Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Алматы қаласындағы №2 балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері туабітті жұлын ақауы бар пациенттерге күрделі операция жасап, жаңа хирургиялық әдісті емдеу тәжірибесіне сәтті енгізді.
Мегаполистегі балалар ауруханасының нейрохирургтері қытайлық білікті маманның қатысуымен алғаш рет жамбас мүшелері қызметінің бұзылуы бар 15, 17 жастағы екі жасөспірімге жоғары технологиялық операция жасады. Бұл пациенттер өмірге жұлынның туабітті ақауы – «spina bifida» диагнозымен келген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, аталған патология жаңа туған әрбір мың нәрестенің бір-екеуінде ғана кездеседі екен.
Аурухана директоры Марат Рабандияровтың айтуынша, мұндай ауыр диагноз науқастың өмір сүру сапасына кері әсерін тигізеді. Атап айтқанда, аяқ бұлшық еттері әлсізденіп, жүктеме түскенде ауырсыну пайда болады, ең қиыны – кіші, үлкен дәретті ұстау функциялары бұзылады.
Мұндай жағдайда балалар қатарластары секілді еркін қозғалып, спортпен шұғылдана алмайды. Бұл физикалық шектеумен қоса, жасөспірімдерді әлеуметтік, психологиялық тұрғыдан оқшаулап, күйзеліске ұшырататыны белгілі. Консервативті ем-дом күткен нәтижені бермейтіндіктен, заманауи медицина сакральды нейростимуляция орнатуға, яғни мәселені хирургиялық жолмен шешуге басымдық береді.
Күрделі операция барысында аурухананың білікті нейрохирургтері Данияр Сәбденалиев, Азамат Жайылғанов, Роза Танцарова, анестезиолог Жандос Шолақов қытайлық профессор Гуань Юйнхуэймен тізе қоса отырып, науқастардың сегізкөзіне стимуляторды сәтті орнатты. Қарапайым тілмен түсіндірсек, бұл құрылғы сегізкөз каналдарына электрлік импульс беру арқылы ауырсынуды басып, органдардың жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді.
Науқастарды іріктеу, стимуляторды баптау жұмыстарын жүргізген невропатолог-нейрофизиолог Гүлнұр Қасенова операциядан кейін пациенттердің денсаулығында оң динамика байқалып, зәр шығару қызметінің жақсарғанын атап өтті.
Әлемнің жетекші клиникаларында кеңінен қолданылатын озық әдістің Алматыдағы ірі балалар ауруханасында қолға алынуы – отандық денсаулық сақтау саласындағы елеулі оқиға. Бұл бастама хирургиялық көмекке мұқтаж талай балдырғанның толыққанды өмірге оралуына жол ашады.
Айта кетейік, жоғары технологиялық операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жасалды. Жалпы, еліміздегі барлық бала мемлекет тарапынан сақтандырылған санатқа жатады.
АЛМАТЫ