Qazaq24.com, Zakon.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Оны қайта тағайындау туралы Жарлыққа бүгін, 2026 жылғы 3 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалды", – деп жазылған ресми ақпаратта.
Саясат Нұрбек 1981 жылғы 18 мамырда Семей қаласында дүниеге келген. Қазақстандық және шетелдік оқу орындарында білім алған. АҚШ-тағы Маршаллтаун колледжін "Саясаттану", Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін "Халықаралық құқық" мамандығы бойынша бітірген. 2004 жылы Италиядағы La Sapienza университетінің магистратурасын тәмамдап, геосаясат магистрі дәрежесін алған. Сондай-ақ "Көкше" академиясында психология мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін иеленген.
Еңбек жолын студент кезінен бастаған. АҚШ-та тағылымдамадан өту барысында Конгресс сайлауындағы сайлауалды штабта жұмыс істеп, президенттік науқанға қатысқан.
2000-2001 жылдары АҚШ конгрессмені Марк Смиттің көмекшісі және Айова штатының үкіметінде қызметкер болды.
2002-2004 жылдары Қазақстанның жастар саясатын жүзеге асыруға белсенді қатысты.
2006-2008 жылдары "Қазына" орнықты даму қоры" АҚ-да жұмыс істеді.
2008 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Кадр саясаты бөлімі секторының меңгерушісі қызметін атқарды. Сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының доценті және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры болды.
2008-2009 жылдары "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ-ның атқарушы директоры, кейін Кадрлық жұмыс және персоналды басқару департаментінің директоры қызметін атқарды.
2009-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлттық мемлекеттік саясат мектебін басқарды.
2010-2013 жылдары "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті болды.
2013-2015 жылдары "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының Қоғамдық саясат институтының директоры қызметін атқарды.
2016-2017 жылдары "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры болды.
2018-2022 жылдары BTS Digital компаниясының білім беру жобаларын басқарды және BTS Education компаниясының бас директоры қызметін атқарды.
2022 жылғы 25 ақпаннан 14 маусымға дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
2022 жылғы 11 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалды.