Саясаттанушы: Президенттің Дохаға сапары жай ғана дипломатиялық хаттама емес

15.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Бүгінде Қазақстан мен Қатар байланысы дипломатиялық қатынастармен ғана шектелмейді. Энергетика, инфрақұрылым, қаржы, инвестиция және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып, экономикалық ықпалдастық күшейіп келеді. Сонымен қатар екі мемлекет өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелерінде тұрақты саяси диалог жүргізіп отыр. Қазақстан-Қатар ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі, шейх Хамадтың тарихи мұрасы және екіжақты әріптестіктің болашағы туралы саясаттанушы Расул Қоспанов өз пікірін білдірді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту үшін Дохаға арнайы баруы Қазақстан мен Қатар арасындағы қарым-қатынастың деңгейі туралы нені аңғартады?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шейх Хамад бен Халифа Әл Танидің қайтыс болуына байланысты Дохаға арнайы барып, көңіл айтуы Қазақстан мен Қатар арасындағы қарым-қатынастың өте жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте көрсетті. Бұл – жай ғана дипломатиялық хаттама емес, екі ел арасындағы өзара сенім мен стратегиялық серіктестіктің айқын белгісі. Қатар бүгінде Қазақстанның Таяу Шығыстағы ең сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі саналады.

Президент Қатар Әміріне көңіл айту жеделхатын жолдады

– Шейх Хамадтың тарихи мұрасы несімен ерекшеленеді және онда Қазақстан мен Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарға қандай мән берілген?

– Шейх Хамадтың тарихи мұрасы Қатардың әлемдік деңгейдегі ықпалды мемлекетке айналуымен тікелей байланысты. Дәл оның билігі кезінде Қатар шағын араб мемлекетінен сұйытылған табиғи газ экспортындағы әлемдік көшбасшыға айналып, араб әлеміндегі жетекші елдердің біріне көтерілді. Сонымен қатар дәл осы кезеңде Қазақстанмен және жалпы Орталық Азия мемлекеттерімен саяси әрі экономикалық байланыстардың берік негізі қаланды. Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған қатарлық инвестициялар мен жүзеге асып жатқан бірлескен жобалар – сол кезеңде қалыптасқан сенімнің жемісі.

– Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Хамадпен алғаш рет 1999 жылы кездескен болатын. Жеке дипломатия мен саяси сабақтастық ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестікті нығайтуға қалай ықпал етеді?

– Таяу Шығыс елдерінде, әсіресе монархиялық мемлекеттерде жеке дипломатияның маңызы өте жоғары. Мемлекет басшылары арасындағы сенім мен ұзақ жылдар бойы қалыптасқан байланыстар саяси және экономикалық ынтымақтастықтың дамуына тікелей әсер етеді. Қазақстан мен Қатар арасындағы қазіргі стратегиялық серіктестік те осының айқын дәлелі. Бүгінде Қатар Қазақстандағы ірі инвестициялық жобаларға қатысып отыр. Атап айтқанда, Батыс Қазақстандағы газ өңдеу зауыттарының құрылысы, Ақтөбе-Қостанай магистральдық газ құбыры сияқты маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Қатардың Lesha Group холдингі Bereke Bank пен Tele2 активтеріне инвестиция салды. Мұның бәрі ұзақ жылдар бойы қалыптасқан сенім мен саяси сабақтастықтың нақты нәтижесі.

Қазақстан Президенті Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті

– Кездесу барысында тараптар Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі туралы нені көрсетеді және Қатар Әмірінің алдағы Қазақстанға сапары екіжақты ынтымақтастыққа қандай жаңа мүмкіндіктер аша алады?

– Қазақстан Таяу Шығыстағы тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселелеріне бейжай қарамайтынын бірнеше рет көрсетті. Аймақтағы шиеленіс кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әміріне телефон арқылы қолдау білдіріп, екі ел арасындағы сенімнің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл Қазақстанның халықаралық қатынастарда сенімді әрі жауапты әріптес ретінде танылып келе жатқанын көрсетеді. Қатар Әмірінің алдағы Қазақстанға сапары екіжақты экономикалық ынтымақтастыққа серпін беруі мүмкін. Ең алдымен, инвестициялық жобалардың санын арттыру, энергетика, инфрақұрылым және қаржы салаларындағы әріптестікті кеңейту мәселелері күн тәртібінде болады. Сонымен қатар Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе салқындатылған ет пен басқа да азық-түлік өнімдерін Қатар нарығына экспорттау мүмкіндігін ұлғайту маңызды. Бұдан бөлек, әуе қатынасын дамыту, сауда айналымын арттыру және жаңа бірлескен кәсіпорындар құру екі елдің стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайта түседі.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью