Семей ет комбинатының жұмысы қайта жанданды

02.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Семей ет комбинаты – өңірдегі та­мақ өнеркәсібінің тамыры терең кәсіп­орын­дарының бірі. Тарихи деректерге сүйенсек, 1931 жылы ашылған комбинат 1937–1938 жылдары шұжық және консерві зауыттары ретінде қуатын арттырды. КСРО көлемінде үшінші орында тұрған кәсіпорынның Семей бұқтырылған етінің даңқы кеңге жайылғаны мәлім. Комбинат өнімдері одақтың түкпір-түкпіріне әрі шетелге экспортталды. Семейдің бұқтырылған еті Польша, Мажарстан, Румыния, Чехо­словакия, Куба елдерінде танымал болды. Сол кездің өзінде кәсіпорында 10 мың­нан аса адам жұмыс істеп, қала мен маңай­да­ғы халықтың әлеуметтік жағдайының жақ­саруына септігін тигізген. Кейін өнді­ріс орны қуаты жағынан Мәскеу мен Ленинград комбинаттарын артқа тас­тап, Одақ көлемінде алдыңғы қатарға шықты.

Алайда нарықтық қатынасқа өту ке­зеңін­де комбинат жекешелендіріліп, әр жыл­дары «Сары Арқа», «Сұңқар», «Руц» атау­ларымен жұмыс істеді. Тоқсаныншы жыл­дардағы тоқыраудан кейін өндіріс 2001 жылдың қарашасында банкротқа ұшы­рады. 2004 жылы «Никаинвестмент» инвесторының қаржысына жаңа құрал-жабдықпен жарақтанған консерві және шұжық цехтары қайта іске қосылды. Сол кезде кәсіпорын күніне 35 мың дана кон­серві қалбырын, шұжықтың 20-дан аса түрін, тартылған ет пен тұшпара шығарды. Мұнда 400-ге жуық адам еңбек етті. Әйткенмен жаңа заман нарықтық қатынастардың қарқынына қауқар көрсету қиын болды да, аты өше бастаған.

«Дайын өнім кеңес одағының барлық дерлік қаласына жөнелтіліп отырды. Кәсіпорын негізінен қой мен сиыр етін өңдеді. Комбинаттың маңызы сол, мұнда соғыс немесе табиғат апаты жайына қа­жет мемлекеттік қор сақталды. Дерек­тер­ге сүйенсек, ол қоймада 7 мың тонна мұз­датылған ет, 2 мың банка консерві, 5 мың­­нан аса шұжық болды. Атап өтерлігі, ет өнімдерінен бөлек мұнда малдан алынатын альбумин, гематоген, инсулин, пеп­­син, панкреатин, пептон сияқты медициналық препараттар, ірі қара шегінен жасалатын хирургиялық жіп те шығарылатын еді. Сойылатын мал сол кездегі Семей, Павлодар, Талдықорған, Шығыс Қазақстан облыстарынан, Ресейден және Моңғолиядан жеткізілді», дейді зерттеуші Бейсенғазы Ұлықбек.

Оның дерегінше, соғыс басталысымен-ақ комбинатқа зор салмақ түсті. Ер адамдар майданға аттанғанда әйелдер мен жасөспірімдер тылда қалды. Ал цехтар тоқтаған жоқ. Керісінше, өнім көлемін арттыра түсті. Азық-түліктің бәрі толығымен әскер қажетіне жіберіліп жатты. Сиыр мен қой еті, консервілер, шұжықтың сан түрі күнделікті тонналап, «Жеңіс үшін» ұранымен Батысқа жөнелтілді, сондай-ақ осында шығарылатын медициналық пре­параттарға деген сұраныс та күрт көбейді. Ет жетіспеушілігі сезілген соң, мыңдаған бас мал Моңғолиядан айдалып әкелінді.

«Мына сандарға назар аударайық: соғыс жылдарында Семей комбинаты майдан­ға 100 миллион қалбыр бұқтырылған ет жі­бер­ген. Өнімнен бөлек ет комбинатының май­данға деп 100 миллион сом қаржы ауда­рғаны тағы бар. Сонымен қатар жұмыс­шылар аш-жалаңаш жүріп, әскери ұшақпен танк жасауға да қаражат жинап берген», дейді ол.

Осы аз-кем деректің өзінен Семей ет комбинаттың тарихта қандай орны бөлек кәсіпорын болғаны түсінікті болса керек. Кезінде аты аңызға айналған кәсіпорынды былтыр облыс әкімі Берік Уәли қайта жандандыру үшін инвесторлармен келісіп, облыс орталығы маңындағы Шақаман ауы­лынан тағанын тартқан. Ет комбинатын салып жатқан «Eurasia Agro Semey» ЖШС.

«Кәсіпорынның негізгі бағыты – етті қайта өңдеу, консервілеу және азық-түлік өнімдерін өндіру. Өндірістік қуаттылығы бір ауысымда 100 бас ірі қара мал, мың бас ұсақ мал союға, 3 тонна шұжық және 5 тонна консерві өнімдерін шығаруға мүмкіндігі бар. Жалпы өндірістік қуаттылығы 11 400 тонна дайын өнім шығармақ. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 7,7 млрд теңге. Құрылыс жұмысы өткен жылы басталған. Нысанды қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр», дейді жеке шаруашылық серіктестігінің мамандары.

Қазір құрылыс алаңында 50 жұмыс­шы мен 10-нан астам техника жұмылды­рылғаны байқалады. Әкімшілік-тұрмыс­тық корпус, негізгі өндірістік цех пен қазан­дық бөлігінде құрылыс-монтаж жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Жуырда өндіріс ошағына барған өңір басшысы өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындарды көбейту маңызды екенін айтқан еді.

«Ет комбинатының орны өте жақсы таңдалған. Облыс орталығынан 20-ақ шақы­рым жерде. Су, жол, электр қуаты бар. Облыс қана емес, республика дең­гейінде мұндай ауқымды ет комби­на­ты жоқ. Бұрынғы Семей ет комбинаты­ның брен­дін енді осы инвестор қайта жаңғыр­та­мын деп отыр. Біз оған зор сенім білді­реміз. Оның үстіне бұл қалдық­сыз өндіріс болады. Сондай-ақ сүйек майы алынып, терісі де өңделетін болады. Мер­дігерге құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, мер­зімінде аяқтауды тапсырамын», деді ол.

Жоба толық іске қосылғаннан кейін 250 жаңа жұмыс орны ашылады деп жос­парланып отыр. Семейдің өндірістік тарихында өзіндік орны бар ет комбинатының қайта жаңғыруы өңір экономикасына ғана емес, қала жадындағы ескі кәсіпорындар сабақтастығына да серпін бермек.

Сарапшылардың айтуынша, елімізде заманауи ет комбинаты пайда болмай, мал шаруашылығын дамыту туралы кез келген бағдарлама нәтиже бермейді. Бастама өңірдегі мал шаруашылығының қарқынды дамуына да ықпал етпек. Жергілікті фермер­­лер мен мал өсірушілерге тұрақты на­рық қалыптасып, тіпті жақын аймақтар қазір­дің өзінде қызығушылық танытып отыр.

Абай облысы

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью