Саясат Нұрбек грантқа түсе алмай қалған талапкерлерге үндеу жасады

07.08.2026

Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

АСТАНА, 7 тамыз – Sputnik. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек грантқа түсе алмай қалған талапкерлер мен олардың ата-аналарына үндеу жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, мемлекеттік грант жоғары білімге апаратын жалғыз жол емес.

"Бүгінде Қазақстанда қосымша қолдаудың тұтас жүйесі бар. Биыл университеттер 2 мыңнан астам ректорлық грант ұсынды. Тағы 2000-нан астам білім грантын әкімдіктер бөлді. Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің мақсатты бағдарламалары, жеке қорлар мен ірі компаниялардың гранттары бар", - деп жазды министр желідегі парақшасында.

Сондай-ақ "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры ауыл мектептерінің, шағын және моноқалалардың түлектеріне 350 грант ұсынады. KAZENERGY, "Қазатомөнеркәсіп" және басқа да ұйымдар өздерінің білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.

"Көпшілік біле бермейтін тағы бір мүмкіндік бар. Оқуға қабылданғаннан кейін жыл сайын мемлекеттік гранттардың бір бөлігі босайды. Сонымен қатар оқуын ақылы негізде бастап, жоғары академиялық нәтиже көрсеткен студенттер кейін бос білім гранттарына үміткер бола алады", - деп толықтырды Саясат Нұрбек.

Осы ретте ол ата-аналарға да кеңес беріп өтті.

"Егер балаңыз грант ала алмаса, дәл бүгін оған сіздің қолдауыңыз бұрынғыдан да қажет болуы мүмкін. Оны өзгелермен салыстырмаңыз. Бір конкурсты үкімге айналдырмаңыз. Оның орнына университеттердің тізімін бірге қарап, қабылдау комиссияларына хабарласыңыздар, ректорлық, өңірлік және корпоративтік гранттар туралы біліңіздер. Келесі жолды бірге іздеңіздер", - дейді министр.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью