Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Мыңжылдық аллеясы - Астанадағы ең ұзаққа созылған әрі түйткілді урбанистік жобалардың бірі.
Мыңжылдық аллеясы - Астанадағы ең ұзаққа созылған әрі түйткілді урбанистік жобалардың бірі.
Бұл жобаны 2018–2019 жылдары қаладағы жаңа жасыл желек ретінде көпшілікке таныстыра бастады. Жоспар бойынша, Пирамидадан бастап "Нұрлы жол" вокзалына дейін созылатын алты шақырымдық саябақ-бульвар болуы тиіс еді.
Аллеяның таныстырылымында көрсетілген алғашқы сызбалардың бірі
Алайда дайын "визит карточкасының" орнына бірнеше жылға созылған құрылыс пайда болды: ретсіз салынған ғимараттар, иен жатқан жерлер, қоқыс, инженерлік мәселелер мен аяқталмаған жаяу жүргіншілер аймағы.
Tengrinews.kz тілшілері болашақ аллеяны аралап қайтты, сонымен қатар қазір аумағында құрылыс қарқынды жүріп жатқан "Орталық саябақтың" тағдыры не болатынын білуге тырысты.
"Нұрлы жол" вокзалынан болашақ аллея арқылы сол жағалаудағы ғимараттарды көруге болады. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Сәуірде болашақ Мыңжылдық аллеясының бір бөлігінің құрылысы қолға алынды. Жұмыс бірден екі нүктеде басталды:
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының жанында және "Нұрлы жол" вокзалының маңында.Театр жанындағы аллея құрылысы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Жаңа жобаға сәйкес, жақын арада "Grand Victoria" (сол жақта) және "Qazyna" (оң жақта) тұрғын үй кешендерінің арасындағы аллеяның бір бөлігі мынадай болуы тиіс:
Астана әкімдігі ұсынған аллеяның эскиздері
Эскиздерде: жаңа жасыл желек, болашақ тротуарлар мен фонтандар бейнеленген.
Ал қазіргі шынайы көрінісі мынадай:
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Айта кету керек, осы маңдағы екі тұрғын үй кешені (ТҮК) тұрғындары аллеяның салынуын көптен күткен. Жобаның қайта жандануына қуанған да еді. Бірақ кейін эскиздер мен жұмыс барысын көріп, көңілдері қалды.
Бұл аймақ жаяу жүргіншілерге арналса, үйлерінен көлікпен қалай шығатыны алаңдатады.
"Қазірдің өзінде жол болуы тиіс жерге тас төселіп жатқанын көріп отырмыз, - дейді осы маңдағы МИБ төрайымы. - Құрылыс салушы біздің ТҮК-нің екі жағынан паркинг пен пандустан екі шығаберіс жол қарастырған. Осы шығу жолдарының бірі аллеяға тіреледі. Біз былтырдан бері хат жазып, түрлі кездесуге бардық. Суреттерді көрсетіп, қалай болуы керек екенін түсіндірдік. Бізді барлық жерде "жол болады" деп тыныштандырды. Бірақ тас төселген жермен жүреміз бе? Ол тез бұзылады ғой. Мұнда асфальт болуы керек. Әлде өту жолы мүлдем қарастырылмаған ба? Ол жақта әрі қарай фонтан тұр, оның үстінен ұшып өтуіміз керек пе?"
Дәйексөз авторын қосу
Сурет қосу
Ботагөз Ахметова
"Grand Victoria 3, 4" ТҮК МИБ төрайымы
Түсінікті болу үшін ТҮК пандусы мен паркингтен шығатын жолдың қазіргі түрін көрсетейік:
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Ал асфальттың орнына тас төселген тағы бір шығаберіс жолдың түрі мынадай:
Асфальттың орнына төселген тас. Онымен көлікпен жүруге бола ма? Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
"Құбырлар мен қазылған орға қарағанда, мұнда екпелерді автоматты түрде суару жүйесі жүргізіледі, - деп түсіндіреді Ботагөз Ахметова. - Демек, көліктер тас үстімен жүріп, астындағы топырақты басады, ал оның астында автоматты суару жүйесі болады. Соның салдарынан жүйе істен шығуы мүмкін. Жер деңгейінің айырмашылығына қараңызшы. Бұл жол емес, трамплин болып барады. "Qazyna" ТҮК жағында да шығаберіс жолға қатысты жағдай дәл осындай. Аллеяны жобалау кезінде неге бұл сәттер ескерілмеген? Біз бұл туралы талай рет айттық, барлық жерге хат жаздық".
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Ботагөздің айтуынша, мұнда келу және кету кезінде бұрыннан көлік кептелісі туындап келеді.
"Қозғалыс схемасы баяғыда келісілсе де, жол белгілері қойылмай жатыр. Мұнда көлік жүрісі ретсіз. Аллея жағындағы мына жол қалыптасқан жағдайды біршама шешуге мүмкіндік берер еді, бірақ бізді ешкім естімейтін сияқты", - деп түйіндеді төрайым.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Айтпақшы, Астана әкімдігінің урбанистика орталығы 16 сәуірдегі осы шағымдарға берген ресми жауабында аллеяның оң және сол жағынан ені алты метрлік өту жолын қарастыруға уәде берген, ол "арнайы техниканың, соның ішінде өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметтерінің қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етеді".
Бірақ тұрғындар құрылыстың қалай жүріп жатқанын көріп, бәрібір алаңдаулы.
Олармен сөйлескен соң, Сағадат Нұрмағамбетов көшесінен әрі қарай серуендеуді жалғастырдық. Жолдың келесі бетінде құрылыс тіпті басталмаған және биыл басталуы екіталай сияқты. Қазір бұл аумақ толықтай қоршаумен жабылған.
Мұнда болашақта "Grand Victoria" ТҮК-нің жаңа блоктары бой көтереді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Кенен Әзірбаев көшесі жағында қоршау жоқ. Ал қалың ағаштардың арасында... саяжайлар жасырынып тұр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Кейбірі қараусыз қалған немесе өртеніп кеткен:
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Басқаларында адамдар тұрып жатыр.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Камераны көрген саяжай иелерінің бірі бізге жақындады. Ол өзін суретке түсірмеуді өтінді. Дегенмен суретсіз-ақ сөйлесуге келісті. Оның айтуынша, әзірге құрылыс салушылар жерді сатып алу үшін хабарласпаған. Ал аллея өтуі тиіс жердегі саяжайлар қазірдің өзінде бұзылған.
Үйіндінің ар жағынан жаңа ғана өзіміз болған театрдың шатыры көрінеді. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Бұзылған үйлердің орнында - үйілген қоқыс. Бірақ құрылыстың нышаны да байқалмайды:
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Жолдың арғы бетінде - өткен шақтағы Астананың үзіндісі.
Саяжайларға баратын жол. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Бұл жерде де болашақ аллеяның орнында саяжай үйлері әлі тұр. Оларда адамдар тұрып жатқаны байқалады. Биік ағаштар, тыныштық пен жұпар иісті сирень гүлдерінің арқасында бұл жер өте жайлы. Өзіңді елорданың орталығында емес, ауылдағы әжеңнің үйінде жүргендей сезінесің.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Бірақ басқа қырынан қарасаңыз, бәрібір қалада екеніңіз бірден түсінікті болады.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
"A-City" тұрғын үй кешенін айналып өтіп, қазір қызу талқыланып жатқан саябаққа де жеттік.
Анықтама: "Косой сквер" (сондай-ақ "Орталық саябақ" деп те аталады) - Астанадағы Мыңжылдық аллеясының орталығындағы саябақ болуы тиіс жасыл аймақтың бейресми атауы.
Саябақ аллеяның кеңейіп, үлкен жасыл аймаққа айналатын, содан кейін қайта тарылып, "Нұрлы жол" вокзалына дейін жалғасатын тұсы болуы керек еді. Егер gis.esaulet.kz сайтындағы болашақ аллеяның жоспарын зерделесек, саябақ мынадай болуы тиіс:
gis.esaulet.kz сайтынан алынған скриншот
Бұл суретте орталықта болатын саябақ анық көрінеді (ол жасыл түспен белгіленген). Ал оның бір шетіндегі қызыл тіктөртбұрыш - "Центральный сквер" тұрғын үй кешені. Бұдан бөлек мұнда басқа ештеңе салынбауы керек еді.
Бірақ іс жүзінде бұл аумаққа тұрғын үй кешендері белсенді түрде салынып жатыр. Соның бірі дәл қазір болашақ саябақтың қақ ортасында бой көтеріп жатыр.
"Орталық саябақтың" орнындағы жаңа құрылыс. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Осы құрылысты ескерсек, "Орталық саябақ" өзінің бастапқы пішінін жоғалтып үлгерген.
Жанында "View Park" (ағылшын тілінен аударғанда - "саябаққа қараған көрініс"), "View Park Family" және басқа да ТҮК-тер салынған. Тұрғындардың пікірінше, олардың атаулары қазір келемеж сияқты көрінеді.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
"Бізге мұндағы пәтерлерді жарнамалағанда, серуендейтін үлкен саябақ болады деп уәде берген, - деп шағымданады "View Park" ТҮК тұрғындары. - Әрине, соның әсерінен бағасы да жоғары болды. Соңында саябақ әлі жоқ, оның орнына жаңа тұрғын үй кешендері салынып жатыр, тағы бір әлеуметтік нысан болады деп жүр. Саябақтан кішкене ғана бөлік қалдырмақшы, бірақ бұл аудандағы мұншама тұрғынға ол саябақ анық жетпейді. Қазір тым болмаса қалғанын сақтап қалуға тырысып жатырмыз".
Наразы болған "View Park" ТҮК тұрғындары. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
"Астанада құрылыс салатын жер аз ба? - деп кейіді осы кешендегі пәтер иелері. - Бұл маңда жақын маңайда басқа саябақтар жоқ. Жағалау да жоқ. Балалармен қайда серуендейміз? Қарттар қайда демалады? Саябақтың орнын құрылысқа қалай беруге болады? Ақылға сыймайды. Бұл тұрғын үй кешендерін тығыз қылады, сосын бізде кептеліс басталады, жол жүру қиындап, сол жағалаудағыдай үнемі көлік кептелісі болады".
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Жалпы, "Орталық саябақ" Жұмекен Нәжімеденов көшесінің арғы бетінде де жалғасуы керек еді ("Әулие-Ата" және "Adam Armany" ТҮК арасында). Алайда жақын маңдағы үй тұрғындары мәліметінше, жақында қоғамдық тыңдаулар өткен. Олардың дерегінше, нәтижесінде мынадай шешім қабылданған: бұл жерге де үлкен кешен салынады. Редакцияда бұған қатысты ресми расталған ақпарат жоқ екенін атап өтеміз.
"Бұл масқара шешім, біз бұл жерге тұрғын үй кешенінің салынуына үзілді-кесілді қарсымыз. Қазірдің өзінде мұнда қарбалас уақытта кептеліс болады, ал егер көппәтерлі тұрғын үй салса, мүлдем өте алмай қаламыз. Ал біз қайда серуендейміз?" - дейді тұрғындар.
Әзірге бұл учаскеде LRT-ға арналған металл конструкцияларын сақтау орындары мен өндірістік алаңдар орналасқан.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Сондай-ақ қалалық әкімдікке ресми сауал жолдадық, ол Астананың урбанистика орталығына қайта бағытталды. Ондағылардың айтуынша, "Орталық саябақ" аумағында "Мыңжылдық аллеясының жалпы құрылымына интеграцияланатын қоғамдық кеңістіктер, көгалдандыру және жаяу жүргіншілер байланысы сақталады және қарастырылады".
Бірақ соңында саябақ қандай қалыпта қалатыны нақтыланбады.
"Орталық саябақ" болуы тиіс учаске, LRT пойызынан көрініс. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Нәжімеденов көшесінің бойымен әрі қарай жүре отырып, елорда үшін ерекше ландшафттарды байқауға болады, олар бұл ауданның бір кездері қандай болғанын еске түсіреді. Бұрын мұнда жүздеген саяжай болған, Астананың кеңеюі мен құрылыстың келуіне байланысты олар бұзылды. Қазір олардың өте аз бөлігі ғана қалған.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Нәжімеденов көшесін ашу үшін бұл жерден сөзбе-сөз алғанда тонналаған топырақ шығарылды. Нәтижесінде саяжай үйлері дөңес жерде қалып қойды. Олар әлі де бұзылатын сәтін күтіп тұр. Олардың көбінде адамдар тұрақты тұрып жатыр.
Біздің бағытымыздың түйінделер тұсы - аллея аяқталатын жер. Мұнда "Нұрлы жол" вокзалының жанында да саябақ болады. Қазір мұнда абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.
"Нұрлы жол" вокзалының жанындағы болашақ сквер. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Роман Павлов
Әлбетте, аллея құрылысының қолға алынып, аяқталып жатқаны қуантады. Сарайшық ауданының тұрғындары бұны көптен күткен еді. Жобалық бейнебаяндарға сүйенсек, бұл жер қалалықтар үшін шын мәнінде әдемі жаңа тартылыс орталығына айналуы тиіс.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Астана қ. әкімдігінің Урбанистика орталығының жарияланымы (@centerofurbanism)
Сондықтан бұл фоторепортажды осындай жағымды нотада аяқтағымыз келеді. Бірақ әзірге тұрғындардың қуанышынан гөрі, жобалық шешімдерге, жұмыс барысына, көлік қатынасына, жасыл аймақтардың тағдырына және серуендеу мен демалуға арналған қоғамдық кеңістіктің қаншалықты сақталатынына қатысты сауалдары көбірек.
Редакциямыз осынау ауқымды жобаның қалай дамитынын бақылайды. Астанада Пирамидадан "Нұрлы жол" вокзалына дейінгі толыққанды алты шақырымдық аллея қашан пайда болары әзірге белгісіз.
Авторлары: Иван Сухоруков, Роман Павлов
Дайындаған: Дина Шәріпхан