айтушы еді. Мен үлкен адам деп қабылдап, «үлкенді сыйла» деп өскен қазақы отбасы тәрбиесін көрген қыз бала ретінде сөзін бөлмей тыңдаушы едім. Ақылын тыңдайтын едім. Бұрыннан білетіндей, таныс-біліс жандардай, тек көптен кездеспеген адамдардай болдық. Ол мені бір көргеннен жастай айырылған анасына ұқсатқан. Оның бара-бара күнде келгісі келетіндігі, демалыс күндері таңертеңнен кешке дейін бірге болғысы келетіндігі кейде шошытатын, кейде көмектескім келгеннен уақытымды арнайтынмын. Көше аралап, саябақ аралап көп жүретінбіз. Мейрамханадан тамақтанып, тауға да шығып, әйтеуір бір бітпейтін әңгіме әңгімеге жалғасатын. Бала кездегі қайғысы, сағынышы, мұңы, зары, запыраны ішінде анасы, ақасы, әжесі, атасы, інісі, қарындасы жүретін. Бір кезде архив қопарған, кітапханада сарғайған күндерінен қазақтың тарихын, әдебиет туралы әңгімелерін, жазушы-тарихшы ретіндегі Жәңгір, Исатай мен Махамбет, Мұхаммед-Салық Бабажанов деп кете берер тарих пен тұлғалар туралы айтып, жазғысы келетін шығармаларын, арманын айтқанда, «ағай, сонда сіз» деп басталар қазір күн биігінен ойласам, менің ақымақ сұрақтарыма ренжімей, «ол былай ғой» деп асықпай жауап беріп, терең білімі, көрген білгеніне тәнті етуші еді. Бірақ үйіне қайтқысы келмейтіндіктен, кітапхана соңғы қоңырауын соғып, «шығыңыздар» дегенше отыратынын, сенбі–дүйсенбіде де жұмысқа кетіп қалатынын, «маңдайымнан сипайтын бір жан болса, енді қалған ғұмырын қиғысы келетінін», «ақ қаздар арасынан аққуын ажырата алмаған бейбақ екенін» (Мұқағали) жасырмады. Кей сөздерінен шошып, үркіп қалғанда «ағаңның да жігіт екендігін білмейсің бе?» деп күлгені есімде. Мәрт екендігін, жұмсақ мінезді екендігін, қыз баласын сыйлап, құрметтеп білетіндігін, ішкі мәдениеті сондай биік екендігін танып, жеке шекараны сақтай, сыйлай білетіндігін көрдім. Сондай биязы, кішіпейіл адамның кейде тік, турап түсер мінезін де көргенде «қалайша» деуші едім таңғалып, «өмір өзгертеді ғой» деуші еді...
Қыз баласының өміріндегі, жалпы әйел адамының өміріндегі біреуде болатын, біреулерге бұйырмайтын шуақты кез туралы сұрап сағынышымды оятып, ризашылығымды тағы да бір қайталатып жатырсың. Қыз бен жігіт болып осылай кездестік, сыйластық. Ол менің өмірімде болғаны үшін Құдайға да, Рахымжаныма да күнде алғыс айтамын. «Ренжіткен кездерім болса...» деп жиі кешірім сұраймын. Бүгінде осы дағдыма айналған әдетті күнде қайталатады. Күнде, күн сайын таңғы тілек айтып, өз-өзіме әңгіме айтар уақытта ата-анамнан кейін, Рахымжанға ризашылығымды білдіремін. О дүниесінде тыныштығын тілеймін. Риза болғандығы шығар, түсіме көп енбейді.
– Рахымжан ағаның әлемі бөлек-тін. Ол әлемнің құпиясы неде?
– Алтыным, әр адам бөлек әлем екені рас. Қанша адам пәндесі бар, сонша әлем бар ғой. Тек қандай әлем? Әңгіме – сонда. Біз қандаймыз? Бізді Алла Тағала қалай жаратты? Біз қандай ата-анадан келдік жарық дүниеге? Қандай миссиямен келдік? Бұл әлемге өзімізден соң не қалдырамыз? Әңгіме тағы да осында.
Иә, Рахымжан ағаңның әлемі бөлектеу еді. Сан қырлы, сан түсті әлемге ие еді. Артында соның куәсіндей болып қалған «төрт құбылам» деген төрт ұрпақ сүйдік. «Жалғызым» деген ұлы мен «үш көкем» дейтін үш қызымыз қалды. Үнемі «Құдай-ай осылар мен көрген, біз көрген қиындықты көрмесе екен, жолдарына жақсы адамдар кездессінші» деп отыратын.
Есімде, Ермерейі туғанда Алматыда көп көштік. Бесіктегі бала кезінде Татарка деген жерде тұрдық. Өзі бөлеп, өзі тербетіп, ұйықтата беретін. Қазір ойласам, ұзақ армандаған ұлы ғой, бақытым деп санаған екен. Сол сәбиін тербетіп отырып, сөйлеп отыратын: «ақылды бол, ақыл – ол адамға Құдайдың берген ұлы сыйы. Малдан, жан-жануардан адамның айырмасы – ақылында, санасында» деп. Әкелік әлемінің куәсіндей болып, сол құлыншақтары жүр өмірін жалғастырып. Беу, дүние, уақыт-ай десеңізші?! Менің санамда, көз алдымда әлі тұр сол көрініс. Құдай-ай, кейде Атырауда отырып көкірегім сағынышқа толғанда, сол үй, сол көше, сол Алматыға барғым-ақ кеп кетеді. «Қойшы, Рахымжаны жоқ Алматы ғой» деп, ол менің жанымда, ол кез менің болмысымда, ол жан менің өміріммен өріліп кетті ғой деп сабырға келесің. Сол сағынышыңды арқалап, ойша бірге жүрген қыр мен сырды аралап келетінің қандай жақсы?! Бізге сондай сезім берген Құдай шебер ғой. Сабыр жаныңды тыныштандырады. «Бәрі дұрыс» дегендей, елес болып келіп кетеді. Сосын өзіңді өзің тағы да сабырға шақырып, бүгінгі күніңе қарап жұбанасың, «таңдан да жұбан» деп өзі айтып кетті ғой маған деймін. Артындағы ізгілікті ісі, өшпес жазуы мен бала-шағасына қарап, «шүкір» демеске еш себеп жоқ. Азан ойнаса, «ата хабарласып жатыр» деп телефонды ала шабатын сәби Жаһангирі оның аталық әлемі ғой... Ешкімге ұқсамайтын ата да еді ол... Ол қошақаны өсіп, «атаның ауылына алып баршы» деп жүр, періште жүрегіне атасы салып жатыр ма білмеймін, бірақ ата жұртына, атакүлдігіне апарып, аунатып келуім керек-ақ... Аталық әлемі тоқтап қалған деп кім айта алар?! Жалғасып жатыр, жалғасады да. Оның да оңаша сәттерде Құдайдан тілегені сол еді ғой. Естеліктер сен қойған сұрақтан аулаққа әкетіп жатса, айып етпе. Бұл да жұбайы ретінде куә болған Рахымжанның тағы бір әлемі ғой.
Шындығында, оның әлемі бала кезден қалыптасқан. Ағаңның әлемін Құдай анасын алып, балалығын сағынышқа малып, жазылмас мұңға құрса, саналы, биік өрелі етіп жаратып, Рахымжан әлеміне көркем мінездің, білімге құмарлықтың, қиял мен шеберліктің, ізденгіш пен терең білім мен тым, тым шебер суреткерліктің бояуын жаға салған. Алланың өзі «сен сондай боласың» дегендей ағаңа. Рахымжан да сол жолдан таймады, оқыды, тоқыды, ізденді, мойымады, сынбады, жазды, тағы да жазды... Жаза-жаза саусақтарына қаламнан сүйел шықты. Кей-кейде маған ол қаламмен емес, саусақпен жазып жатқандай көрінетін, кейде ақ қағазда жүгіріп бара жатқан қаламы оның оң қолының алтыншы саусағына айналып кеткендей көрінетін. Ақ қағазға жазу емес, ою ойып жатқандай еді. Қазір ойласам, шынымен де уақыт та оқиғалар да бұза алмайтын ою салып кеткен екен. Ойлашы, қандай қалам құдіреті шыдайды ол жазған сөздің салмағы мен бағасына... Әрине, саусаққа айналған қалам ғана...
Ағаң әлемінің ішіне «Құдай сені менің маңдайыма жазған» дегеннен мен де еніп, кейде әйелдікпен «бүлдіріп», көбіне жанын жылуға бөлеп үйіне асығатындай отбасылық әлемін жасауға тырыстым. Өмірінің соңғы жылдары сыбырлағандай етіп: «Менің жанымды сен түсіндің. Ризамын саған. Мүшелдей айырмашылығы бар ұрпақ бір-бірін түсінуі қиын деуші еді. Бірақ мені сен түсіндің» деуі де содан шығар. Әлі де түсінумен келемін. Қалған ғұмырымда түсіне беретін де шығармын. Оның әлемін әрлей беретін де шығармын. Алла Тағала тек мүмкіндік бергей. Оның әлемі қазақ боп жаратылғаннан кейін, қазаққа қызмет еткеннен кейін қазақпен бірге жасай береді деп сенемін қазақтың Рахымжанының әлемі. Құпиясы жоқ, егер бар болса құпиясы қарапайымдылығы мен шынайылығында деп ойлаймын.
«Ағаң асау емес, жанартау еді...»
– Қадыр Мырза Әлінің «ақынға керек ақыл көп, асаулық керек аздаған» дейтін өлеңі бар. Бұл мінез – ақынға ғана емес, жазушыға да керек қасиет. Ағаның бойындағы асаулық туралы не айтасыз?
– Асау екені рас еді, Гүлзина. Асау болмаса, тәуекелшіл болмаса, ол маған ұнамас еді. Мен оны түсінбес едім. Мен онымен отыз жыл емес, отыз күн де тұра алмас едім. Бір ізбен кіріп, бір ізбен шығатын, жылы су құсап жылжып ағатын адаммен тұру мүмкін емес мен үшін. Адам өмірінде сілкіністер болмаса қиын ғой, рухани сілкініс, ой сілкінісі. Ағаң асау емес, жанартау еді. Сол жарылыстарынан кейде өзі де түсінбей қалатын сәттері болатын. Сап, сап деп отырушы едім. Өзіме де, оған да. Бала күнгі қайғысы мен азамат боп, ат жалын тартқан кезде көрген қиындықтарынан пайда болған деп түсіндім. Сол ала жолақ өмірдің қарасынан алып өтуге тырыстым. Ең бастысы, сол асау мінезімен, өмірдегі де, өнердегі де мінезімен артына өлмес, өшпес рухани мол мұра, шексіз байлық қалдырып кетті. Бастысы сол деп ойлаймын. Оның қалай өмір сүргендігінің белгісі – артында қалған ізі. «Шын талант алыстаған сайын жарқырай береді» деген өмірдегі іні-досы, керемет ғалым Мақсат Тәж-Мұрат. Артық айту қиын маған...
– Аға өмірінің соңында прозадан гөрі драматургияға көбірек бет бұрып кеткен сияқты көрінеді. Драматургия болғанда да кіл тұлғаларды жазды. «Бейбарыс сұлтан», «Мұстафа Шоқай». Ол кісінің бұл жанрға бет бұруының сыры неде?
– Драматургияға деген махаббаты ерекше-тін. Драматургияға қаламгер ретінде қалыптасып, кемеліне келген кезде келуі де, келгенде де тоқтамастан бірінен соң бір пьесаларын жазуы және өзі сүйген қазақтың тарихына «кетіп қала беруі» кездейсоқ емес деп ойлаймын. «Сырым батыр», «Хан Жәңгір», «Әміре», «Темірбек Жүргенов», «Ғабит», «Фариза мен Мұқағали», қай-қайсысын айтсам да оның жүрегін жаралап барып жазылып, жарқырап сахнадан шыққанда қуанышқа бөлеген сәттер еді. Ол өзі үшін емес, сөне бастаған жұлдыздардың қайта жанғанына, ұмытыла бастаған тарихтың қайта шыққанына қуанушы еді. Драматургиясының екінші үлкен тақырыбы – жер, тіл, Отан тақырыбы еді. Прозаны оқымайтын оқырман болса, солардың жүрегіне қазаққа керек рух пен жасампаздықты театр сахнасынан сепсем деген мақсатпен келді деп ойлаймын. Ол драматургтық мақсатына жетті де.
– «Бас» романын театрда қойды. Одан бөлек, ағаның аяқталмай қалған, еш жерге басылмаған дүниелері болды ма?
– Әр шығармасы ол үшін ерекше еді. Әр еңбегінің тарихы бар. Тек жазылуы ғана емес, жазып отырған тақырыбына қалай келді деген тақырып та оқырмандарын жиі ойлантады. Қазір де мені әлеуметтік желіде тауып алып сұрап жатады. Әрине, оның жазушылық багажында жалпы азаматтық құндылықтарға негізделген дүниелермен қатар, адами қарым-қатынасты суреттейтін және тарихи тақырыпқа көп барғанын көруге болады.
Өзің айтып отырған «Бас» та бір қарағанда Махамбет бабамыздың тарихи бет-бейнесін айқындауды мақсат тұтқан шығарма болып көрінгенімен, көп мақсатты көздеген өте күрделі шығарма. Автордың іздегені – жәй Бас емес, жауынгер ақын Махамбеттің Басы және қазақтын жоғалтқан рухын, рухани дүниесі. «Бас» драма да, роман да болып жазылуы тектен тек емес. Биліктің Рахымжанның «Басынан» қорқуы да тектен тек емес шығар. Науқас екеніңді айтқан адамнан корқамыз, қашамыз, оның өзін ауру дейміз ғой, өкінішке қарай.
Аяқталмай «Қыз Данайдың қырғыны» атты романы қалды. Жеке кітап етіп шығардық. Оқырман көп іздейді. Мүмкін сүйікті жазушыларының соңғы көңіл күйі қалай болды, жүрегі не деп соқты, білгілері келетін болар...
– Рахымжан ағаның «Көрген-баққан» атты дүниелері арагідік баспасөз беттерінде жарияланып тұрады. Ол кісінің жеке қойын дәптерінде жазылған, жариялануға болмайтын естеліктер бар ма?
– «Күнделік – менің өмірім» деген Рахымжан ағаң бала кезден күнделік жазған. Күнделік ол адам баласына тіс жарып айтпайтын да дүниелерден құралады ғой. Ағаңның күнделіктерін компьютерге теріп бастадым. Жылдар жылнамасымен. Бірақ әртүрлі шаруарлармен бітіре алмай жатырмын. Көп сұрап, көп іздейтін дүниесі. Баспа бетін көреді, қазақтың дариялы дүниесіне кітап болып қосылады деп ойлаймын.
Әрине, әр адамның тек өзі үшін ғана жазылған ойлары, өмірлік оқиғалары болады. Оны мен сүзгіден өткізетін боламын. Ол құпия болып қалуы керек деп ойлаймын. Олар жеке өміріндегі қиындықтары мен айналасында жүрген адамдар туралы ой-пікірлері...
«Астананы жақсы көрді»
– Рахымжан ағаның танысқан кезде-ақ жүрегі ауыратынын, үнемі дәрі ішіп жүретінін білдім деп жазған екенсіз. Ол кісінің сырқаты бала кезден пайда болған ба, әлде басқа себептері бар ма?
– Иә, шаңырақ құрмастан бұрын білгенмін. Көшеде келе жатып жүрегін ұстап тұрып қалатын. Қалтасынан кішкентай қызыл дәріні алып, аузына салып, «қазір кетеді, қазір тынышталады» дейтін. Кейін білдім «нитроглицирин» деген дәрі екен. Бір қызығы, кейін кардиолог дәрігерге барғанда жүрегінің еш ақауы жоқ деп таңғалғанын айтып келіп, жинап жүрген жүрек соғысын көрсететін ұзыннан-ұзақ қағаздарын керек емес деп балаларына ойнауға берген. Ермерейі бастап, кейін Қаракөзі қостап, есіктен төрге дейін төсеп сурет салып, шатпақтап тастап еді. Соған қарағанда туа бітті емес, жүре бітті пайда болған дерт болса керек. Дүниеден өтерінен 3-4 жыл бұрын арқа тұсы ауырып, сипап берші деп, «батырып, батырып сипашы», «түйіліп тұрған жерін жазып тегістеп жіберші» дейтін. Әсіресе, жұмыстан кейін. Түнде демалар сәтте мазалайтын. Бір кеште «мынау қорқытып тұр» деп «Жедел жәрдем» шақыртып, ауруханаға бардық. Сыртынан ағайындар көріп, туысқандар чатына салып жіберген. «Рахымжан моторы бұзылып, ауруханада жүр» деп. Ол Нұрлан аға Балғымбаевқа жеткен. Аға тапсырма беріп, Астраханьнан мықты кардиолог қандасымыз Мәлік деген дәрігерді шақыртыпты жігіттер. Кейін «келіп кетіңіз» деп қызы Қаракөз екеуі тағы барып келді. Бірақ денсаулығын күтуге, емделуге жоқ еді. Біреулер үшін жүгіреді. Өзі күтінбейтін. Іссапарларына кетерде әрқайсысын бөлек-бөлек орап, сыртына қабылдайтын күні мен уақытын жазып жібергенде, сол ораулы күйі қайтып алып келуші еді. Іссапарларын кейінге шегеріп те тастап жүрді. Сол жүрек ақыры алып кетті...
– Рахымжан Отарбаев атындағы театр фестивалі аға есімін ұмыттырмай жалғасын тауып келеді. Бұған себепкер болып жүрген де өзіңіз. Дегенмен республикалық деңгейде фестиваль өткізу де оңай емес. Бұның бәріне демеуші табасыз ба?
– Фестиваль да, басқа да ірі жобалардың демеушісі де, қолдаушысы да ағаң өзі айтқандай – «алтын бесік Атырауы, туған жері». Ресми тілмен айтсам, Атырау облыстық әкімшілігі. Өлке басшыларына, мәдениетті басқарушы азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әрине, басы – қасында өзім, бала-шағасы.
– Қаламгер біраз жыл Астанада тұрды, бірақ кейін Атырауға қайта оралған секілді. Не себеп? Туған жерден алыстағысы келмеді ме?
– Иә, алдымен өзі жұмысқа тұрып, бізді зорлап көшіргендей, 2006 жылы Астанаға қоныс аудардық. Шыны керек, Атырауды қимай көштік. Балалар мектептерін ауыстырды. Бірақ ол күндіз-түні қызметте. Жұмыста да жазу, үйде де жазу болып қатты қажитын. Оған жетпейтіні – балаларының у-шуы, солармен әңгімелесіп сырласуы, сенбі сайын екі кішкентай қызын қыдыртуы еді. Балалар жерсінбеді, біз кері көштік. Маған кәсіп ашуыма көмектесті. Біз Атырауға оралғанмен, ол Қаракөзімен тұрып жатса да үш ай демалыста Жансаясы мен Жамалын келіп, алып кететін. Екі қаланың ортасын жол қылды. Қаракөзі оқуын бітіріп, тағы оқимын деп шетке кеткенде елге оралды. Дегенмен Астананы жақсы көрді. «Көшейік, түбегейлі кетейік» деген әңгімені кете кеткенше тоқтатпады.
– Шығармашылық адамының бабын табу оңай емес. Жазушының жарына қойылатын ең бірінші талап қандай?
– Әр әйел ерінің мізезін, нені жақсы көреді, қандай тағамды ұнатады, тіпті кейде сенің қалай киінгеніңді ұнатады деген сияқты тұрмыстық мәселелерді біліп-білісіп алған соң бір-біріңе жағымды дүниелер жасауға тырысу керек деп ойлаймын. Әр қазақ ер азаматының жұбайы солай жасаса керек. Ал шығармашылық адамының күн тәртібі өзгешелеу, ол күн мен түнге, жыл мезгілі, апта күндері сияқты шектеулерден шығып кететін болғандықтан соған икемделіп, еріңнің бабын табуға тырыссаң бәрі дұрыс болады деп ойлаймын.
Талап – жанын түсіну болса керек
– Рахымжан Отарбаев арманы қандай еді? Ол арманына жете алды ма?
– Әр әке, әр ата секілді Рахымжан ағаңның да армандары болды, әрине. Көп арманын өзі орындап та кетті. Бірақ ол тұлға, қайраткер еді ғой. Сол деңгейдегі арманы алаштықтармен үндес еді. Ел тағдыры, тіл тағдыры, жер тағдыры үнемі жүрегін ауыртатын, үнемі үлкен-кіші отырыстарда дауыс көтертетін, мінез көрсететін сол арманы еді. Жастарды қолдайтын, шығармашыл талантты жас көрсе қаржылай да, басқалай да көмегін аямайтын. Үйге де жатқызып, киім де алып беріп, ағалық, керек десеңіз, әкелік те қамқорлығын көрсететін. Оны елі, жұрты жақсы біледі. Рахымжанның арманы «қазақ дүние тұрғанша тұрса екен, сөзі өлмесе екен, ұлттық бояуынан айырылмаса екен» деген ұлтының ұлы арманы еді. Арманы орындалады деп сенемін.
– Рахымжан аға көзі тірі болғанда қазір не жазар еді деп ойлайсыз?
– Ол соңғы романын жоспарлап жүрген. Ірілі-ұсақты 2-3 пьеса, әңгімелерін жазып, қаламды тастаймын деуші еді. Жазғандарын қайта қарап, басын қосып шығарып, жарнама, насихат, таратумен ғана айналысамын деуші еді. Құдай маған осы жоспарыма мұрсат берсе деуші еді. Жетпей кетті, жете алмады. Жазу үстелінде бітпеген «Қыз Данайдың қырғыны» қалды... «Әлия» апасы туралы пьеса жазу жоспары орындалмай қалды... «Шіркін, Сүйінбике туралы жазсам» деген жас кезіндегі арманы болған...
Бұл өмірдегі соңғы жазуын «Рахымжан Жаһангир, Рахымжан Жаһангир, Рахымжан Жаһангир» деп алдындағы ақ қағазына, өзі айтпақшы, бұл өмірдегі соңғы алданышының есімін үш қайтара жазып кетіпті...
– Ұлы, қызы, немересі... Қайсысының мінезі әкесіне, атасына ұқсайды?
– Жалғыз ұлы Ермерейі, Қаракөз, Жансая мен Айжамалы, немере-жиендері Жаһангир, Данай, Кайа... Бәрінде де Рахымжанның мінезі, болмысы, аманаты, арманы жүр... Ермерейінде тіке мінезі мен сөзінен қайтпайтын қасиеті қалды. Қаракөзінде қаймықпас мінезі мен қаламы қалды. «Әлия Молдағұловам» деп әкесі босқа айтпапты. Жансаясынан ұқыптылығын, көп сөйлемейтін тұйықтығын, әр істі аяғына жеткізер тиянақтылығын, Жамалынан жұмсақтығы, аңқаулығын, уәдеге адалдығын, оқуға құштарлығын көремін. Дүниеден өтіп, 3 күндік кәдесін берер таңда түсіме еніп: «Жаһангирімнің қорғаушы періштесі боламын» деді. Кей-кейде жанымда тұрғандай сезім болады, әсіресе Жаһангирімен отырған сәттерде... Демалысын да сезгендей, жылылық жүріп өткендей, тылсым сәт тұрады ауада. Жаһангирінің «Ата» алғашқы сөзі еді... 9 айлығында Чехия мен Германия жолында көлікте бара жатып айтып еді... Атасы естіп ұшып кете жаздаған... Қайран, қазақы жүрегі-ай...
Қайталап айтсам, сол ботақаны «ата ауылына барғым келеді, атқа отырғым келеді» деп жүр. Құлыншағының аузына атасы салып тұр ма?! Уәде бердім, алып баруым керек. Лотос гүлдегенде... Алла бұйыртса... Атасының ауылы жер жұмағы ғой. Ол жерде бабалары жатыр. Рахымжан атасы айтпақшы, «кіндігімен байланған жер». Балалары да айналып келіп соғып тұрар атакүлдіктен ұзамаса деймін. Данай соңғы кейіпкерінің есімін иеленді. Өзі қойып кеткендей маған. Әлі кішкентай, қыз бала ғой. Бала кездегі үш апатайын кезек көремін. Тегінде бар дүние ешқайда кетпейді ғой... Ұрпақ үзілмегей...
– Әңгімеңізге рақмет, Сәуле апай! Рахымжан ағаның шырағы сөнбесін!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС